Психоаналитик: Қазақстандағы гомосексуализм мәселесіне назар аударуымыз қажет - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Психоаналитик: Қазақстандағы гомосексуализм мәселесіне назар аударуымыз қажет

Психоаналитик: Қазақстандағы гомосексуализм мәселесіне назар аударуымыз қажет

7 жасар Сарыағаштық баланың оқиғасы қоғамда резонанс тудырды.

  • 20 Наурыз 2018
  • 753
Фото - Caravan.kz

Қоғам белсенділері мұндай зорлық-зомбылықтың көп жағдайда соңына дейін тексерілмейтінін, тиісті адамдардың жазасын алмайтындарын айтып ашынды. Тіпті, қаржы жинап, «жәбірленуші» тарапқа тәуелсіз сараптама жасатпақ болды. Екінші тарап мұны баланың фантазиясына балап, ешқандай зорлау фактісі болмады деген пікірді ұстанды. Әзірге бұл іс қаралып жатыр. Кімдікі рас, кімдікі өтірік екені анықталмады. Baq.kz тілшісі «Зорлау фактісінің болғанын психологиялық сараптама қанша пайыз дәлдікпен көрсетеді?», «Құрбандық психологиясына және өзінен әлсіздерге қысым көрсетуге кімдер бейім келеді?», «Мұндай жағдайларды қалай алдын алуға болады?», «Бақытты да өзіне сенімді тұлғаларды тәрбиелеп шығуымыз үшін не істеуіміз керек?» және т.б. сауалдарға психоаналитик Анна Құдияровадан жауап алды.

— Адамның жиі құрбанға айналуы сәби шағында тактильді қарым-қатынастың дұрыс орнатылмауымен тікелей байланысты болуы мүмкін бе? Жыныстық зорлықтың құрбанына айналудың басты себебі әріректе жатыр деп айта аламыз ба? Әлде бұл тек қазіргі сәтте болып жатқан ситуациямен байланысты ма?

— Өмір мен өлімге деген құштарлық бізбен бірге туады. Өзін-өзі саналы немесе бейсаналы түрде құрбандыққа шалған адамдардың өлімге деген құштарлығы күштірек болады. Ал неге күштірек деген сұраққа сіз айтқан гипотеза келіңкірейді. Әрине, осы екі құштарлықтың қайсысы басымырақ болатыны бірінші кезекте ата-анаға байланысты. Кішкентай кезінде, тәй-тәй басқан шағында олардың балаға деген көзқарастары қандай болды? Балаға «Сен жақсысың. Сен бізге керексің. Сен өмірге, өмір саған лайықты» деп үнемі айтып отыратын болса, оның өзіне берер бағасы көтеріледі, өмірге деген құштарлығы артады. Қандай қиын жағдай болса да, ішіндегі өмірге деген құштарлығы сөнбейді. Өзін суицид жасайтындай жағдайға жеткізбейді. Алдын ала ойланып-толғанып аяғын тартады. Сарыағаштық баланың тарихын нақты білмедім. Кішкентай бала осы жағдай болған кезде кімге бірінші жүгіріп келді? Бір рет болды ма, бірнеше рет болды ма? Ол неге үндемей жүрді? Әкесі бар ма? Жақсы, анасы жұмыста жүрді делік. Бірақ, ол күн сайын баласына хабарласып, жағдайын біліп тұрды ма? «Балапаным, құлыным, мен сен үшін жұмыс істеп жүрмін. Бүгін қалай ұйықтадың? Кіммен достастың? Сені ренжіткендер болды ма?» деп айтты ма жақындары? Бәлкім, бала өзін жақындарына керексіз сезінген шығар.

АНЫҚТАМА: Өлімге құштарлық – Зигмунд Фрейд енгізген психоанализдегі ұғым. Тірі ағзада бастапқы қалыпқа (өлі, органикалық емес) келуге деген құштарлықтың басым болуы. Өмірге деген құштарлық бұл ұғымға қарама-қарсы. Кейде агрессиялық құштарлықпен қатар жүреді.

Өмірге құштарлық – кейде «эрос» терминімен аталатын психоанализдегі ұғым. Органикалық бөліктерді біртұтас етуге бағытталған сексуалдық құштарлық пен адамның өзін аман сақтап қалуға деген құштарлығының жиынтығы.

 Шетелде балада құрбандық психологиясы қалыптаспауы және тактильді байланыс алғашқы секундтардан бастап дұрыс орнатылуы үшін шақалақты туа салысымен анасының немесе әкесінің жалаңаш кеудесіне жатқызады. Осы нәрсе, расымен де, баланың алдағы өміріне жақсы әсер ете ме? Мұны тағы қандай мақсатта жасайды?

— Мұндай тәжірибе бізде де кеңінен жасалып жүр. Бұл бірінші кезекте әйел адамға керек. Ал бала тоғыз ай жатырдың ішінде жатты. Сол анасының жатырының, терісінің иісін, жүрек қағысын сезіп, иіскеп, өзінің қорғанышы алысқа кетпегенін сезінеді. Сәби үшін бұл үлкен эмоциялық, психологиялық қолдау. Қазақта «Әкенің жақындығы жездедей» деген сөз бар. Жаңа туған шақалақты ер адамның кеудесіне қойса, әкенің жақындығы жездедей емес, шешедей болып кететін шығар. Бірақ, әттең, әкелерде ата-аналық инстинкт әлсіздеу.

АНЫҚТАМА: Тактильді қарым-қатынас біздің сезім мен көңіл-күйімізді жеткізу үшін қажет. Ғалымдар сәбилерге зерттеу жұмысын жүргізіп, нәтижесінде ата-анасы мен жақындары жиі көтеріп, мәпелеп, көбірек сүйген балалардың басқаларға қарағанда денсаулықтары жақсы болатыны белгілі болды. Осы қарым-қатынастың дұрыс орнатылуы арқасында адам есейгенде иілгіштік (гибкость) қасиетке ие болады. Нәресте бастапқыда қоршаған орта туралы ақпаратты тері қабаттары арқылы алады. Осы тері қабаттары арқылы ненің жақсы немесе жаман екенін ажыратып отырады. Тіпті, адамдардың өзіне деген қандай көзқараста екенін осы терісі арқылы сезеді. Балаңыздың агрессия сынды сезімдерден ада болып өскенін қаласаңыз, оны қолыңызға алып, жиі сүйіп тұрыңыз. Көбірек құшақтаңыз. Тактильді байланыс – бала психологиясы саулығының кепілі.

— Қауіпсіздік мақсатында балалармен зорлық-зомбылық тақырыбында ашық сөйлескеніміз жөн бе? Оларға жақындасудың қай түрі дұрыс-дұрыс еместігін қанша жастан бастап айтуға болады?

— Үйдің ішіндегі психологиялық климаттың қандай екені ескерілуі тиіс. Бүгін баланың қабағы түйіліп отыр ма? Ашуланып отыр ма? Осы нәрселерге мән беру қажет. Мысалы, сарыағаштық баланың басында үш жасында, төрт жасында бірнәрсе болған шығар. Анасы қалаға кеткен соң өзін керексіз сезінген шығар? Әйел баласынан жырақта жүрсе де, күнделікті телефонмен хабарласып тұрғаны жөн. Ал үйдегілер «Анаң сені ұмытқан жоқ. Ол сен үшін жұмыс істеп жүр. Саған өзің қалаған затты әкеліп береді» деп бала мен анасының қарым-қатынасын нығайтып отырулары қажет. Тіпті, жоқ нәрсені айтып та нығайтуға болады. Соғыста жоғалған әкесінің атынан әйелдің баласына хат жазатыны есіңізде ме? Сол секілді әрбір қазақ отбасында баланы жырақта жүрген ата-анасымен байланыстыратын қайырымды хат тасушы Печкин болуы керек. «Әйел тастап кетті, басқа бір ер адаммен жүріп кетті» деген сөздер бірінші кезекте баланың жанын жаралайды. Ата-анасы жүргіш болса да, маскүнем болса да, балалар бәрібір оларды жақсы көреді.

Кейде перзентханада жылаған шақалақтың көтенінен ұрып жібереді. Осы сәттен бастап сәби үшін зорлық-зомбылық басталады. Өмірге өкпесі пайда болып, ашуланады. Балаларға дұрыс тәрбие беру үшін, біріншіден, отбасында зорлық-зомбылық тоқтауы керек шығар. Әкесі әйелін, анасы баласын, енесі келінін ұрысып, ұрса қандай тәрбие туралы айтуға болады? Өздері тікелей зорлық-зомбылықтың үлгісін көрсетіп тұрса, олардың балаларына тәрбие беруге моральдық құқықтары бар ма? Ал бір-біріне қол да, дауыс та көтермейтін отбасыларда әңгіме айтылуы тиіс. Ұл өзінің ұл екенін, қыз өзінің қыз екенін білуі тиіс. Бір отбасында төрт қыз туды делік. Бесінші қызды ата-анасы мұрагерім деп санап, есіміне ұл деген сөзді қосып береді. Осыдан кейін қыздардың сырты әйел болғанымен, іші еркек болып тұрады. Бұл да баланың болашағына кері әсерін тигізеді.

— Зорланған баламен ата-анасы, жақындары қалай сөйлесуі керек? Мұндай ситуацияды алғашқы көмек қалай көрсетіледі?

— Бірінші кезекте ата-анасы психологиялық сауаттылығын көтеруі керек шығар. Бұл тарих (Сарыағаштық баланың тарихы — авт.) осыдан бірнеше жыл бұрын басталған болып тұр. Кез келген ұл мен қызда жыныстық өмірге деген қызығушылық болады. Мұның бәрі ойын ретінде жүзеге асады. Маған бір келіншек келді. Тұрмысқа шықса да, бала таба алмай жүр. «Мұның себебін өзім білемін. Кішкентай кезімде төрт жас үлкен ағам, одан кейін екі жас үлкен ағам мені бес-алты жасымнан бастап, 5-6-сыныпқа дейін зорлап келді. Бір күні анам көріп қалып, үлкен ағама ұрысты. Үлкен ағам қойғанымен, оның орнын одан кішісі басты. Маған кәмпит пен ақша берді. «Кейін күйеуіңмен де осындай жағдай қайталанады. Қазірден бастап үйрене бер» деп айтатын ағаларым» деді. Қазақта үлкенге қарсы шықпа, айтқанын орында деп тәрбиелейді. Қыз да осы тәрбиеге иланып, ағаларына қарсы шықпаған. Сөйтіп қыз жоғары сыныпқа көшкенде сыныптасы жүкті болып қалады. Барлық ата-ана өздерінің қыздарын гинекологқа тексертеді. Гинеколог бұл клиентімнің қыз емес екенін айтады. Шешесі «Олай болуы мүмкін емес» деп барлығын жуып-шаюға кіріседі. Яғни ағасының біреуі қыздығын алып қойған. Ал кішкене қыз мұны түсінбеген.

Құрбандық дегеніміз – мозахизм. Қатаң тәрбие болса, барлығы жақсы болады. Сыртта жүргенде етегіне берік болса болғаны деп ойлайды. Осылайша үйдің ішінде болып жатқан жағдайларға ешкім мән бермейді. Жаңағы қызда ағалары арқылы ер адамдарға деген сенімсіздік, қатыгездік, жеккөрініш сезімі пайда болған. Ағаларына әкесі қосылып, ол қызына қол көтерген. Кішкентай қызды жасы үлкен ер адамның ұруы – ақылға сыймайтын нәрсе ғой. Күйеуге шығу үшін қыздық перде жасатқан шығар. Бірақ, бәрібір өзін-өзі әлі күнге дейін кінәлап жүр. Гинекологтар мұны психологиялық бедеулік деп атайды. Күйеуі екеуінің денсаулығы жақсы, бірақ арада бала жоқ. Менің кабинетіме келіп, әр әңгімені жаза беретін болсаңыз, мұндай жағдай тек сарыағаштық баланың басында еместігіне көзіңіз жетеді. Балалардың тәрбиесімен айналыспас бұрын ата-аналарды, әже-аталарды жинап, тренинг өткізу қажет. Яғни қазіргі жағдай сарыағаштық баланың тағдырын түбегейлі өзгертеді. Сол себепті оған психологиялық көмек көрсетуде ертерек қимылдауымыз қажет.

АНЫҚТАМА: Мозахизм дегеніміз – қорлану, зорлық-зомбылық және азап шегу арқылы ләззат алуға бейімділік. Бұл бейімділік мінез ерекшелігі немесе қимыл-қозғалыстағы ауытқушылық болуы мүмкін. Аталған терминді 1886 жылы психиатр және невролог Рихард фон Крафт-Эбингом енгізген. Осы секілді ауытқушылықтар Леопольд Захер-Мазохтың романдары мен новеллаларында сипатталғандықтан, осылай аталған.

— Жоғарыдағы оқиғаның анық-қанығы әлі зерттеліп жатыр. Десе де, мұндай зорлық-зомбылық фактілерін жасырудың немесе жұртқа жария етудің салдары қандай?

 Қазақстанда «Жабылған қазан жабулы қалуы тиіс», «Баяғы жартас сол жартас болып қалуы керек» деген психология қалыптасқан. Ал біздің балалар өз-өздерін өлтіре берулері керек. Оның ар жағын неге ойламайды?! Осы тұста көтеретін тағы бір мәселе бар. Ол – гомосексуализм мәселесі. Кішкентайынан ұлдармен жыныстық қатынасқа үйреніп қалған баланың ертеңгі тағдыры қандай болады? Есіңізде ме, былтыр туған ұлын зорлап келген әке 16 жылға сотталды. Сол бала психологиялық көмек алмаса, гей болып шығуы мүмкін. Ол ер адамға құмар, құштар болып қалады.

Мұндай оқиғалар соңғы кезде көбейіп кетті. Еліміздің әртүрлі өңірінен шығып жатыр. Біреуін баласы, екіншісін ата-анасы ашып жатыр. Осы тұста диалектика – санның сапаға өту заңын еске түсірейік. Барлығы жиналып келіп, саны көп болғандықтан, сапаға өтіп жатыр. Тек сол кезде проблема шешімін табады. Бұл жерде тек бір отбасыға емес, бүкіл Қазақстанға көмектесу керек болып тұр. Жоғарыдағы заңды түсіндіретін болсақ, 36, 45, 52, 65 дегендер – әлі жылы су. 98,99 дегендер – ыстық су. Тек 100 болған кезде ғана су буланып, басқа формаға өтеді. Яғни сапа пайда болады. Сол секілді тек 0 градус болған кезде мұз қатады. Қоғамдағы осындай зорлық-зомбылық саны көбейгені соншалық, енді сапаға жақындап қалды. Бірінші кезекте ата-аналарды түрлі тренинг, курс-бағдарламадан өткізуге көмектесуіміз қажет. Кейде «супервизия» деген сөзді түсінбейтін психологтарға қарным ашады. Осындай жағдай болмас үшін университет қабырғасында теориядан бұрын практиканы көбейтуіміз керек. Әрине, дипломды алып, тренинг пен супервизия іздейтіндер бар. Бірақ мұндай мамандар өте аз. Мектеп психологтарының қосымша тренингтерге, психоанализ мектебіне келуге ақшалары жетпейді. Бірақ кейде оларға таңғаламын әрі шексіз құрметтеймін. (Күлді.) Есік пен Талғардағы мектеп психологтары 30, 40, 50 ұстаз болып жиналып шақырады. Үкіметтік бағдарламалармен соларды жақсылап оқытуға болады деп ойлаймын. Мысалы, бас психолог, психотерапевтерге «Жылына осыншама көлемде кредит жинауларың керек» деп талап қою қажет.

— Түсінуімше, ашылғаны жөн дейсіз. Ал бұл балалардың ертеңгі тағдыры не болмақ? Өздері туралы ақпаратты интернеттен оқығанда қандай сезімде болулары мүмкін? Бұл өмірлері үшін қауіпті ме?

 Кішкене нәрестені анасының дәретханаға тастап кеткен кезі есіңізде ме? Бұл оқиғаға 2-3 жыл өтіп кетті. Сол балапанды ойлап қараңыз. Ерте ме, кеш пе ол балапан өседі. Ертең өзінің тағдыры туралы Youtube желісінен видео көрді делік. Асылып өліп қалуі мүмкін ғой? Мына балапан да қазір жағдайды толық түсінбей тұр. Неге әжесінің аты-жөні аталған? Неге ол кісіні видеоға, суретке түсіріп жатыр? Құпиялылық қағидасы қайда қалды? «Атың шықпаса, жер өрте» демекші, әркім жүгіріп суретке түсіріп жатыр. Осы тұста екі отбасыға да көмек керек. Бұл оқиғаның немен аяқталатынын әлі алда көреміз.

— Мұндайдан кейін балаға оңай соқпасы анық. Оның суицид туралы ойлап жүргенін қандай белгілерге қарап ажырата аламыз? Киім киісінен, сөйлеу мәнерінен анықтауға бола ма?

 Екі апта сайын баладан «Маған ашуландың ба?» деп сұрап тұру қажет. Осындайда балаңыз «Сіз маған үлкен емес, кішкентай балмұздақ алып бердіңіз. Сол үшін ренжідім» десе қуана беріңіз. Балапан сізге шындығын айтып тұр. «Жоқ, менде барлығы тамаша» деген сөздерге сенбесеңіз болады. Осылайша майда тікенек жинала береді. Бір күні шығады. 90-жылдардан бері әкелер үйге тамақ әкелу үшін көп жұмыс істеуі керек болды. Бірақ асқазан мен дененің ортасында жан бар ғой. Әрине, барлық қазақты жамандауға болмайды. Бізде әкесі де, анасы да, ұлы да, қызы да бір орталыққа келіп емделетін отбасылар көбейіп жатыр. Мысалы, бірнеше жыл бұрын бір қазақ келді. «Бізде ешқандай проблема жоқ. Бірақ, ұлым биыл 10 жасқа келді. Өзі ер азамат, жігіт, ертең оның болашағы қандай болады екен? Ақылы мен психологиясы дұрыс дамып келе жатыр ма?» деп сұрады. Ал «сынғаннан» кейін жылаған не пайда? «Сынбай» тұрып келген дұрыс емес пе? Үкімет ақшасын төлеп, ең кедей деген отбасылар арнайы тренингтен өтсе, олардың жағдайы жақсарып қалатын еді.

— ОҚО-дағы 7 жасар баланың оқиғасына оралайықшы. Белгілі бір себептерге байланысты медициналық сараптама кеш жүргізіліпті. Ал психологиялық сараптаманың көмегімен баланың зорланғанын 100% дәлдікпен анықтауға бола ма?

 Иә, 100 пайыз дәлдікпен анықтауға болады. Мысалы, баланың бірнеше жыл бұрын салған суреттері мен қазіргі суреттерін салыстыру қажет. Одан кейін түрлі ойындар бар. Қандай сөйлемдер мен сөздерді жиі айтатынына қарап та көп нәрсені білуге болады. Сарығаштық баланы кішкене балалар зорлаған болса, оларда сперма болмауы мүмкін. Нақтырақ мұны балалар психоаналитигімен асықпай жұмыс істеу арқылы анықтауға болады. Қазір бала шошып қалған. Оны біресе әрі, біресе бері сүйреп жатыр. Есі дұрыс па, дұрыс емес пе – соны да ескеру қажет.

— Мұндай оқиғалар кейде баланың фантазиясы болып шығуы мүмкін бе?

 Иә, фантазиясы болуы да мүмкін. Меніңше, бұл 3-5 жасында басталған нәрсе болып тұр. Кішкентайынан оргазм, қанағаттану деген нәрсеге жақын болған. Десе де, алдымен, оның ақыл-есін тексеру қажет. Мен жеке өзім ол баланы көрмедім. Сол себепті нақты ешнәрсе айта алмаймын.

Кішкентай кезінде жыныстық қарым-қатынаста болмаған ұл да, қыз да жоқ. Мама-папа ойынын ойнап көрмеген, мастурбация жасамаған бала кемде-кем. Бірақ, сол сәтте «қой» дейтін үлкендер қайда? Осы нәрсеге үйреніп қалса, бала сол күйі жалғастыра береді. Десе де, ол баланы (Сарыағаштық бала — авт.) ұрып-соғып, зорлаған болса, ол бұл туралы жылап келіп айтты. Кейін зорлаған балалар оны кәмпит пен ақша беріп алдаған болулары мүмкін. Мұны асықпай зерттеу керек. Қазір бәрі шиеленісіп жатыр.

— Адамды өзінен әлсіздерге зорлық-зомбылық көрсетуге не итермелейді?

 «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Ол екі ұлдың (Сарыағаштық баланы зорлады деп айыпталып отырған екі оқушы — автор) отбасында не болып жатыр? Тек сол екі ұлды емес, екі отбасын қатар тексеруіміз керек. Ол жерде зорлық та, зомбылық та бар. Дене зорлығы болмаса да, психологиялық, эмоциялық зорлық жасалған болуы мүмкін. «Сублимация» деген сұлу сөз бар. Отбасы мүшелері мен мұғалімдері оларға сублимация жасауға көмектеспеген. Қазір олардың жыныстық күш-қуаттары тасып тұр. Мұндайда спорт, бассейн, сурет салу өте жақсы көмектеседі. Егер энергия басқа жаққа бағытталмаса, балалар күш-қуаттарын белден төмен шығарады. Белден төмен орналасқан күш-қуат жоғары қарай жүруі тиіс. Тепе-теңдік сақталмаса да, кері әсерін береді. Қазір бізде неге кәрі қыздар көп? Себебі, олардың бар энергиясы миға кетіп жатыр. Энергиялары магистратурада оқып, диссертация жазуға жұмсалуда. Ал жігіттерге сәл рұқсат, оларда еркіндік бар. Жігіттер белден төмен орналасқан күш-қуатын бірден шығарады. Ақыл-есін дамытатын энергия бармай қалады. Қазір магистратурада оқитын жігіттер аз.

АНЫҚТАМА: Сублимация дегеніміз — іштегі қысымды энергияны қоғам оң қабылдайтын мақсаттарға немесе шығармашылыққа бағыттайтын сақтандыру механизмінің бір түрі. Оны алғаш Зигмунд Фрейд сипаттаған.

— Өзіне сенімді, бақытты тұлғаларды тәрбиелеп шығаруымыз үшін алдымен нені ескеруіміз керек? Қазақстандық жас отбасыларға, өзге де ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

 Менің кішкене ғана кеңесім бар. (Күлді.) Әр адамның психологиялық сауаттылығын көтеріп, әр отбасындағы психологиялық мәдениетті нығайту.

— Сіздің кабинетіңізге ата-аналар бірден келе қоймауы мүмкін. Бірінің психологиялық мәдениеті төмен болса, екіншілерін қаржы қинайды. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Өте сауатты, балаларының болашағы жарқын болуы үшін еңбектенетін ата-аналар өте көп. Оларға ризамын. Десе де, сіздің кабинетіңізге жеткенге дейін ата-аналарға қандай кітаптар оқуға кеңес беретін едіңіз?

 Google тәте мен Youtube желісін ашса, өзіне керек кез келген ақпаратты тегін таба алады. Сол жерде кітаптар да бар. Біздің қоғамда интернеті жоқ адам кемде-кем. Содан кейін оқушы көмек керек кезде психолог маманға жолықса игі еді. Олар да тегін көмек көрсетеді. Осы жағдай бірінші рет болғанда сарыағаштық баланың әжесі мен анасы мектеп психологының көмегіне жүгінсе, ол маман жақсы кеңес беретін бе еді, бәлкім. Бәрі жаман деуге болмайды. Мектепте тамаша психологтар бар. Өздері кішкентай ғана жалақыға жан-тәнімен жұмыс істейді.

 Анна ханым, сұхбатыңызға көп рахмет! Кішігірім ақпарат көп отбасыға көмек болады деген ниеттемін!

Оқи отырыңыз:

Сарыағаштық 7 жасар бала оқиғасы. Бір апталық шолу

Аружан Саин: 7 жасар баланың анасымен кездестім

Бәлиева ОҚО-лық 7 жасар баланың жағдайын айтып берді

ОҚО-да зорланды делінген баланың ісіне қатысты шенеуніктер жұмыстан қуылды