Жарияланды: 520

Қазақстан мен Ресей "Байқоңыр" кешенінің жұмыс істеуіне жағдай жасау мәселесін бірлесе қарауда

Байқоңырда ғарыш айлағы кешенінің жұмыс істеу жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының кездесуі өтуде,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Бұл кездесу Қазақстан және Ресей үкімет басшылары 2004-жылдың 9-ақпанында қол қойған ""Байқоңыр" ғарыш айлағы кешенінің жұмыс істеуіне жағдай жасау мәселесі бойынша өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі Қазақстан мен Ресей арасындағы меморандум" шараларын жүзеге асыру аясында өткізілуде. Қазақстан жағынан өкілдерді ҚР әділет министрінің орынбасары Жақып Асанов, ал Ресейлік өкілдерді үкіметаралық комиссия құрамындағы кіші комиссияның хатшысы Андрей Болосов басқарады. Жұмыс тобының құрамына Байқоңыр әкімшілігінің басшысы Александр Мезенцев, ҚР президентінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы арнаулы өкілі Ерғазы Нұрғалиев, ҚР Аэроғарыш комитеті мен Росавиакосмос өкілдері, екі мемлекеттің түрлі министрліктері мен мекемелерінің қызметкерлері енген. Екі жақ өкілдері жетекшілерінің айтуынша, жұмыс топтарының отырыстарында Байқоңыр қаласының мәртебесіне, қаладағы атқарушы билік органдарының мәртебесі мен оны қалыптастыру тәртіптеріне қатысты мәселелер мен Қазақстанның мемлекеттік атқарушы органдарын қала өміріне қатысты өзекті мәселелер бойынша шешім шығаруға атсалыстыру тақырыбы талқыланады. Күн тәртібіне енгізілген бұдан басқа да маңызды мәселелер арасында "Байқоңыр" ғарыш айлағы кешенінің аумағында тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етудегі құқық қорғау мекемелерінің өзара ықпалдастығы туралы мәселе де бар. Кездесу қорытындысы 26-ақпанда шығарылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін