Жарияланды: 460

Петропавлда 2003-жылы атаулы әлеуметтік көмекке 46 млн. теңге бөлінді

Петропавлда 2003-жылы атаулы әлеуметтік көмекке 46,6 млн. теңге бөлініп, оның айлық орташа мөлшері 200 теңгеге (630-дан 827 теңгеге дейін) артты. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Лариса Орловская хабарлады.

Оның айтуынша, қалалық еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жұмысының басты нәтижесі ретінде жұмыссыздарды жұмыспен қамту нәтижесінде қаладағы кедейлер санын азайтуды атауға болады. Соңғы бір жылда Петропавлда жұмыссыздар саны 500 адамға азайды. Биылғы жылдың қаңтар айындағы мәліметке сүйенсек, қалада тақыр кедей отбасы ретінде 3507 отбасы тіркеліп, өткен жылғы көрсеткіштен 112 отбасына кеміді. 2003-жылы әлеуметтік атаулы көмекке ие болғандар арасында балалардың иемденетін үлес салмағы 50,6 процентті, жұмыссыздар 20 процентті, 7 жасқа дейінгі баланың бағым-күтімімен айналысатын аналар 16 процентті, мүгедектер 3 процентті, студенттер 2,2 процентті, зейнеткерлер мен басқа да категориялы азаматтар 2,5 процентті құрады. Өз үйінде отырып білім алатын 160 мүгедек балаға 2,1 млн. теңгенің жәрдемақысы берілді. 2003-жылы қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығына соғыс ардагерлері мен соғыс мүгедектерімен қатар жетімдер, қаланың құрметті азаматтары, құрт ауруына шалдыққандар мен бақшашы-зейнеткерлер ие болды. 13 отбасына, соның ішінде 6 оралман отбасына облыстық бюджеттен несие бөлінді, олардың 12-сі алған қаржыны қайтара бастады. Қалада 465 жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге өз үйінде әлеуметтік көмек көрсететін 5 бөлімше жұмыс істейді. 2003-жылдың қыркүйек айынан бастап қалалық әлеуметтік қорғау басқармасында мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету бөлімдері жұмыс істей бастады. Олар 82 мүгедек балаға қолұшын береді. Қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығының көмегімен 2003-жылы белгілі бір мекен-тұрағы жоқ 320 адамға көмек көрсетіліп, емдеуден өтсе, 135 адамның жеке куәлігі қалпына келтіріліп, 10 адам интернаттарға жіберілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін