«Баспасөз хабарламаларына қарай отырып мен кейбір облыстарда мектептердің жаңа оқу жылына дайн емес екен деген әсер алдым. Осыған байланысты министрге де, әкімдерге де ескертемін: егер қандайбір облыстан жаңа оқу жылының үзілгені жөнінде ақпар келіп түссе, онда министрге де, әкімге де бұл жақсы болмайды», — деп мәлімдеді Кәрім Мәсімов бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында.
Ал еліміздің білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев «барлық мектептер оқу жылына дайын» , деп сендірді. «Елімізде 7802 мектеп бар, олардың 6 мыңнан астамына жөндеу жүргізілді, барлық мектептер оқу жылына дайын», — деп мәлімдеді министр.
Үкімет басшысы отырыс барысында мектептердегі тауқыметтер жөніндегі ақпарларды қабылдау үшін арнаулы «телефон желісін» ашуды тапсырды.
«Жеделхаттарды жіберетін мекенжай мен телефон ертеңнен қалмай бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болсын. Егер республикамыздың қандайбір облыс, қала немесе ауданында жаңа оқу жылының басталуына қатысты әлдеқандай бір қиындық болып жатса, осы телефонға хабарласуларыңызды сұраймын. Сәйкес шара жедел қолданылатын болады», — деп уәде берді К. Мәсімов.