Жарияланды: 320

Қарағандыдағы тіс емханаларының бірінде екі жастағы бала анестезия жасағаннан кейін қайтыс болды

Қарағандыдағы тіс емханаларының бірінде екі жастағы бала анестезия жасағаннан кейін қайтыс болды

Анестезия жасамас бұрын стоматологтар баланың оған қалай реакция беретінін алдын ала байқап көрмеген.

Қайғылы жағдайға тап болған отбасының досы Ольга Никулина көз жұмған баланың ата-анасының сұрауы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына осы жылдың 22 ақпаны күні болған жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ekaraganda.kz. порталына сілтеме жасап.

Әйелдің айтуынша, 22 ақпан күні ата-анасы маусым айында екі жасқа толатын ұлдары - Семенды Қарағандыдағы тіс емханаларының біріне алып барады. Тісжегісін наркоз салу арқылы емдеуге шешім қабылданады. Тамырға салынған анестезия әсерінен балада анафилактикалық шок болып, соның салдарынан ажал құшады.

Никулинаның айтуынша, ата-ана ол тіс емханасын интернеттегі пікірлер бойынша тауып алған.

«Баланың ата-анасы емханада препаратты қабылдағаннан кейін болуы мүмкін қауіптен хабардар екендігі және анестезияға қарсы емес екендігі жазылған екі құжатқа қол қойған», - дейді отбасының досы.

Оның айтуынша, дәрігерлер анестезия салмас бұрын баланың реакциясы қалай болатынын алдын ала тексеріп алмаған. Препаратты салған кезде баланың жағдайы күрт нашарлап кеткен.

«Оның жүрегі тоқтап қалды. Олар баланы өз күштерімен аман алып қалуға талпынып, адреналин салған, содан кейін барып «Жедел жәрдем» қызметін шақырған. Семен бес минуттай клиникалық өлім жағдайында жатты. Ол дереу жансақтау бөліміне жеткізілді. Жүрегі тоқтап қалғандықтан, өкпесі мен миы ісініп, арада біраз уақыт өткеннен кейін ми қызметі де тоқтады», - дейді Никулина.

Баланың ата-анасы полицияға арыз жазған. Бала мен ата-анасы Ресей Федерациясының азаматы болғандықтан, баланың мәйітін Омбы облысына алып кетті. Стоматологиялық емхана әкімшілігі орын алған жағдайдың анық-қанығын айтудан бас тартты. Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдай бойынша ақпаратты 26 ақпан күні береміз деп уәде етті.

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін