Қазақша сөйлеп қапасқа қамалған Жарылқап Қалыбайға бүгін бір топ қолдаушылары сәлемдеме жеткізді - kaz.caravan.kz
  • $ 469.83
  • 536.83
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақша сөйлеп қапасқа қамалған Жарылқап Қалыбайға бүгін бір топ қолдаушылары сәлемдеме жеткізді

Қазақша сөйлеп қапасқа қамалған Жарылқап Қалыбайға бүгін бір топ қолдаушылары сәлемдеме жеткізді

Қазақша сөйлегені үшін қапасқа қамалған Жарылқап Қалыбайға бүгін бір топ сәлемдеме жеткізілді.  Алайда әкімшілік жазаға тартылған “Жұлдыздар отбасы”, “Аңыз адам” журналдарының бас редакторымен ешкім жүздесе алмады. Тек абақты сыртын торуылдап, өз пікірлерін білдіріп қайтты. Ал жолсеріктері қазақша сөйлемейтін “СКАТ” әуе компаниясы бүгін өзге ақпарат таратты. Олар бас редактор  "мас болды және борттағы қызметкерлерге өзі тиісті"  деп отыр.

  • 5 Қыркүйек 2013
  • 428
Фото - Caravan.kz

Бұл  Жарылқап Қалыбайдың абақтыға қамалар алдынғы айтқаны.  Түркиядан Қазақияға бет алған ұшақта сырқат бір  жасар ұлын көтеріп алып жұбатуға тырысқан. Онысы жолсеріктерге жақпай,  бірі қатты қағып өтіпті. Қазақша себебін сұрағанда орысша орағытқан жолсерік Жарылқап Қалыбайдың сын садағына іліккен. Алайда сөз көтере алмаған стюард арыз жазып,  түбінде бас редакторды осылайша кеңсесінен абақтыға айдатып жіберген. Бүгін сол жерге бір топ ұлтжанды ұл келді. Қолдауларын білдірді, "қазақша сөйлеуді сұрағандарды абақтыға айдағаны қай сасқаны?!"  деп қамықты.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

— Біздің қоғамға қызмет ететін қызметтердің —  әуе компанияларының, теміржолдың басқа көліктердің қызметкерлерінің міндетті түрде қазақ тілінде білуі деген мәселесі. Яғни соған бола ол кісіні түрмеге тығатын болса,  бұл — қорлықтың ең үлкені.

Кешегі өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы бас редакторды  бес тәулікке абақтыға айдауды сұраған, алайды дәл осы бір парақ қаулымен Жарылқап Қалыбай 3 күнге қамалды.Ал жолсеріктерінің арызы арқылы білдей бас редакторды қапасқа қаматқан СКАТ әуе компаниясы “Жарылқап — жаман, біз — жақсымыз” деп жар салды. Сөздеріне сүйенсек,  журналист жолсеріктерге өзі соқтыққан.

Жанар Тәж, “СКАТ”АҚ әкімшілік бөлімінің жетекшісі:

— Ұшақ соңында отырып, жолаушы бортсерігі бригадасына қатысты өзін ашулы және өте лайықсыз ұстады. Бұл ұшу қауіпсіздігіне қауіп келтірді. Жарылқап Қалыбай мырзаның бортсерікке жапқаны — жала,  себебі Айжан, қызмет көрсеткен бортсерік — қазақ қызы, қазақша сөйлейді, қазақ тілінде сөйлеген бұны басқа жолаушылар да растайды.   

Шу шыққан әуе бортындағы жолаушылардың пікірі де екі жақты. Олар Жарылқап Қалыбайдың тентек судан ұрттап алғанын жоққа шығармағанымен, әуе жолында мемлекеттік тілде мардымды қызмет көрсетілмегенін алға тартады.

Ләззат Тұтқабаева, оқиға куәгері:

— Бастан аяқ орысша қызмет көрсетті. Анталиядан ұшып келгенше. Иә,  мас болды,  ол кісі , кейбір жолаушылар көрген,  оның виски ішіп отырғанын. Бірақ ол бортта болмайды.

Қазір ұлтжандыларды ұлардай шулатқан шуда кімнің бүк,  кімнің шік түскенін тап басып айту қиын.  Қос тараптың да айтар арыздары мен айғақтары жетіп артылады.

Айта кетейік, жыл басында  “СКАТ” әуе компаниясының салғырттығынан ұшағы құлап,  21 адам жер жастанған. Содан бері СКАТ-тың салақтығына қарны ашқан ондаған адам сотқа арызданыпты. Бірақ көбінің меселі қайтқан. Ал Жарылқап Қалыбай құрығы ұзын әуе компаниясымен қамаудан шыққан соң білегін сыбана кіріспек.