Жарияланды: 500

Қарағанды облысында дауыл салдарынан жылу және электр қамтамасыздығына нұқсан келді

Қарағанды облысында дауыл салдарынан су, жылу және жарық беру тоқтатылды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Жергілікті уақытпен 22 сағатта Қарағанды облысында жылдамдығы секундына 30-35 метрге жеткен күшті дауыл басталды. Желдің екпінінен бірнеше электр жалғастыру желісі, соның ішінде әуедегі екі желі үзілді. "Су құбыры" АҚ-ына қарасты үш бірдей насостық станцияның жұмысы тоқтатылуы салдарынан қалаға, соның ішінде облыс орталығын жылу және электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған басты қайнар көз - ТЭЦ-3-ке су жіберу доғарылды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінен KZ-today тілшісіне хабарлағанындай, "Қарағанды-жылу" ЖШС-нің басшылығы облыс орталығына энергия және жылу беруге шектеу қойды. Насостық станция тек құбырлармен жүретін су айналысын тоқтатпау тәртібін ғана сақтап отыр. Сондай-ақ, түнде соққан күшті жел кейбір ғимараттардың төбесіндегі шатыры мен жабындыларын жұлып әкетті. Көмір бассейніндегі шахталарда түнгі кезектің жұмысы тоқтатылды. Барлық шахтерлар таңертеңгі сағат жетіге дейін жер бетіне шығарылды. Қаладағы дәрігерлік мекемелерге де электр қуатын беру доғарылғандықтан, дәрігерлер де ауыр жағдайда жұмыс істеді. Атап айтсақ, №1 перзентхана мен диагностикалық орталыққа жарық берілген жоқ. Баспасөз қызметіндегілердің хабарлауынша, апаттық топтар түні бойы көз ілмей жұмыс істеді. 5 сағат 40 минутта электр қамтамасыздығы қалпына келтірілді. Біраз уақыттан кейін насостық станция мен ТЭЦ-3 -ке су жіберілді. Қазіргі жағдаймен жылу және электр қуатын беру жұмыстарын қалыпқа келтіруге шаралар қолданылуда. Сондай-ақ, табиғат апаты салдарынан келген шығын көлемі есептелуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін