Қазақстан мен Бахрейн арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан мен Бахрейн арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды

Қазақстан мен Бахрейн арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды

Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифаның Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында бүгін Ақордада екі ел арасындағы бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

  • 14 Сәуiр 2014
  • 616
Фото - Caravan.kz

Атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Бахрейн Корольдігі Сыртқы істер министрлігі арасында екіжақты консультациялар жөніндегі өзара түсіністік туралы, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Бахрейн Корольдігі арасында өнеркәсіп, инвестиция, шағын және орта кәсіпорындарды дамыту саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бахрейн Корольдігі Индустрия және коммерция министрлігі арасында азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар рәсімделді.

Бахрейн  қазақстандықтарға визаны әуежайда беретін болады.

«Бүгін біз елдеріміз арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесін талқыладық. Король қазақстандықтар үшін визаны тікелей әуежайда беру туралы тапсырма берді. Бұл біздер үшін өте маңызды», — деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Көшбасшысы екі ел арасында рәсімделген қосарланған салықты болдырмау, инвестицияларды қорғау мәселелері қарастырылған келісімдер бизнестің мемлекеттерде сенімді жұмыс істеуіне жол ашатындығын баса айтты.

Бахрейн Қазақстанда ислам банкі жүйесін дамытуда ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытуда.

«Арабтар Қазақстанда ислам банкі жүйесін дамытуда ынтымақтастық орнатуға ниетті. Бізге исламдық ірі қаржыландыру орталығы саналатын Бахрейннің тәжірибесі өте қызықтырады»,-  деді Елбасы.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті Бахрейн Королімен өткен бүгінгі келіссөздердің жемісті әрі мазмұнды болғандығын атап өтті.

«Бүгін талқыланған барлық мәселеде ортақ түсіністікке келдік. Осының барлығы да біздің көзқарасымыз бен ұстанымымыздың ортақ екендігін, мүддеміздің бір екендігін көрсетті», — деді Н.Назарбаев.

Қазақстан мен араб елдері арасында көптеген салаларда ынтымақтастық орнатуға болады.

«Осы орайда, Бахрейн мемлекеті шығанақтағы (Парсы шығанағы — авт.) басқа араб елдерімен бірлесе отырып, Қазақстанмен еркін сауда келісіміне қол қоюға талпынады. Бұл екіжақты қарым-қатынасымыз бұдан ары қарай аймақтық ынтымақтастыққа айналады деп санаймыз», — деді ол.

«Қазақстанмен тығыз қарым-қатынастар орнату біздің негізгі мақсатымыздың бірі болып саналады. Біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Атап айтқанда, өзара түсіністік туралы екіжақты меморандумдарына қол қойылғанына қуаныштымыз, әсіресе дипломатиялық салада бекітілген құжаттар маңызды», -деді Король.

Сонымен қатар ол мәдениет, өнеркәсіптік, азық-түлік қауіпсіздігі, білім беру, қаржы және инвестициялар салаларындағы ынтымақтастық маңызды екенін қадап айтты.


«Осы сапар барысында іскерліп топтардың басын қосуға тырыстық және өзара қаржы, инвестициялық келіссөздер өткізуге талпындық. Біз екі елдегі инвестициялық мүмкіндіктерді толығымен пайдалануға шақырамыз. Әсіресе, банк саласы мен басқа да бағыттар бойынша байланыстарды дамытуға ниеттіміз», — деді Хамад бен Иса әл-Халифа.

Бахрейн ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге белсене қатысуға ниетті.

«Келіссөздер барысында Бахрейн Үкіметінің Қазақстанда ЕХРО-2017 көрмесін өткізу шараларына белсенді қатысуға ниетті екендігі айтылды», — деді Елбасы.

Сонымен бірге Елбасы Бахрейн Королінің алғашқы ресми сапары және жүргізілген келіссөздер тараптардың өзара іс-қимылдарына тың серпін беретіндігін баса айтты.

«Біз елдеріміз арасында Іскерлік кеңес, Үкіметаралық комиссия құру туралы шештік», — деді ҚР Президенті.

Қазақстан Бахрейнге ауыл шаруашылығында ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

Елбасы Бахрейн Королінің сапары аясында екі елдің  ведомстволары бірқатар құжаттарға қол қойғандығын атап өтті. Олар консультациялар жүргізу, білім-ғылым және өзге де салалардағы ынтымақтастықты қамтитындығын айтып өтті.

«Біз ынтымақтастықтың басымдығы бар мынадай бағыттарын айқындадық. Біріншіден, Манама үшін азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Осыны ескере отырып, Қазақстан Бахрейнге ауыл шаруашылығында ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Екінші, елдеріміздің арасында бірлескен инвестициялық қор құрылатын болды. Ол Қазақстанның индустриалды-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіншілік береді. Үшінші, Бахрейннің алюминий өнеркәсіп өркендетуде тәжірибесі мол. Біз Алба компаниясымен бірге қазақстанда алюминий кластерін құру жұмыстарын жүргізетін боламыз», — деді Н.Назарбаев.