«Кеше 8.40-та «Сарыағаш» заставасына қарасты Жаппар-базар деген жерде адамдар отырған «Мерседес»автобусы байқалған. Бұл жермен автобустар әдетте жүрмейтіндіктен, шекарашылар оны тексеру үшін тоқтатқан», — деп хабарлайды Э. Росляков.
Қолбасшы орынбасарының айтуынша, автобусқа екі шетелдік көлік таяп келген. «Автокөліктен түскен адамдар шекарашылардың мазасын алып, арандатушылыққа итермелеп тұрған кезде олардың біреуі автобустың тізгініне отырып алған. Ал қалғандары Сарыағаш шекара отрядының командирінің орынбасарын ойламаған жерден автобусқа итеріп кіргізіп жіберген. Автобус бұдан кейін орнынан жүйтки қозғалып, шекарашылардан қара үзіп кетуге талпынады», — деді Э. Росляков.
Оның айтуынша, автобусты тек Сарыағашта ғана қолға түсіруге мүмкіндік туған: кепілдікке алынған офицер автобус автобазаның маңынан өте бергенде тізгінді тұтқиылдан бұрып жіберу арқылы көлікті аулаға кіргізуге мүмкіндік табады. Ал осы сәтте шекара бұзушыларды қуып жеткен шекарашылар қақпаны қоршап алады.
Алайда, Э. Росляковтың айтуынша, шекара бұзушылар бұдан кейін де қоршауды бұзып шығуға әрекет жасайды. Олар автобусты қақпа маңында тұрған шекарашыларға қарай тура бағыттаған. Бұған жауап ретінде шекарашылар көліктің доңғалақтарына қаратып атуға мәжбүр болады.
Қолбасшы орынбасарының хабарлауынша, қолға түскен офицер зардап шеккен жоқ.
Ұсталған автобустан Өзбекстанның 57 заңсыз мигранты табылды.