Қозғалтқышының көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын автокөліктерге салынатын салық 2014 жылдың 1-қаңтарынан бастап қымбаттайды. Бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Біз салықты 2014 жылдың 1-қаңтарынан бастап көтереміз деп отырмыз», — деді ол бейсенбі күні журналистерге.
«Көлік салығы мәселесі жөнінде туындап отырған сұрақтар бар. Өйткені, елге бұрын әкелінген ескі көліктер (қозғалтқышының көлемі 3000 текше метрден асатын – «ИФ-Қ») бар. Біз депутаттармен жұмыс тобы шеңберінде жұмыс істеп, сондай көліктер санын нақтылауға келістік. Содан соң оларға қандай тетіктер қолдануға болатынын ойластырамыз. Жаңа көліктерге салық міндетті түрде көтерілуі тиіс деп ойлаймын», — деп атап өтті ол.
Түзетулер бойынша: қозғалтқышының күші 3 мыңнан 3200 текше сантимерге дейінгі көліктер 35 АЕК (60 мың 585-61 мың 985 тг); 3200-ден 3500 текше сантиметрге дейінгі көліктер үшін 46 АЕК (79 мың 626-81 мың 726 тг); 3500-ден 4000 текше сантиметрге дейінгі көліктер 66 АЕК (114 мың 246-117 мың746 тг) салық төлемек.