Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі төтенше жағдайлар жүйесін құруда Ауғанстанға ықпал ету жөніндегі жоспар шеңберінде 2014 жылға қарай ауған құтқарушылары үшін екі оқыту шарасын ұйымдастырмақ. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрінің кеңесшісі Алтынбек Егізбаев мәлімдеді.
«Қазақстан төтенше жағдайлар саласындағы сенім шаралары бойынша топтың тең төрағасы болып табылады, сондықтан біз Пәкістанмен осы шаралардың барлығын ұйымдастырудамыз. Бұл міндеттерді біз 2012 жылы мойнымызға алдық, содан бері осымен мықтап айналысып жатырмыз», — деп А.Егізбаев бүгін Астанада Ыстамбұл үрдісі шеңберінде төтенше жағдайлар саласындағы сенім шараларын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысының үзілісі кезінде журналситерге атап көрсетті.
Оның айтуынша, келесі жылы Халықаралық коалиция Ауғанстаннан шығады, қауіпсіздік мәселесі ауған жағына беріледі, сондықтан барлық елдер басқа бағыттар бойынша барынша тез, әрі тиімді түрде Ауғанстанға қауіпсіздік жүйесін құруға көмектесуге тырысады.
А.Егізбаев министрлік үшін ауған құтқарушыларын дайындау басым бағыт екенін айтады. «Келесі жылы екі шара ұйымдастырылмақ. Бірінші, өз есебімізден «Қазспас» оқу-жаттығуларына шақыру, екінші шараны да Қазақстанда химиялық, бактериологиялық, ядролық қауіпке қарсы тұру бойынша өткіземіз», дейді ол.