Жарияланды: 590

Қазақстан Беларусь экономикасына инвестиция салуға дайын - Премьер-Министр

Қазақстан Беларусь экономикасына инвестиция салуға дайын - Премьер-Министр

Қазақстан Беларусь экономикасына инвестиция салуға дайын. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ІІ Қазақстан-Беларусь бизнес форумы барысында ҚР Үкіметінің басшысы Серік Ахметов мәлімдеді.

«Жалпы алғанда Қазақстан Беларусь экономикасына инвестиция салуға дайын. Біздің бизнес те белоруссиялық әріптестерімен жұмыс істеуге, бірлескен кәсіпорындарды Қазақстанда да, Беларусь елінің өзінде де құруға дайын», - деп атап өтті Үкімет басшысы. Оның айтуынша, елімізге инвестиция салған беларусь кәсіпорындары теңдессіз мемлекеттік қолдауларға ие болады. Өйткені, елімізде 2008 жылдан бері қарай бизнесті қолдауға арналған бірқатар бағдарламалар қабылданған. Олардың арқасында кәсіпкерлер жұмысы нақты қолдау көріп отыр. «Жалпы алғанда Қазақстан мен Беларусь елдерінің үкіметтері әртүрлі салалардағы бизнестерді барынша қолдауға әзір. Барынша ашықтық пен тұрақтылыққа негізделген саясат та жүзеге асатын болады», - деді С. Ахметов. Қазақстан мен Беларусь елдері ауыл шаруашылығының барлық саласында ынтымақтаса алады. Бүгін Астанада өтіп жатқан ІІ Қазақстан-Беларусь бизнес форумы барысында ҚР Үкіметінің басшысы Серік Ахметов осылай мәлімдеді. «Ауыл шаруашылығы - бұл дамытуды, жаңғыртуды қажет ететін, сондай-ақ әртараптандыруды да аса қажет ететін сала. Сондықтан да, бұл салаға бағытталған инвестиция қандай жағдай болмасын тиімді болып табылады. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында қосымша құн салығын арттыру үшін шексіз мүмкіндіктер баршылық», - деп атап өтті Үкімет басшысы С. Ахметов. Бұдан бөлек Премьер-Министр осынау форумда талқыланып жатқан жобалардың Қазақстанға да, Беларусь тарапына да пайда мен тиімділік әкелетініне сенім білдірді. «Біз экономиканың басым салаларындағы жобаларды жүзеге асыратын беларустық инвесторларға толыққанды инвестициялық қолдау ұсынуға әзірміз. Бұның ішінде жарғылық капиталға қатысу да, заемдық қаржыландыруды ұсыну да бар деуге болады. Оның үстіне біздің өзімізде лизинг секілді қаржы құралы да жеткілікті түрде жақсы дамыған», - деп атап өтті Үкімет басшысы. Бұдан бөлек, Премьер-Министр Беларусь бизнесмендерінің еліміздегі еркін экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін де пайдалана алатынын атап өтті. Еске салсақ, Қазақстанда 9 Арнайы экономикалық аймақ бар болса, олардың басым бөлігінде тиімді жұмыс жолға қойылып, оларда заманауи инновациялық кәсіпорындар құрылуда. Сондықтан да, осындай аймақтарға инвестициялық араласудың әлеуеті зор болмақ. Серік Ахметов беларусь компанияларын еліміздің тау-кен саласындағы жобаларды жүзеге асыруға қатысу туралы ұсыныс жасады. «Мен еліміздің бірқатар салаларында перспективалы жобаларды зерделеуді ұсынамын. Оның ішінде мен аса перспективалы ретінде әрі аса зор әлеуетке ие сала ретінде тау-кен рудасы саласын айтқым келеді. Және біз осы бағытта ынтымақтасуға әзірміз. Өзіміз де тау-кен рудасы кен орындарындағы бұндай жобаларға инвестиция салуға әзірміз», - деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар, елімізде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаттары да жақсы жұмыс атқарып жатқанына тоқталған Премьер-Министр, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдаулар да жеткілікті болып отырғанын айтты. «Біздің экономикалық қарым қатынасымыз қарқын алып келеді. 2011 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 737 млн. долларды құрады. Бұл Кеден одағының құрылуына дейінгі кезеңге қарағанда 72 пайызға артық көрсеткіш», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов бизнес форумды аша келе. Сонымен қатар, үкімет басшысы осындай оң үдеріс пен екі мемлекет арасындағы ынтымақтаса даму қарқыны болашақта да сақталатынына сенім білдірді. «Осы үшін Қазақстан мен Беларусь елдерінде жақсы мүмкіндіктер мен мығым әлеуеттер де жеткілікті», - деп атап өтті С. Ахметов. Қазақстан мен Беларусь елдері арасындағы тауар айналымы 2012 жылы 1 млрд. долларға жетуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ІІ Қазақстан-Беларусь бизнес форумы барысында Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Михаил Мясникович мәлім етті. Беларусь Үкімет басшысының айтуынша, мемлекеттер арасындағы тауар айналымы бойынша Қазақстан Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға шығып отыр. «Қызметтер ауқымын есепке ала отырып, біз ағымдағы жылдың өзінде бұндай сауда айналымы 1 млрд. доллардың үстінде болады деп жоспарлап отырмыз», - деді М.Мясникович. Оның пайымынша, Қазақстан мен Беларусь елдерінің бизнесі көп жағдайда бір бірімен бәсекелеспейді, керісінше бір-бірін толықтырып отырады. Бұдан бөлек, М.Мясникович Бірыңғай экономикалық кеңістік мәселелеріне тоқтала келе, екі мемлекеттің үкіметтері макроэкономикалық және өнеркәсіптік саясаттарын өзара келісіп отырғаны артық болмайтынын айтты. Беларусь Үкіметі қазақстандық бизнестің Еуроодақ рыногына шығуға қолдау жасайтын болады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ІІ Қазақстан-Беларусь бизнес форумы барысында Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Михаил Мясникович мәлім етті. «Біздің бизнес тек ішкі рынокқа бағытталып қана қоймауы керек. Біздің бизнес үшінші елдер нарығында да жайлы жұмыс істеуі керек. Осы үшін біз қазақстандық бизнес қауымдастыққа өзімізде бар экономикалық және географиялық басымдықты ұсынып, әріптестеріміздің бизнесін Еуроодақ нарығына жылжытуға қолдау жасағымыз келеді», - деді М.Мясникович. Осыған орай Беларусь Премьері Қазақстан Үкіметінің басшысы Серік Ахметовке қазақстандық және беларусьтық кәсіпкерлердің өнімдерін, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар арқылы үшінші елдердің нарығына ұсыну үшін жұмыс тобын құруды, оның құрамына министрліктер өкілдерімен қатар бизнес қауымдастығын енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек, Беларусь Премьері сөз арасында қазақстандық-беларусьтық бірлескен кәсіпорындардың тауарларын сатып алуда жеңілдетілген несиелендіру қамтамасыз етілетінін де атап өтті. «Әрине, біз қаржылық қолдаусыз көптеген жобалардың табандап тұрып қалатынын да түсінеміз. Осыған орай, 2013 жылы Беларусь Үкіметі беларусь техникасын, тауарларын, оның ішінде Қазақстан мен Белоруссияның бірлескен кәсіпорындарында шығарылатын тауарларды жеңілдік несиемен сатып алу тетіктерін кеңейте түсетін болады», - дейді М.Мясникович. Бүгін Астанада өтіп жатқан ІІ Қазақстан-Беларусь бизнес форумы барысында сөз сөйлеген Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Михаил Мясникович Қазақстанда 2013 жылдың басында ІТ-форум өткізуді ұсынды. «Бізде жоғары технологиялар паркі құрылды. Онда шамамен 100-ге тарта компания қызмет етсе, солардың басым бөлігі шетелдік немесе шетелдік капиталмен ашылғандар болып табылады. Осы ретте мен 2013 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда, қазақстандық-беларустық ІТ-бизнес форумын өткізсек жақсы болар деп ойлаймын. Онда біз осынау прогрессивті дамып келе жатқан қызмет түрінің өзекті мәселелерін талқылауға кеңінен мүмкіндік алар едік», - деді М.Мясникович. Беларусь Үкімет басшысының айтуынша, аталған елдегі жоғары технологиялар паркінің құрылғанына 10 жылға да жеткен жоқ. Дегенмен, оның экспорты былтырдың өзінде 350 миллион долларды құраған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін