Шетелдік азаматтар жұмыс істейтін кеңсе Интернетке тікелей қосылған компьютермен, халықаралық телефон байланысымен, факс аппараттарымен және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. «Мұнда Павлодарға келген шетелдік бақылаушылардың жедел ақпарат жинау және де өздерінің есептерін жіберу үшін қолайлы жағдайдың барлығы жасалған»,- деп атап өтті бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу барысында Орталық сайлау комиссиясының Павлодар облысы бойынша бас сарапшысы Сансызбай Әкімбеков.
Оның айтуынша, аймақта сайлауға бақылау жасау үшін ТМД миссиясының 14 өкіл тіркелген. Алдағы сағаттарда қалаға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымнан бақылаушылардың үлкен тобы келеді деп күтілуде.
Сансызбай Әкімбековтың атап өтуінше, осы сайлауға қатысатын халықаралық және отандық бақылаушылардың саны рекордтық көрсеткішке жетті. Барлығы 2,5 мың адамнан асып жығылады.
«Бізде парламент мәжілісіне сайлау мен облыстық, қалалық және жергілікті мәслихат сайлауы қатар өтетіндігі белгілі… сондықтан да әрбір саяси партия әрбір сайлау учаскесінде сайлау процессіне өздері бақылау қоймақ ниетте»,- деп түсіндірді Сансызбай Әкімбеков. Орталық сайлау комиссиясы өкілінің айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар арасында Павлодар облысындағы бақылаушылардың ең көбі Сайлауға бақылау жасау комитеті мен Азаматтық бастама қорынан тіркелген.
Облыстық аймақтық сайлау комиссиясының ақпараттарына сүйенсек, Павлодар облысында дауыс беру 574 сайлау учаскесінде өтеді. Әр деңгейдегі мәслихаттардың депутаты деген мандатқа 486 үміткер ниет танытып отыр. Облыстық сайлау комиссиясының облыс әкімшілігінің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, аймақта 18 тамыздағы сайлауға қатысуға 456 мың 432 адам құқылы.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті