Гүлім Ақтаеваның жұмысқа кеткеннен кейін із-түссіз жоғалған жары Жансейіттің денесі мына тоғанда үш күн жатқан. Мамырдың 18-де әріптесі екеуі көлікпен Ботақара кентіне шыққан екен. Ал жеткен жері осы болды. Кейін мамандар олардың судан шыға алмай, тұншығып өлгенін айтқан.
Гүлім Ақтаева, Ж.Ақтаевтың әйелі:
-Мен білмеймін не істейтінімді? Ит қылды. Білмеймін, артынан Нива құламаса, ұлымның әкесін өмірі таппаушы едік.
Ал бұл – мамырдың 21-сі күні тоғанға құлаған Ниваның жүргізушісі Ардақ Түсіпов. Түнделетіп жылқы іздеген ол, көршілес ауылдан Ботақара кентіне жанармай алуға бет алғанын айтады. Жолда қауіптің барын ескертетін белгі немесе бөгетті бұл да көрмеген. Көргені тек көлік жарығының жыраға түскені.
Ардақ Түсіпов, Байқадам ауылының тұрғыны:
— Багажниктен ұстап тұрдым. Сосын ішіне су толған соң, мені сыртына шығарып тастады. Кішкентай есім жинап ауа жұтқаннан кейін, жүгіре бергем гой мына жаққа қарай.
Ертесіне құзырлы органдарға хабар берген ол апат орнына жеткенде, судан шыққан мәйіттерді көріп жаға ұстапты. Ол болмаса, мұнда өлі адамдардың денесі жатқанын ешкім білмейді де екен.
-Жолдың жырылған жеріндегі судың мынау қайта қайтқандағысы. Осыдан 20 күн бұрын мұның тереңдігі 6 метрді құраған екен. Бұл жерге құлаған екі көлік те судың астындағы ми батпаққа толығымен батып кетіпті. Сондықтан оларды арнайы техника он күн өткеннен кейін ғана әрең шығарып алған.
Шығарылған көліктер қазір аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген. Қозғалған қылмыстық іске айғақ болмақ. Полицейлер атын атап, түсін түстемесе де, жолға жауапты мекеменің немқұрайлылыққа жол бергенін жеткізді. Ал сол мекеменің басшылығы қарасын көрсетпесе де, өздерін кінәлі санамайтындарын айтты.