Жарияланды: 30

Отбасылық өмірдегі романтика қандай болуы керек?

Отбасылық өмірдегі романтика қандай болуы керек? Сурет - Sn.kz

Романтика тек қыз бен жігіттің арасында болады деп кім айтты?

Романтика тек жүрегі отқа оранып жалындап тұрған жастарға тән дүние емес. Енді мен сізге, ардақты да аяулы оқырман, романтика дегеннің не нәрсе екенін айтайын... 

Алдымен романтикаға анықтама берейік. Ол – жарқыраған шам, иісі бұрқыраған гүл, қаракөлеңке, үстел басында бір-біріне елжірей қараған екі адам... Жоқ! Бұл – біздің миымызға құйылған түсінік. "Романтика дегенді осылай қабылдаңдар" деді олар. "Романтика деген – жігітіңнің тізерлеп отырып "маған тұрмысқа шықшы, жаным" деуі" деді олар...  

Олар қалай қателескен десеңізші? Иә, гүл деген жақсы. Бір құшақ гүл бәрінен жақсы. Бірақ ол романтиканың көрсеткіші бола алмайды. Гүл солып қалатын өткінші сезімге ұқсайды.  

Жарқыраған шам да жақсы. Егер "мына шам көйлегіме тиіп кетіп, өртеп жібермей ме?" деген бір сәттік қорқынышыңыз болмаса. 

Қаракөлеңке немесе кеш. Бұл тармақтағы жалғыз келісуге тұратын нәрсем – осы жұмбақ түн.  

Айлы түнде, кешкі самалмен қолұстасып қыдырып, сыбырласып сырласуды романтика дейтіндерге де келісем. Романтика деген менің түсінігімде әйел мен еркектің бір-біріне көрсететін әрекетінен басталады. Мысалы, жұмыстан шаршап келген күйеуінің көңілін табу үшін әйелінің тойымды тамақ дайындауы, – міне, нағыз романтика! Не үй шаруасына, не балаға қарауға үлгермей екі ортада жанұшырған әйелінің қас-қабағына қараған еркектің әрекеті романтика емей, немене? 

Романтика деген – ерлі-зайыптыға ортақ баланың әке-шешесінен бірдей мейірім көруі, жылулық сезінуі. Романтика деген – бір-бірін сүйетін жақын жандардың ыстық ықыласы. Ол ешқандай сыйлықпен өлшенбеуі тиіс. Нағыз романтикалық әрекет – әйелдің күйеуіне, күйеудің әйеліне сүйеу, тіреу, қорған, пана болуы. Ал тығырыққа тірелгенде бір-бірін қорғай алмайтындар қаншама? Бір-бірін кінәлайтындар қаншама? Романтика деген – жан үндестігі. Көзің Оның көзімен тілдессе... Жаның Оның жанымен сөйлессе... Ол қолыңнан ұстағанда жүрегің жылылыққа толса... Оның шашының күн сіңген күлімсі иісінің өзі жаныңа майдай жақса... Оның отырғаны, тұрғаны, жүргені, күлгені сен үшін сүйкімді көрінсе... Романтика!  

Егер жаның сол бір жанның қасында отырғанда жайланып, тыныштық таппаса, "дүниелік сыйлық алып өзімді бақытты етем деу" – бекер. Сыйлық көңілді бір сәтке көтерер, бірақ, жеме-жемге келгенде ойыңа оның саған қандай сыйлық бергені емес, қандай қарым-қатынаспен қарағаны, қай жағдайда қандай әрекетке барғаны, қандай сөз айтқаны келеді.  

Жазбаның түйіні: "Күйеуім (жігітім) маған романтика жасамайды" деп ренжімеңдер, қыздар. Оның көзқарасы, саған деген ізгі ілтипаты, кіршіксіз көңілі – осының бәрі тұнып тұрған романтика! Солай емес пе?

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін