Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарушы директоры Сергей Полторацкий ҚХР астанасында өткен энергетика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-қытай кіші комитетінің 8-ші отырысы барысында мәлімдеді.
«Біздің елдеріміздің құзырлы ведомстволары ядролық өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум әзірледі. Бұл құжат ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Кэцянның осы жылғы желтоқсан айында өтетін Қазақстанға ресми сапары барысында қол қойылатын келісімдер тізіміне енгізілді. Бұл меморандум біздің елдеріміз арасындағы ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа көкжиектер ашады», — деді ол.
С.Полторацикий «Қазатомөнеркәсіп» АҚ көп жылдардан бері қытайлық атом компанияларымен — Қытай ұлттық ядролық корпорациясымен және Қытай Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясымен табысты ынтымақтасып келе жатқанын атап өтті. «Семізбай-U» бірлескен қазақстан-қытай кәсіпорны өткен жылы 100 мың тоннадан астам уран өндірді. Қытайға табиғи уран жеткізудің ұзақмерзімді келісімшарттарымен ҚХР-ға өткен жылы 5 мың тоннадан астам осы шикізат жеткізілді.
«Биылғы жылы 2014-2016 жылдары Қытайға қазақстандық отын таблеткаларын жеткізуге келісімшартқа қосымша шарт жасалды. Үлбі зауытында өндірістік желіні сертификаттау жүргізілді және Қытайға уақытша схемамен 10 тонна таблетка жеткізу ойдағыдай жүзеге асырылды. Таяудағы уақыттарда Қытайдың мемлекеттік органдары толық ауқымдағы коммерциялық жеткізілімдерді жүзеге асыру үшін таблеткаларды тасымалдауды келісу мәселелерін шешетін болады», — деп атап көрсетті С.Полторацкий.