Жарияланды: 410

Қайрат Қамзин Приозерск қаласының әкімі болып тағайындалды

Қарағанды облысындағы Приозерск қаласының әкімі болып бұған дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеген 36 жастағы Қайрат Қамзин тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«13 қараша күні облыс әкімі Әбілғазы Құсайыновтың тапсырмасымен аймақ басшысының орынбасары Әнуар Ахметжанов Приозерск активінің жиналысын өткізіп, онда кадрлық өзгерістер туралы хабарлады. Ерлан Өтешев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Приозерск қаласының әкімі қызметінен босатылды. ҚР Президенті Әкімшілігімен келісушілік бойынша және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен облыс әкімінің өкімімен бұл қызметке Қ.Қамзин тағайындалды», - делінеді облыс әкімінің баспасөз қызметінен келіп түскен хабарламада. Қ.Қамзин 1976 жылы дүниеге келді, екі жоғары білімі бар, мамандығы бойынша инженер-механик, қаржы бакалавры. Еңбек жолын 1999 жылы «Азия Центр и К» ЖШС-де көлік слесарі болып бастады. 2001-2005 жылдары коммуналдық шаруашылық саласында түрлі қызметтерде жұмыс істеді. 2005 жылдың ақпан айынан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеуде. Техникалық реттеу және метрология комитетінің аймақтық басқармасының жетекші маманы, Қарағандыдағы Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратының ұйымдастырушылық және кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы, мемлекеттік монополия және талдау бөлімінің бас маманы, одан кейін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қарағанды облысы бойынша басқармасында техникалық реттеу бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды. 2010 жылдың қазан айынан бастап қазіргі тағайындауға дейін Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін