Жарияланды: 1200

Петропавлда өндірілген ірімшіктер Ресейде өткен халықаралық байқауда екі алтын жүлдеге ие болды

Петропавлдағы "Молочный союз" АҚ өндірген "Миллениум" және "Приишимье" атты қатты ірімшік түрлері Ресейдің Углич қаласында өткен халықаралық байқауда сапалылығы үшін екі бірдей алтын медальге ие болды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Молочный союз" АҚ-ның өндіріс директоры Галина Барильченко хабарлады.

Оның айтуынша, ірімшіктің бұл түрлері кәсіпорынның өз мамандары ойлап тапқан технология бойынша жасалатындығы кәсіпорын қызметкерлерінің ерекше мақтанышына айналып отыр. Ресей, Беларусь, Украина, Молдова, Литва және Қазақстандық ірімшік жасаушы мамандар бас қосқан байқауда бұл технология баршаның қызығушылығын тудырды. Ресейдің ірімшік және май өндіру саласында жұмыс істейтін бас ғылыми зерттеу институты осы Углич қаласында орналасқанын айта кету керек. "Молочный союз" АҚ өндірген ірімшік түрлері 2000 және 2002-жылдары Барнаулда өткен байқауларда да жоғары бағаға ие болған. Атап айтсақ, "Тұлпар" ірімшігі күміс медальді жеңіп алса, "Миллениум " ірімшігі 2002-жылы қола жүлдеге лайық деп танылған болатын. Сол жылы "Қазақстанның таңдаулы тауарлары" атты республикалық көрмеде Петропавл ірімшіктері "Құрмет кітабына" жазылды. Сондай-ақ, "Молочный союз" АҚ өндірген "Шаруа" майы, "Бифидок" айраны, "Снежок" атты суысыны мен майлы айран әртүрлі байқаулар мен көрмелердің медальдарымен марапатталды. Ал Ресей сертификатына ие болған өндірістің қатты ірімшік түрлерінің алғашқы партиясы Омбы облысына жөнелтіліп те үлгерді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін