Тұрғындар бірауыздан бәріне кінәлі пәтер иелері кооперативінің төрайымы деп отыр. Үйдің жөнделмегеніне 30 жыл өткен, сондықтан пәтерлер қыста суық болады. Ал шатырын шала-пұла жөндей салған. Бір қызығы, кооператив өз қызметтерін тым жоғары бағалайтын көрінеді. Қураған тал-теректі кесу – 230 мың, қоқыс шығару – 40 мың теңге. Жертөлені жөндеу үшін талап етілетін қаражат та аз емес.
Тамара Трусова, Өскемен қаласының тұрғыны:
— Әр пәтер 47 000 теңге төлеуі тиіс. Егер бұл қаражатты берсек, біздің құбырларымыз қара темірден емес, жақұттан, алтыннан құйылуы керек
Тұрғындар арыз-шағымды арқалап, төрайымға барғанымен, әңгімелері жараспады. Халықтың мысы басты ма, әйтеуір, кооператив басшысы қажетті құжаттарын таба алмай, әбден әуреге түсті.Тұрғындардың қарызы айтарлықтай көп болмаса да, бұл үй қара тізімге ілініп кеткен. Жиналыс дау-дамайға ұласып, екі жақ бірін-бірі сотқа беретін болып тарқасты.
— Мені даукес қатын дегеніңіз есіңізде ма? Ана жолғы жиында өзіңізді қалай ұстағаныңызды білесіз бе?
Осылайша, екі жақ бір-бірімен бет жыртысып жатқанда, Өскеменде күн күрт суыды. Тұрғындар болса, қысты қақаған пәтерде қарсы алмақ. Ал жылусыз қалғалы тұрған көп қабатты үйдің мәселесін енді кім шешері белгісіз.