Жарияланды: 40

«Қамқорлық» бастамасы - ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қам-қарекет

«Қамқорлық» бастамасы - ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қам-қарекет

Инклюзивті қоғамды дамыту – мемлекет пен қоғам алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі. Бұл ең алдымен Қазақстанда ерекше білім алу қажеттілігі бар 153 000 баланың болуымен байланысты.

Инклюзивті оқытумен қамтылған Оқушылар саны шамамен 23% құрайды.

Бұл міндетті іске асыру, ең алдымен, балалардың зияткерлік, әлеуметтік, эмоционалды, физикалық, психикалық қажеттіліктеріне қарамастан, оқу үшін тең мүмкіндіктер жасауды білдіреді. Мұндай ортаны құру процесі көп қырлы және ол инфрақұрылымды құру, арнайы жабдықталу, процестің барлық қатысушыларын - мектеп мұғалімдерін, мамандарды, ата-аналар мен балаларды даярлау шараларын қамтиды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Қамқорлық» жобасы жүзеге асырылуда, оның аясында инклюзивті қоғамды дамыту үшін кең ауқымды іс-шаралар қарастырылған.

«Қамқорлық» бастамасын іске асырудың бірінші кезеңінде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инфрақұрылым құру мәселесін шешу міндеті қойылды - оңалту орталықтары мен инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерін (ИҚК) ашу.

Мұндай ИҚК ашылуы ерекше қажеттіліктері бар және үйде оқытылатын балалар үшін жалпы білім беретін мектептегі оқуды барлық балалармен бірге қолайлы ортада бастауға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар өңірлерде инклюзивті білім беруді дамытып, инклюзия мәдениетін қалыптастыруға себеп болады.

2020 жылдың соңына дейін Қазақстанның 8 өңірінде (Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қостанай облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында) «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, ҚР БҒМ, әкімдіктердің қолдауымен 16 инклюзияны қолдау кабинеті ашылады.

Нұрсұлтан Назарабаев қоры осы кабинеттерде балалармен жұмыс істейтін мамандарды оқытуды және даярлауды ұйымдастырды.

15 тамыздан бастап онлайн-форматта төрт облыстың педагог-ассистенттері/тьюторлары, сондай-ақ облыстардағы әдіскерлер білім алды. Оқытумен мектеп басшылығы, педагогтар мен тартылған мамандар қамтылды.

Барлығы 336 педагог білім алуда.

1 қыркүйектен бастап барлық 16 мектеп үшін жылдық курация басталды, оның аясында тек мамандар мен мұғалімдермен ғана емес, сонымен қатар ата-аналармен, балалармен де белсенді жұмыс жүргізілуде.

Осы бағыт шеңберінде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу және жұмысын ұйымдастыруда жақсы тәжірибесі бар «Балама» және «Болашақ» қорларымен бірлесіп, белсенді жұмыстар жүзеге асырылды.

ИҚК ашылуының арқасында бір мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар 40-қа жуық баланы мектепке қосу жоспарлануда.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін