Сарыағаштық 7 жасар бала оқиғасы. Бір апталық шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сарыағаштық 7 жасар бала оқиғасы. Бір апталық шолу

Сарыағаштық 7 жасар бала оқиғасы. Бір апталық шолу

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Абай ауылының тұрғыны Шәрипа Батырбекованың бірінші сынып оқитын немересін жоғары сынып оқушылары ұрып-соғып, зорлағаны туралы мәлімдемесі көпшіліктің қызу талқысына түсті.

  • 19 Наурыз 2018
  • 1132
Фото - Caravan.kz

Қазақстан қоғамын соңғы бір апта бойына онлайн мен офлайнда қатар дүрліктірген тақырып — сарыағаштық жеті жасар бала оқиғасы болды. Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Абай ауылының тұрғыны Шәрипа Батырбекованың бірінші сынып оқитын немересін жоғары сынып оқушылары ұрып-соғып, зорлағаны туралы мәлімдемесі көпшіліктің қызу талқысына түсті. Шымкенттен шалғай жатқан ауылдағы баланың әже-әпкесімен бірге облыс орталығына жеткізіліп, одан ары Алматыға жол тартып, бірақ күтпеген жерден Астанадан бір-ақ шығу оқиғасының қалай өрбігенін Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тізіп шықты.

                                                              12 наурыз, 2018 жыл

Қазақстандық сайттар ОҚО-да жеті жасар баланы жоғары сынып оқушылары өткен жылдың тамыз айынан бері бірнеше рет зорлағаны туралы ақпарат таратты. Ақпаратты алғаш болып жариялаған сайттар дереккөзі ретінде Сарыағаш ауданында жарық көретін «С-Информ» газетіндегі мақалаға сүйенген. Ақпараттық интернет порталдары сілтеме жасаған газеттің ресми сайты табылмады. Анықталғандай, «С-Информ» газетінің 2018 жылдың 28 ақпан күнгі №2 (10) санында «Содом и Гоморра по абайски или ошибка системы» деген орысша мақала жарық көріпті. Мақалада Абай ауылының тұрғыны Шәрипа Батырбекованың осы ауылда орналасқан №73 Ө. Жәнібеков атындағы гимназияның бірінші сыныбында оқитын жиенін көршілес №74 Ж. Баласағұн атындағы жалпы орта мектептің 7-8 оқушылары ұратыны, бірнеше рет зорлағаны туралы жазылады.

 

Шәрипа Батырбекованың айтуынша, жиеніне ересек балалардың әлімжеттік жасауы өткен жылдың 28 тамызында басталыпты.

28 тамыз күні аулада ойнап жүрген немерем әп-сәтте жоқ болып кетті. Іздедік. Таппадық. Бір кезде немерем келді. Үсті-басы шаң-шаң. Не болғанын сұрағанымызда, көршіміздің екі баласы оны ешкім тұрмайтын, қараусыз қалған үйге алып барып, ұрып, сосын зорлағанын айтты. Полицияға шағымданғанымен, арызымды қабылдамады. Немеремді зорлаған балалар оқитын мектеп директорының орынбасары мен учаскелік полицей келді. Шара қолданатындарын айтты. Қыркүйекте немерем мектепке барды. Бір күні сабақтан үсті-басы шаң, мұрны мен құлағынан қан ағып келді. Не болғанын сұрадым. Тағы да зорлапты. Бұл 8 қыркүйек күні болатын. Полицияға барып, сараптама тағайындату үшін арыз жаздым. Арызымды тағы да қабылдамады. Сосын соңғы рет немеремді осы 12 қаңтарда зорлапты. Немерем өзі айтып келді. 14 қаңтарда арыз жаздық. Сот-медицина сараптамасын тағайындады. Сот-медицина сараптамасының қорытындысы зорлау болмаған деп шығарып берді. Сараптама қорытындысына сенбейміз. Директорлар да, полицейлер де шара қолданбай, істі жауып тастап отыр. Ал немерем мектепке барудан қорқады. Белі ауырады. Көзі нашар көреді. Құлағы ауыр естиді. Содан кейін сабаққа жібермейтін болдық. Қызым, яғни немеремнің анасы Алматыда жұмыс істейді. Үйленгенінен кейін екі айдан соң күйеуі тастап кетті. Енді қазір осы баласын асырау үшін Алматыда жұмыс істеп жүр, – дейді Ш. Батырбекова.

 

Осы жағдай туралы интернет сайттар жаппай жазып бастағанынан кейін қалың бұқараның назарына ілінді. Қоғамдық пікір туып, әлеуметтік желілерде қызу талқылауға ұласты. Желі қолданушылары мұндай заңсыздыққа жол бермеу керектігін, тергеу жүргізіп, қайтадан сараптама тағайындау қажетін айтып, дабыл қақты. Әйткенмен, мектеп директорлары да, бірінші сынып оқушысын зорлады делінетін жоғары сынып оқушыларының ата-аналары да Шәрипа Батырбекованың айыптауын жоққа шығарып, мұны «жала» деп отыр.

                        Кешкісін ОҚО ІІД қылымыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады

«Сарыағаш ауданындағы жасы кәмелетке толмаған 7 жасар балаға қатысты мектеп оқушыларымен ұрғаны және зорланғаны жөніндегі дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігімен Сарыағаш АІІБ ПБ-мен қылмыстық іс қозғалып, тергелуде. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Қылмыстық істің тергеуіне қатысты қалған мәліметтер тергеу құпиясы болғандықтан, жарияланбайды. Істің тергелуі ОҚО ІІД басшыларының жеке бақылауында», — делінген хабарламада.

                                                              13 наурыз, 2018 жыл

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«Тиісті сараптама жүргізілді. Білім басқармасы оны растайды. Бала зорланбаған. Сіздерге толық ақпаратты өңірдегі білім басқармасы бере алады. Себебі, оларда мәселенің мән-жайын толық баяндайтын деректер бар. Алайда қазіргі таңда өңірдегі білім басқармасы бізге берген анықтамасында (баланың зорланғаны туралы – автор) мәлімет расталмаған. Расын айтқанда, мен сараптама жұмыстарының қалай жүргізілгенін білмеймін», — деді Бибігүл Асылова.

Бірақ, әлеуметтік желілердегі наразылық ұлғая түсті. ДОМ қайырымдылық қорының басшысы, қоғам қайраткері Аружан Саин бастаған алматылық еріктілер баланы Алматыға алдыртып, тәуелсіз сараптама жасатуға шақырды. #НЕТнасилиювЮКО хештегімен жазылған посттар легі молайды.

                                                              14 наурыз, 2018 жыл

Қоғам белсенділері мен еріктелер жиналып, жеті жасар баланы Алматыға апарып, тәуелсіз сараптама жасауды ұйымдастырды. Бұл үшін Оңтүстік Қазақстан облысына адвокат Бауыржан Азанов келіп, жәбірленушіні қорғауына алды. Осылайша 14 наурыз күні кешкісін сағат 20:17-де жәбірленуші бала, әжесі мен әпкесі, ресми өкілі – төртеуі Шымкент теміржол вокзалынан Алматыға пойызбен жүруі тиіс болатын. Бірақ сағат 20:00 шамасында баланың әпкесі мен ресми өкілі журналистерге хабарласып, оларды пойызға мінгізбей, ұстап қалып, бір топ полицейдің ОҚО ішкі істер департаментіне күштеп әкетіп бара жатқанын хабарлады. Содан кейін ОҚО ішкі істер департаментінің ғимаратында ұсталып отырған жәбірленуші бала, әжесі мен әпкесіне оның ресми өкілі Дінмұхаммед Артықов пен қорғаушысы Бауыржан Азанов кіргізілді. Іштен шыққан ресми өкіл баланың Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілгелі жатқанын айтты.

Сағат түнгі он жарымдар шамасында ОҚО ІІД жеті жасар баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулы қабылданғаны жөнінде хабарлама таратты.

Ресми хабарламада «Шымкент темір жол вокзалында баланың әжесімен әңгіме жүргізілді. Оларға мемлекет тарапынан берілетін қорғауға алу құқығы бойынша тергеуші қаулысының қажеттілігі туралы түсіндірілді. Содан кейін баланың әжесі мемлекет тарапынан берілетін қорғауды пайдалану құқығын қолдану туралы шешім қабылдады», — деп жазылған.

Ізінше ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қарагөзова баланың «кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілгенін мәлімдеді».

Жәбірленушілердің ресми өкілі Құрманғазы Мүсір кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына барып, баланың онда жоқ екенін білді.

«Баланың әпкесімен сөйлестім. Оларды бізден жасырып ұстап отыр. Сол факт бойынша енді полицейлерге барып, бізден оларды алып кетіп, жасырғаны үшін арыз өткіземіз», — деді Құрманғазы Мүсір.

Түнде Бала құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиеваның Шымкентке ұшып келгені белгілі болды. Ол «жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық көрді» делінетін жеті жасар баланы Шымкенттен Астанаға әкететінін мәлімдеді.

Уәкіл 15 наурызға қараған түні сағат 1-лер шамасында журналистерге берген сұхбатында өзінің елдегі барлық баланы қорғауға міндетті екенін, өз көмекшілерінен әлеуметтік желілерде сарыағаштық жеті жасар баланың зорлануы мүмкін екеніне қатысты ақпардың кеңінен талқыланып жатқанын естігенін айтты.

«Мен мұны естіген соң, жергілікті билік өкілдеріне хабарласып, облысқа мониторингтік топты жібердім. Еліміз үлкен болғандықтан, мен әр аймақта мониторингтік топтар құрғанмын. Олар ең алдымен баланың қорғаушы тарапымен кездесіп, сөйлесті. Мен де қорғаушыларымен сөйлесіп, бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде баланы қорғауға міндетті екенімді хабарладым. Мұнда баланың жағдайын өз көзіммен көру үшін ұшып келдім. Билік тарапынан баланың құқығын қорғау бойынша қандай шаруалар атқарылып жатқанын білдім», — деген уәкіл Зағипа Балиева.

Сондай-ақ, омбудсмен бала, оның әжесі және әпкесінің дәл қазір қайда екендерін айтты.

«Баланың қауіпсіз жағдайда екеніне көз жеткіздім. Ол қазір менің жанымда. Әжесі мен тәтесі де оның жанында. Анасын тауып, онымен де сөйлестім. Анасы Астанаға келуге келісті. Біз бәріміз Астанада кездесеміз. Олар ертең менімен бірге Астанаға ұшады. Қазір балаға барлық қолайлы жағдайды жасауымыз керек. Ол тынығуы қажет. Өйткені, қосымша сараптама жүргізу балаға ауыр тиеді. Мемлекеттік органдардың өкілдері кешенді сараптама жүргізу үшін клиницистерді, психиатрларда, балалар дәрігерлерін жіберуге дайын. Және бұл тәуелсіз сараптамаға барлық тілек білдірушілерді қатысуға шақырады. Яғни, ол топқа жәбірленушінің заңды өкілдері талап еткен мамандардың тәуелсіз сараптама тобына қатысуына рұқсат етіледі», — дейді омбудсмен.

Зағипа Балиеваның сөзінше, сараптама қорытындысына сәйкес, қажетті шаралар қабылданады.

«Егер зорлау фактісі дәлелденсе, онда бұл процеске қатысушылардың бәрі де жауапкершілікке тартылады. Егер баланы зорлау фактісі расталмаса, онда да қажетті шаралар жасалуы керек деп ойлаймын. Өйткені, бала мұндай жағдайға түсті. Ол талқылау объектісіне айналды. Оның өмірі алда. Сондықтан да баланың бар құқықтарын құрметтеуіміз қажет. Бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде мен бұл баланы ғана емес, сонымен қатар «зорлық жасады» деп айтылып жатқан балаларды да қамқорлығыма алуға міндеттімін. Егер олардың зорлық жасағаны расталса, онда олардың заңды құқықтары қатаң сақтала отырып, қандай да бір қысым көрсетілмей, жауапкершілікке тартылуы шарт. Бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде барлық баланы қорғауға міндеттімін», — дейді Зағипа Балиева.

Осылай деген Бала құқығы жөніндегі уәкілдің айтуынша, қазір ешкімнің де балаға жақындауға құқығы жоқ.

«Қазір балаға ешкімнің де жақындауға құқы жоқ. Ол тынығып, тамақтанып, сабақ оқуды бастауы қажет. Ешқандай да сұраққа жауап бермеуі керек. Оның жанында қазір психолог бар. Ол оның жанында күні-түні болады. Қорытынды шығарады. Мен келген кезде, олар сурет салып отырды. Яғни, баланың барлық құқығы толықтай қорғалған», — дейді уәкіл.

Бала құқығы жөніндегі Зағипа Балиева баланың және оның жанындағы әжесі мен әпкесінің психологпен бірге жалдамалы пәтерге орналастырылғанын айтты. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасының хабарлауынша, тергеу аясында сот психологиялық-психиатриялық сараптамалар тағайындалды.


«Олардың қорытындылары әлі дайын емес. Нәтижесі бойынша Астана қаласында арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасы жүргізіледі», — делінген хабарламада.

                                                              15 наурыз, 2018 жыл

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы мектептердегі орын алған келеңсіз жағдайға байланысты арнайы жиын өтті. Жиын барысында өңір басшысы облысқа Мәжіліс депутаты, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиеваның арнайы келіп, «жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық көрді» делінген баланың жай-күйімен танысқанын және оны Астана қаласындағы арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасына өткізу үшін алып кеткенін жеткізді. Айтуынша, ендігі уақытта бұл мәселе қатаң бақылауға алынып, өңірдегі барлық білім ұяларында профилактикалық жұмыстар жүргізілетін болады.

Жиында әкім аталған оқиға дер кезінде назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан қоғамда резонанс тудырғанына тоқталды. Тергеу мәліметтері көрсеткендей, қозғалған қылмыстық іске жауапты құрылым басшылары тарапынан жете мән берілмегендіктен осындай келеңсіз жағдайға жалғасып отыр. Осы жайтты ескерткен өңір басшысы Ж.Түймебаев ендігіде аталған мәселе қатаң бақылауға алынып, жүргізілу керектігін жеткізді. Жиын қорытындысында аталған келеңсіздіктің орын алуына жол берген бірқатар сала басшыларына түрлі деңгейдегі қатаң шаралар көрілетінін мәлімдеді.

                                                             Атап айтқанда:

1.Сәдібеков Ұ. – облыс әкімінің орынбасары – қатаң ескерту;

2.Сағындықов И. – облыстық білім басқармасының басшысы – сөгіс түрінде шара;

3.Уразгельдиев Б. – Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметі басшысы – қызметінен босатылды;

4. Ибрагимов Ә.– Сарыағаш ауданы, Абай ауылдық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы – қызметінен босатылды;

5. Сәриев Қ. – ювеналды полиция бөлімшесінің №73,№74 жалпы орта мектептеріне жауапты полиция инспекторы – қызметінен босатылды;

6. Бұралқиев А. – ОҚО ІІД ЖПҚ ювеналдық полиция бөлім басшысы – қатаң тәртіптік шара;

7. Әбдуәлиев Қ. – Сарыағаш ауданының әкімі – қатаң сөгіс;

8. Қыстаубаев Қ. – аудан әкімінің орынбасары – шара көру;

9. Майрихов Б. – Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы – және №73, №74 жалпы орта мектеп директорлары – тергеу амалдары аяқталғанша жұмыстан шеттетуді ұсынамын деді Ж. Түймебаев.

                   7 жасар баланың әжесі халыққа видео үндеу жолдап, көмек қолын созғандарға алғыс айтты

«Біз үшін уайымдаған жандарға алғысым шексіз. Балиева ханым мен облыс әкімі бізді жылы қарсы алды. Қорғаушыларымыз – Бауыржан Азанов, Құрманғазы Мүсіров және Дінмұхаммед Артықовқа көп рахмет. Зағипа Балиева баланы емдету үшін Астанаға алып кетіп барады. Сіздер бізге ренжімеңіздер. Біздің тағдырымыз үшін алаңдаған жандарға рахмет. Аспандарыңыз ашық болсын, барлықтарыңызға тек жақсылық тілеймін. Біз үшін алаңдамаңыздар, бізде барлығы жақсы болады. Құдай қаласа, немеремде барлығы жақсы болады. Ол үлкен азамат болып ержетеді», — дейді Шәрипа Батырбекова.

                                                              16 наурыз, 2018 жыл

Парламент Мәжілісінің депутаты, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева өзін жоғары сынып оқушылары зорлады делінетін бала оқиғасына қатысты Орталық коммуникациялар орталығында журналистерге арнап брифинг өткізді. Балиеваның айтуынша, баланың құқығы қорғалып, еш зиян шекпеуі үшін тергеуші оған сұрақ қоюға тыйым салынатын қаулы қабылдады.

«Тіпті, менің балаға сұрақ қоюға құқығым жоқ. Менің мақсатым баланың қауіпсіздігіне көз жеткізу болды. Оның жанында жақын адамдары отыр. Қаулыға сәйкес, олардың да баламен бұл тақырыпта (зорлау ісі – авт.) сөйлесуге құқылары жоқ. Бала жақсылап демалуы тиіс. Оның жанында психолог маман бар. Бала өте көңілді. Меніңше, оған демалу үшін бір-екі күн қажет», — дейді ол.

Сондай-ақ, депутат баланың анасын тауып, онымен сөйлескенін айтты.

«Балаға еш қауіп төніп тұрған жоқ екеніне көзім жетті. Ол қазір қасымда. Әжесі мен әпкесімен бірге. Біз көпке дейін баланың анасын таба алмадық. Мен ол кісімен сөйлестім, ол да келісіп отыр. Біз барлығымыз Астанада жолығамыз, олар менімен бірге ұшады. Қазір бала жақсылап демала алатындай жағдай жасауымыз қажет. Себебі, қосымша экспертиза салдарынан бала күйзеліске түсуі мүмкін. Мемлекеттік органдар өкілдері клиництер, психологтар, психиатрлар және балалар дәрігерін ұсынуға дайын», — дейді Балиева.

Сондай-ақ, уәкіл өзін баланың қорғаушысымын деп таныстырған азаматтың жұмысына еш кедергі келтірмегенін, керісінше бірнеше сағат бойы оны қорнақүйде күтіп отырғанын айтып өтті. Іске атсалысамын деген қорғаушылардың әрекетін тек құптайтынын жеткізді.

«Заңға сәйкес қорғаушы өтінішхат жіберуге құқылы. Заң шеңберінде өзі дұрыс деп тапқан сараптамалардың жасалуын талап ете алады. Бірақ сараптамалардың тағайындалуы туралы соңғы шешімді тергеуші өзі қабылдайды. Әрине, олар тәуелсіз, жеке сараптама жасауға құқылы. Бірақ, мұндай сараптаманың жасалуы екінші тарапты қанағаттандырмайтыны айтпаса да түсінікті. Сол себепті, бірінші кезекте баланың денсаулығын ойлайық. Бір толыққанды әрі кешенді сараптама ғана жүргізейік. Үздік мамандарды тауып қатыстырайық. Ең бастысы, олар екі тарапты да қанағаттандыратын тәуелсіз сарапшылар болуы тиіс. Кей адам бір сараптама жеткіліксіз деп, оны бірнеше рет жасатпақ. Менің басты міндетім – баланы қорғау. Бәріміз бірінші кезекте баланы ойлауымыз керек. Ересек адам ретінде мұндай сараптама кезінде баланың өзін жайсыз сезінетінін түсініп тұрған шығарсыздар. Кешіріңіздер, бірақ мұндайдан кейін баланың психикасы бұзылатыны сөзсіз. Мен еш тарапты жақтап отырғаным жоқ, тек бала үшін алаңдаймын», — дейді Зағипа Балиева.

«Кешіріңіздер, баланың қорғаушысы қайда жүр? Осы жерде телефонмен онымен байланысқа шыққанымызды дәлелдейтін адам бар болуы мүмкін. Біз одан Шымкентке таңғы сағат сегізде келуін өтіндік. Оны күттік. Егер сіздер мен ойлаған қорғаушы туралы (Бауыржан Азанов — авт.) айтып жатқан болсаңыздар. Себебі, бірнеше адам өзін баланың қорғаушысы ретінде таныстырып жатыр. Мен барлық қорғаушыны баланың, әпкесі мен әжесінің, менің жанымда жүруге шақырамын. Құқықтар заң шеңберінде қорғалсын. Егер қолдарында сенімхат болса, осында келсін, мархабат. Барлығымыз балаға бірге қамқорлық танытайық. Оны сараптамадан өтуге бірге дайындайық. Дайындықтың қаншалықты объективті өтіп жатқанын бірге бақылайық. Менің бір сұрағым бар. Қорғаушысы болса, қайда жүр ол? Егер мәселе осы қорғаушы туралы болып жатса. Баланың жанында жүрген қолында сенімхаты бар бірде-бір қорғаушыны көрмедім. Өзін баланың заңды өкілімін деп таныстырған азаматты қонақүйде сағат 8-ден 10-ға дейін күтіп отырдық. Жанымда бала, оның әжесі және әпкесі болды. Ол сол жерге келмеді. Мен бәрімен байланыста болдым. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Маған барлығы хабарласты. Сіздер маған хабарласа алғанда, ол неге хабарласа алмады екен?!» — дейді Зағипа Балиева.

Ал осы кезде Алматыдағы «ДОМ» қайырымдылық қорының басшысы Аружан Саин бастаған қоғам белсенділерінің ұйымдастыруымен баспасөз конференциясында өтті. Сол кезде бала мен әжесінің қорғаушысы Бауыржан Азанов олармен 48 сағаттан бері кездесе алмай отырғанын айтты.

«Мен олардың Астанаға қалай әкетілгенін білмеймін. Олардың Астанадан қалай шыққанын түсінбеймін. Оларды көрмегеніме бүгін 48 сағат болды. Сондықтан бүгін отбасының сенімді өкілі Құрманғазы Мүсірмен бірге Астанаға жолға шыққалы отырмыз. Бізді олармен кездестіруді талап етеміз», — деді Азанов.

Кешкісін баланың анасы, қорғаушысы Бауыржан Азанов пен сенімді өкілі Құрманғазы Мүсір Астанаға барды. Олар «Асыл бала» қайырымдылық қорына қарасты «Мирное солнце» пансионатына барды. Онда бала мен оның нағашы әжесі, нағашы әпкесі тұрып жатыр еді. Бірақ, баланың сенімді өкілі Құрманғазы Мүсір мен қорғаушысы Бауыржан Азанов анасын баласына бермей жатқанын хабарлады. Тек Бас прокуратураның тергеу қызметінің жетекшісі Олеся Кексельдің келіп, араласуынан кейін ғана баланың анасын, сенімді өкілі мен қорғаушысын ішке кіргізді. Содан кейін анасының баланы өзімен алып кеткені, Астанадағы Аналар үйінің біріне қоныстанғаны белгілі болды.

                                                             17-18 наурыз, 2018 жыл

ОҚО-дағы бала мен анасының ресми өкілдері қосымша сараптама қалай жасалатынын айтты. Бұл туралы Today.kz сайты жазды.

«Біз арада біраз уақыт өтіп кеткенін түсінеміз, бірақ қосымша сараптама жасату дұрыс әрі ол шындыққа жанасымды қорытынды шығарады деп ойлаймыз», — дейді «Аналар үйі» қорының басшысы Анар Рахымбаева.

Ол барлық тергеу іс-шаралары Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының қадағалауымен заңнамалық негізде жүзеге асырылатынын атап өтті.

ДОМ қайырымдылық қорының басшысы Аружан Саин Фейсбуктегі парақшасында баланың анасы мемлекет қорғауынан бас тартпағанын мәлімдеді. Баланың анасы ресми өкілімен бірге ҚР Бас прокуратурасына барыпты. Айтуынша, 19 наурыздан бастап Бас прокуратураның тергеу амалдары жалғасады. Ал балаға қатысты тағайындалатын сараптамаға халықаралық сарапшылар шақырылатын болды. Бала анасымен бірге Алматыға жеткізілуі мүмкін.

Оқи отырыңыз:

Аружан Саин: 7 жасар баланың анасымен кездестім

Бәлиева ОҚО-лық 7 жасар баланың жағдайын айтып берді

ОҚО-да зорланды делінген баланың ісіне қатысты шенеуніктер жұмыстан қуылды

Соңғы жаңалықтар