Дүкендерде таптырмайтын небір киімдер бар мұнда. Жарты жылда бір келетін сән апталығына атақты дизайнерлер де бір-бірінен қалыспай үлде мен бүлдеге орана келген. Мәселен, жылда жұртты таңқалдыруға құмар атақты фэшн-продюсер Сәкен Жақсыбаев бұл жолы жатар кезде киетін жейдесін киіп, көпшіліктің назарын еріксіз аудартты.
Көздің жауын алар көйлектер, жалтыраған әшекейлер, жиналған жұртты тек бір сұрақ қана мазалаған. Биыл қыста не сәнді?
Александр Волков, дизайнер:
-Неғұрлым креативті болса, сол сәнді. Адамдар балапандар сияқты бір-біріне ұқсамауы керек.
Дизайнерлердің бірі – шұрық тесік пальто киюді ұсынса, енді бірі кілең тоқылған киімдер жөн дейді. Мәселен, Мәдина биыл қыз-келіншектерге тоқыма көйлек кигізбекші.
Мәдина Нарбаева, дизайнер :
-Негізі тойға деген ыстық болатын сияқты, бұны бір коктейльге, вечерикаға салқын күні киген дұрыс болады деп ойлаймын.
Небәрі 20 жастағы дизайнердің бұл сән апталығына бірінші қатысуы екен. Сән десе, ішкен асын жерге қойған ол, тренд ретінде тек жасыл мен ақ түстерді таңдаған.
-Қақаған қыста да қыздарымыз сұлу болсын деп дизайнерлеріміз мінекей мынадай ұзын, қара түсті көйлек киюді ұсынады. 100 пайыз мақтадан тігілген. Той-томалаққа, кездесуге жаураймын деп еш қорықпастан киіп баруға болады. Жарасып тұр, солай емес пе?
Ал қара көйлекті спорттық аяқ киіммен үлестірген абзал. Дизайнерлер қиял-ғажайып жанрдағы кино кейіпкерлеріне де еліктеп киім шығарған. Голливудтық стильдегі маскалармен қатар, гүлді бас киімдер де биыл көш бастап тұр. Мұндай айрықша аксессуарларды отандық дизайнер Аида Қауменова ұсынған. Айта кетсек, биылғы апталыққа Ресей, Украина, Грузия, тіпті алыстағы Ұлыбританиядан сән саласының майталмандары қатысуда.