Қазақстан ауған халқына тегін астық жөнелтетін болды - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан ауған халқына тегін астық жөнелтетін болды

Қазақстан ауған халқына тегін астық жөнелтетін болды

Қазақстан ауған халқын наннан тарықтырмайды. Соғыстан көз ашпаған әлемдегі ең кедей елге астықтан бөлек, Астана жол да салып бермек. Бүгін Елордаға ресми сапармен келген Ауғанстан президенті Қазақстан басшысымен жоғарғы деңгейде келіссөздер өткізді. Миллиардтаған гуманитарлық көмекке риза  болған Мохаммад Ашраф Ғаниға Елбасы Алматыда тегін оқып жатқан ауған студентінің ерлігін де айтты.

  • 21 Қараша 2015
  • 260
Фото - Caravan.kz

Ауған президенті мінген №1 борттың  қауіпсіздігі әуеде ғана емес, жерге қонғанша дейін қырағы бақылауда. Тіпті Ашраф Ғани басқалар сияқты ұшақтан жалғыз емес, траптан бір топ оққағарларының қоршауымен түсті. Әрине, Астана Кабул емес. Ал кортежге мініп түнде қонақүйге жол тартқан, мәртебелі мейманды таңда Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада барлық сән-салтанатымен қарсы алды.

Америкада біраз жыл жұмыс істеп, былтыр ғана президент болып сайланған 65 жастағы Ашраф Ғани Ауғанстанға зайырлылықтың лебін алып келгендей. Алдыңғы басшы Хамит Карзай сияқты елтірі қалпақ киіп, ала шапан жамылмаған. Өзі де, уәзірлері де галстук тағыпты. 40 жыл бойы азаматтық соғыстан көз ашпай, халқы аш- жалаңаш елге Астана осы кезге дейін 3 жарым миллиард теңгенің азық-түлігін жөнелткен. Тіпті мектеп пен көпірлер салып берді. Гуманитарлық көмек мұнымен тоқтамайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Қазақстан Ауғанстанға 600 мың тоннадан артық бидай  жөнелтетін болды. Бүгін келістік біз. Жол салу, құрылыс материалдарын беру, теміржол, локомотив вагондарымен көмектесу мәселесін де шештік.  Ауған жерінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, жер қойнауындағы байлықтары Қазақстанменен бірдей. Бізде оларға көмектесетін мамандар бар.

Яғни, тәліптермен соғыс Ауған үкіметіне жер қойнауындағы мол  мұнай-газ, алтын, жез, хромды игеріп пайда табуға мүмкіндік бермей отыр. Енді бұл мемлекеттегі қазба байлықтарын игеруге қазақ компаниялары қатысуы әбден мүмкін. Сонымен қатар кездесуде Назарбаев пен Ашраф  Ғани «Талибан» қозғалысынан Орта Азияға төнген  қаупін де талқылады.

Ашраф Ғани, Ауғанстан президенті:

-Терроризм ұлт шекара, таңдамайды.  Бұл зұлыммен адамзат бірігіп күресуі тиіс. Біз бүгін сол лаңкестік топтарға қарсы тұрудың жолдарын қарастырдық.

Ал Астана гуманитарлық көмектен бөлек, 50 миллион доллар бөліп елімізде мыңға жуық ауған жастарын тегін оқытып жатыр. Қазақ дипломын алған қыз-жігіттердің алғашқы легі өз туған жерінде қызмет етуде. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев әріптесіне сол  ауған студентінің бірі Алматыда басқарусыз трамвайды тоқтатып, жолаушыларды ажалдан аман алып қалғанын айтқан еді. Бұл сөз Ашраф Ғанидің кәдімгідей көңілін босатты.

Жалпы Ауғанстан жалғыз Қазақстанның ғана емес, әлемнің бас ауруы. Түрлі геосаяси мүдделердің тоғысқан жері. Қазір Үкімет әскері Америка бастаған НАТО күштерімен бірігіп, тәліп содырларымен әлі соғысып жатыр. Ал қауіптің күшеюіне байланысты Ауғанстанмен шектесетін  Орта Азия елдері шекараларын қымтауға мәжбүр. Айтпақшы, бүгін Ақордада Назарбаев пен Ашраф Ғани ауғаннан ағылатын есірткіге тосқауыл қою жайында да  уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар