«Салық органдарының шетел азаматтарын жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге алуын заң талаптарын тікелей аяққа таптау деп бағалауға болады», — деді Т. Найманов.
Ол Қазақстан Республикасының «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» және «Халықтың көші-қоны туралы» заңдарына сәйкес, Қазақстан аумағында уақытша тұратын шетел азаматтары заңды тұлға құрмайынша, кәсіпкерлікпен шұғылдануға тыйым салынған.
«Заңның бұл талабы 2007 жылы қолданысқа енгізілген. 2001 — 2006 жылдар аралығында Астананың аудандық салық комитеттерінде жеке кәсіпкер ретінде 58 шетел азаматы тіркеліпті. Жоғарыда көрсетілген тыйым салатын норма күшіне енгеннен кейін Бас прокуратура 2007 жылдың 18 тамызында Қаржы министрлігінің Салық комитетіне ол заң шыққанға дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген шетелдіктерге де осы талаптың қатыстылығы жайында жазбаша түсініктеме жолдаған», — деп сөзін жалғастырды ол.
Оның мәліметтеріне сүйенсек, осыған байланысты Салық комитеті мен барлық төменгі салық органдарына 2007 жылдың 20 желтоқсанына дейін аталмыш топтағы шетел азаматтарын тіркеуден шығару бойынша шара қолдану тапсырылған.
«Алайда, көрсетілгенге қарамастан аталмыш талап Астана қаласында әлі күнге дейін орындалмаған. Онымен қоймай, аталмыш өзгерістерді заңнамаға енгізгеннен кейін де Елорданың Алматы ауданының Салық комитеті 2007 жылы жеке кәсіпкер ретінде тағы 28 шетел азаматын тіркеуге алған», — деп толықтырды Т. Найманов.
Өз кезегінде Астананың Алматы ауданының Салық комитетінің төрағасы Ғабдулхамит Төлешов қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлікке шетелдіктерді тіркеуге алу тоқтатылғанын хабарлады. «Біздің заң қызметіміз заңға енгізілген өзгертулерге сай дер кезінде әрекет ете алмады. Алайда, Бас прокуратура Салық комитетінің орталық аппаратына түсінік хатын жібергеннен кейін біз сол күннен бастап шаралар қолдана бастадық», — деді ол.
«Біз олардың барлығына да ескертулер жібердік. Қазір заң өзгертілгеннен кейін тіркеуге тұрған 28 шетелдік жеке кәсіпкерлердің 10-ы тіркеуден алу туралы арыздарын берді. Тағы екеуі уақытша тұру ықтиярхатының бар екенін көрсеткен. Яғни, олар бұрынғыдай жеке кәсіпкер болып жұмыс істей берулеріне құқылы», — деді Ғ. Төлешов.
«Қалған шетелдік жеке кәсіпкерлерге ескертулер жіберілген. Бірақ, бүгінге дейін жеке кәсіпкерлікті тіркеуден шығару туралы арыз олардан келіп түскен жоқ. Қызметкерлер олардың мекенжайларына тексеру үшін барса да, оларды таба алмай отыр. Өйткені, біздің мәліметтер қорында сақталған мекенжайлар олардың іс жүзінде тұратын орындарымен сәйкес келмей отыр. Олар пәтерлерін үнемі ауыстырып жүреді», — деді аудандық салық комитетінің төрағасы.
«Экономикалық қылмыстармен күрес департаментімен арадағы келісімге сәйкес біз осы органға осындай салық төлеушілерді әкелу жөнінде хат жолдадық», — деп толықтырды ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті