Жарияланды: 590

Оралдағы "Оралагрореммаш" АҚ 12 түрлі өрт сөндіру техникасын шығаруды жолға қоймақшы

Оралдағы "Оралагрореммаш" АҚ 12 түрлі өрт сөндіру техникасын шығаруды жолға қоймақшы. Бұл туралы Қазақстандағы өрт сөндіру техникасын өндіру ахуалына талдау жасау мәселесіне арналып Оралда өткен республикалық семинар-кеңесте айтылды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, осы мақсатпен кәсіпорын Украина және Ресейдің машина жасау зауыттарымен, сондай-ақ, Австрияның "Розенбауэр" фирмасымен өзара ынтымақтастық орнатты. Кәсіпорын Австриялық фирмамен бірлесіп 20 минут бойы үздіксіз өрт ошағын ауыздықтауға арналған, 12 ат күшіне тең қозғалтқышы бар мотопомп жасап шығарды. "Оралагрореммаш" АҚ-ның президенті Ғимран Бейсеновтың айтуына қарағанда, қазіргі жағдаймен Оралдағы бұл зауыт- еліміз бойынша өрт сөндіру техникасын шығаратын бірден-бір өндіріс ошағы болып отыр. Өрт сөндіру техникасын шығаруды кәсіпорын 1999-жылы қолға алған. Бүгінге дейін кәсіпорында "КамАЗ" және "ЗИЛ" автокөліктерінің өндірістік үлгісі негізінде өрт сөндіру мақсатында жабдықталған 50 машина жасап шығарылды. Республикалық төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, елімізде өрт сөндіруге арналған 1300 машина бар. Көліктердің ескіру көрсеткіші 70 проценттті құрайды. 8 жылдан артық пайдаланылған машинардлардың басым бөлігі қолданыстан шығарылуы тиіс. Отандық өндірісті жолға қойғанға дейін мұндай техника Ресейден сатып алынғандықтан, едәуір қымбатқа түсетін. "Оралагрореммаш" АҚ өндіретін техника 10-30 мың доллар аралығында бағаланады. Еліміздің өртке қарсы күрес қызметі басшыларының айтуынша, техниканың сапасы мен бағасы өзара үйлесімді, бәсекеге төтеп бере алады әрі халықаралық стандартқа сәйкес. Алайда, цистернаның сапасы мен көлеміне қатысты біраз ескертпелер айтылды. Оларды өндіру жұмысы өртке қарсы күрес қызметінің ұсыныстарына сәйкес жетілдіріледі деп күтілуде. Семинар-кеңес жұмысына еліміздің барлық өртке қарсы күрес қызметтерінің басшылары қатысты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін