Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
-Ресейден алатын жеріміздегі бағалары өте жоғары. 128 теңге болса бізде, Ресейде 160 теңгеден аламыз. Дизель отынының жағдайы да сондай. Бізде 115 сатамыз, Ресейде 170 теңгенің айналасында.
Амалы қалмаған «Қазмұнайгаз» қып-қызыл шығынға батса да Ресейдің қымбат жанармайын тонналап сатып алуға мәжбүр. Бірақ көршіміздің де, жағдайы мәз емес. Мұнай өңдеу зауыты істен шығып, қалған қорын Қырымға жіберіп жатқан көрінеді. Ал ішкі сұранысты жабуға отандық зауыттардың күші жетпей жатыр. Сондықтан Үкімет жүргізушілер ең көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензинді Әзірбайжан мен Түркменстаннан тасымалдау үшін шұғыл келіссөз жүргізуде екен. Шенеуніктердің мазасы кетуі бекер емес. Себебі астық оратын мерзім тақап қалды. Шаруаларды сабасына түсіргісі келді ме, Үкімет дизель отыны мен бензин құнын әзірше 128 теңгеден асырмауға уәде берді. Сөйтіп бұған дейін жанармай бағасын көтерейік деп даурыққан бір топ кәсіпкердің өтінішін қабылдамай тастады.