«Біз желтоқсанның ортасында Малайзиямен екіжақты келіссөздер жүргізуді аяқтау туралы хаттамаға қол қоямыз деп күтудеміз, сондай-ақ жыл аяғына дейін Канадамен жүргізіліп жатқан келіссөздерді де аяқтаймыз деген үміттеміз»,- деді Жанар Айтжанова.
Ол Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту жөніндегі жұмыс тобына Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше 38 ел кіретіндігін, олардың ішінде 25 елмен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын еске сала кетті. Бүгінгі күнде, оның айтуынша, 18 елмен екіжақты келіссөздерді аяқтау туралы хаттамаға қол қойылған. Жанар Айтжанова, сондай-ақ, «қазіргі уақытта белсенді фазада 5 тараппен келіссөздер жүргізілуде — бұлар Австралия, Еуроодақ, АҚШ, Үндістан және Канада», деп атап өтті.
Оның нақтылауынша, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі туралы келіссөздер негізгі төрт бағытта: ауылшаруашылық саласындағы мәселелер бойынша, қызмет көрсету нарығы мен тауар нарығына қол жеткізу бойынша және отандық заңанамаларды жетілдіру жайы кіретін жүйелі мәселелер бойынша жүргізілуде.
Сонымен қатар вице-министр, қазіргі уақытта «елдің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің нақты мерзімін болжау қиын», деп атап көрсетті. «Егер біз Дүниежүзілік сауда ұйымына тек мүшелік билетін алу үшін ғана кіргіміз келсе, онда біз келіссөздерді бірнеше жыл бұрын аяқтар едік. Бірақ біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудегі артықшылықтар мен өз міндеттерімізді толық түсінгіміз келеді, ал ол үшін ұзаққа созылатын келіссөздер жүргізу қажет»,- деп түсіндірді ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті