Алматыда «Прайм Плаза» сауда ойын-сауық орталығы алдында өткен концерт кезінде болған жаппай тәртіпсіздіктер осы шараның нашар ұйымдастырылуы салдарынан болды, дейді қазақстандық әнші Қайрат Нұртас.
«Мен халыққа кінә артқым келмейді. Олар бұл тәртіпсіздіктерге кінәлі емес. Меніңше, ұйымдастырушылар осыншама адам келеді деп ойламаса керек, сондықтан осылай болды», — деп Қ.Нұртас бүгін Алматыда әншінің кешігуіне байланысты отыз минут кейін басталған баспасөз мәслихатында атап көрсетті.
«Мен сахнадан өз еркіммен кеткен жоқпын. Ұйымдастырушылар сахнадан кетуімді өтінді, өйткені адамдар қоршауды сындырып, сахнаға қарай жүгірді, шамдар құлай бастады. Мен кетіп қалдым. Мен бұл проблеманы дау-дамайсыз, ақылмен шешуге бәрін шақырғым келеді», — дейді әнші.
Қ.Нұртас оның үстіне бұл өзінің жеке концерті емес екенін, оны «Прайм Плаза» ұйымдастырған музыкалық шараның қонағы ретінде шақырғанын айтады. Әнші бірнеше ән айтуы тиіс болған.
Баспасөз мәслихатына қатысқан әншінің продюсері Гүлзира Үсенқызы концерт ұйымдастырушылар қауіпсіздік ережелерін сақтамағанын атап көрсетті.
«Қауіпсіздік сақталмады. Онда ары кетсе жиырма күзетші болды, оның бесеуі Қайратты бақылап сахна жанында болды», дейді ол.
«Біз тергеу қорытындысын күтеміз, тергеу кінәліні табады, содан кейін арғысын көре жатармыз. Егер Қайратты куәгер ретінде ішкі істер департаментіне шақырса, ол барып қажет нәрсені айтып береді», дейді продюсер.
Әнші мен оның продюсері бүлікті әдейі біреулер ұйымдастырды деген болжамды жоққа шығарады.