Төтенше жағдай Сілеті су қоймасына ағатын су көлемінің артуынан болған.
«25-інен 26-сына қараған түні үш рет ірі көлемдегі су жіберілген. Су қоймасының жалпы көлемі 5 млн текше метрді құрап, нәтижесінде су арнасынан шығып кеткен. Ауқымды су көлемі мұзбен араласа отырып, Шолақсор ауылына қарай лап қойған», — дейді аудан әкімшілігіндегілер. Бірнеше гектар жер мен жергілікті электр станциясы су астында қалған. Сонымен бірге, елді мекенді аудан орталығымен байланыстыратын көлік жолын су шайған.
«Су өте жылдам келді де айналамызды басып кетті. Осылайша, біз сыртқы әлемнен қол үзіп қалдық», — дейді оқиғаны көзбен көргендер.
Әкімдік ақпаратына сүйенсек, оқиға орынына Павлодардан төтенше жағдай қызметкерлері жөнелтілген. Су тасқынымен күресу үшін арнайы комиссия құрылды. Оны облыс әкімінің бірінші орынбасары Александр Вербняк басқаратын болады. Басқа да мамандармен бірге ол тасқын көлемін бағалау үшін аумақты тікұшақпен шарлап шықты.
«Төтенше жағдай өкілдері мен еріктілер қоршау бөгеттерін тұрғызуда. Жолды қалпына келтіру үшін қиыршық тас пен құм әкелінуде», — деп хабарлады Ақтоғай ауданының әкімдігі.
Әкімдік ақпаратына сүйенсек, Сілеті су қоймасындағы су көлемінің артуы салдарынан су тасқыны болу қаупі Ақмола облысының аумағында көршілес жатқан Чапаев ауылында да туындады
Су басқан аумақтың Павлодардан шалғайда жатқанын және телефон байланысының болмауын ескере отырып, төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департамент оқиғаға әлі де нақты баға бере алмай отыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті