Осылайша, 2 шілдедегі апаттан соң «Протонның» ұшуына салынған тыйым бар-жоғы үш айдан арыға асқан жоқ. «Роскосмос» «Протонға» еуропалық «Astra» байланыс спутнигін тиеп ақыры ұшырды. Коммерциялық жоба болғандықтан көршілеріміз үшін бұл миллиондаған табыс. Бірақ Астананың Ресейдің ығына жығылып ұшырылымға қайта рұқсат еткені қоғам белсенділерінің ашуын туғызды.
Сондықтан табиғат жанашырлары Үкімет үйінің алдында наразылық білдіруге бел буған. Есілдің сол жағалауындағы үйлердің арасында жасырын киініп жатыр. Сондағы ойлары полицияның көзіне түсіп қалмау. Әйтсе де, межелі мекен-жайға бет алғаны сол еді, алдарынан тәртіп сақшылары қаптап кетті.
— Немегене тоқтатып жатырсың…Тоқтаңыз ағасы, өзіміз ақ барамыз.
Химиялық қарудан қорғанатын сары күртеше киіп, бет- аузын противогазбен тұмшалағандар Үкімет үйіне жете алмай жарты жолдан кейін қайтты. Оларды арнайы жасақ сарбаздары желкелеп автобуспен алып кетті.
— Қазақ жерін ластама. Антигептил. Мы против гептила в Казахстане. Зачем это нужно.
Жақтастарынан көз жазып костюм-шалбармен келгені үшін қамаудан құтылған Мұсағали Дуамбеков арпалысып жүріп аманатын Үкіметке емес, әйтеуір Мәжіліске тапсырды. Алайда кабинетінен бір депутат шыққан жоқ.
Мұсағали Дуамбеков, қоғам белсендісі:
— Біздің шаруамыз Үкіметтен Парламентке азаматтардың қолын жинап тапсыру. 240 адамның қолын алып келгенбіз, өткіземіз деп.
Ал алматылық ұлт жаншырлары улы гептилмен қозғалатын «Протонның » ұшырылуына ғана емес, ядролық қалдықтарды көмуге және еліміздегі Ресейдің әскери полигондарын жауып тастауды талап етті. Тіпті Кремльдің әрекетін Сирияда қолданылған химиялық шабуылға теңеді. Биліктен көңілі қалғандықтан арашаны Біріккен Ұлттар Ұйымынан сұрап отыр.
Мұхтар Тайжан, қоғам белсендісі:
— Басқа қолымыздан не келеді? Үкімет бізді қолдамаса қамқор көрсетпесе, әрине біз халықаралық ұйымдарға барамыз.
Оралдықтар да қарсылық акциясынан қалыс қалмады. Қара түсті шарлап ұстап, табиғаттың ластанғанын білдіретін медициналық маскалар киіп көшеге шықты. Бірақ осы наразылыққа қарамастан «Протон» мәселесінің алдағы он жылдықта шешілмейтіні белгілі болып отыр.
Мейірбек Молдабеков, ҚР Ұлттық ғарыш Агенттігі төрағасының орынбасары:
— Он шақты жыл керек. Бірден «Протоның» ұшуына тиым саламыз десек, Ресей өзінің бағдарламасын тоқтатады. Онда Ресейге Байқоңыр керегі жоқ. Байқоңырды да тастайды да кетеді. Сосын Байқоңырмен не істейміз қазір? Соншама байлығымыз бар соны далаға шашамыз ба? Бізге дұрыс келмейді, Ресейге дұрыс келмейді.
Ал дегеніне жетіп ақыры «Протон» ұшырған Ресейдің әрекетіне қарсылық танытқандар полиция бөлімшесінен бір-ақ шықты. Енді әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Алайда, дау мұнымен бітпейді. Өйткені жыл соңына дейін «Роскосмос» тағы 9 «Протон» зымыран тасығышын ұшырмақ. Оған да Үкіметтен ресми рұқсат алып қойған.