Жарияланды: 680

Павлодар облысының 65 жылдығына орай тарихи құжаттардың жинағы жарық көрді

Павлодар облысының 65 жылдығына орай облыс тарихының 1938-жылғы қаңтардан 2003-жылғы шілде айына дейінгі кезеңін қамтитын "Павлодар облысы, тарих парақтары" деген тақырыпта құжаттар жинағы жарық көрді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Павлодар облысы мұрағаттар департаментінен хабарлады.

Бұл - еліміз бойынша облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкерлері тарапынан жинақ құрастыруға қатысты тұңғыш тәжірибе. Жинақ авторлары - Павлодар облыстық мұрағаттар департаментінің төрайымы Вера Болтина мен Павлодар облыстық Мемлекеттік мұрағаттың директоры Людмила Шевелева болып табылады. Олар Павлодар облысындағы 1930-1950-жылдардағы нәубет құрбандарына қатысты жинақты құрастырып, деректі жинақ шығарудан бұған дейін де тәжірибе жинақтаған. "Павлодар облысы, тарих парақтары" атты жинаққа 300-ден астам құжаттар мен суреттер қамтылды. Онда Ұлы отан соғысы, тың игеру, химия, трактор және алюминий зауыттары сынды ірі кәсіпорындар мен "Ертіс-Қарағанды" каналының салынуына байланысты облыс дамуының барлық кезеңдеріне қатысы бар айрықша маңызды әрі сирек кездесетін құжаттар жарияланған. Жинақта сондай-ақ, 1939 және 1959-жылдардағы адам санағына , соның ішінде халықтың ұлттық құрамы, аудандық орналасуы, және ерлер мен әйелдер санына қатысты мәліметтер келтірілген. Жинақты құрастыру барысында оның авторлары Қазақстанның президенттік мұрағаты мен Мәскеу архивтерінде жұмыс істеді. Жинақты құрастыруға 6 ай уақыт сарп етілді. Жинақ 500 данамен шығарылған. Жинақ авторларының пайымдауынша, ол тарих зерттеуші мұғалімдер, журналистер, экономистер, ғалымдар мен студенттер үшін маңызды құрал болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін