«Қаражамбасмұнай» басшылығы еңбек заңнамасын бұзған жоқ - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қаражамбасмұнай» басшылығы еңбек заңнамасын бұзған жоқ

«Қаражамбасмұнай» басшылығы еңбек заңнамасын бұзған жоқ

«Қаражамбасмұнай» АҚ-да еңбек заңнамасының бұзылуы орын алған жоқ, деп еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.

  • 2 Маусым 2011
  • 818
Фото - Caravan.kz

«Қаражамбас, Жаңаөзен, Ерсай нысандарына біздің өкілдеріміз, атап айтқанда еңбек вице-министрі бірнеше рет барып қайтты. Біз барлық тараптардың – кәсіподақ, жұмыс берушілер мен талап қойып отырған жұмысшылардың өкілдерінің қатысуымен талаптарды нақты қарап жатырмыз. Қаражамбасмұнайда заңнама бұзылып отырған жоқ. Біз олардың қойып отырған талаптарының негізі жоқ екенін және заңға сай келмейтінін дәлелдедік», — деді ол журналистерге бейсенбі күні.

«Сол сияқты Жаңаөзенге қатысты да түйткілдер болып, бірақ біз оларды келісім комиссиясымен белгілі бір шешімдерге келдік. Және онда ереуіл болып отырғаны бірінші жыл емес. Былтыр біз консенсусқа келіп, шиеленіс шешілген болатын. Енді адамдардың үнемі жалақыны көтеруін талап етіп отырғаны түсініксіз. Ол еңбек өнімділігіне байланысты ғой. Егер өндіріс өнімділігі болмай, үнемі жалақы көтеріле беретін болса, кәсіпорын банкрот болады. Сонда осы жұмысшылардың өздері зардап шегіп, қосымша төлемдер мен сыйақыларынан айрылады», — деді министр.

Бұрын хабарланғандай, «Қаражамбасмұнайдағы» ереуілді кәсіподақ ішіндегі қақтығыс өршітіп жіберді.

«Еңбек ұжымы «Қаражамбасмұнай» АҚ-ның еңбек ұжымының жалпы жиналысы орнынан алған кәсіподақтың бұрынғы төрағасы Ербосын Қосархановтан кәсіподаққа мөрі мен құжаттарын қайтаруды талап етуде. Бұдан басқа, жалақы төлеу мен қосымша әлеуметтік кепілдіктер саласындағы ұжымдық еңбек дауы бойынша талаптарды шешуді, кәсіподақ белсенділерін ұрып-соғуға қатысқан адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғауды, жұмыс беруші мен жергілікті биліктің кәсіподақтың істеріне араласуын тоқтатуды, «Қаражамбас жұмыскерлерінің кәсіподағы» ҚҚ-нің заңгері Наталья Соколованы қудалауды доғаруды, наразылық шарасы кезінде жұмыстан шығарылған барлық мұнайшыларды қайтадан жұмысқа алуды талап етуде», — делінген «Қаражамбасмұнай» АҚ-ның наразылық акциясына қатысушы жұмыскерлерінің баспасөз мәлімдемесінде.

Бұған дейін хабарланғандай, «Қаражамбасмұнай» АҚ жұмыскерлерінің ереуілі салдарынан компания Т240 млн көлемінде шығын көрді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ереуіл рұқсат етілмеген, және оған 700-ден астам «Қаражамбасмұнай» АҚ , «Арғымақтранссервис» ЖШС, Тұлпармұнайсервис» ЖШС жұмысшылары қатысты. ҚМГ БӨ басшылығынң айтуынша, жұмысшылардың қойып отырған талаптары орындала алмайды.

«Жалақыны екі-үш есеге арттыру мүмкін емес, себебі ол «Қаражамбасмұнайды» банкрот етеді. Қаражанмбастағы жалақы мөлшері «Мағыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» ӨФ кәсіпорындарындағыдай, және аумақтағы орташа жалақы беңгейінен көп», — делінген компания хабарында.

«Қаражамбасмұнай»АҚ-дағы ең төменгі жалақы ставкасы (айлық эквивалентпен есептегенде 164,67 мың) Т70 038 құрайды, ал сыйлықтар мен салықтарды қоса есептегенде Т77 239 болады. Ең жоғарғы жалақы – Т181 822, оған сыйлық пен мерзімінен артық істеген уақытты, түнгі уақытты т.б. төлемдермен салықты алып тастап есептегенде Т251 179 болады.

«Қаражамбасмұнай» АҚ тең үлеспен «ҚазМұнайГаз» Барлау өндіру» АҚ және қытайлық CITIC Group мемкорпорацияға тиесілі. ҚБМ Ақтаудан 230 шақырым жердегі Бозашы түбегінде Қаражамбас кенішіндегі ауыр мұнайды өндіреді. Кеніш 1974-ші жылы ашылған және ТМД аумағындағы тұтқырлығы жоғары әрі таязда жатқан ең ірі кеніш болып табылады. Оны өндіру термикалық әдісті қажет етеді.

ҚБМ-да оған бағынышты, бұрғылау және ұңғыларды түбегейлі жөндеу бағдарламасы үшін сервистік қызмет көрсететін «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС, көлікті қызмет көрсету үшін құрылған «АрғымақТрансСервис» ЖШС бар.

Соңғы жаңалықтар