Жарияланды: 470

Қазақстан мен Ресей бір моторлы ұшақ өндіретін Бірлескен кәсіпорын құрмақшы

ҚР көлік және коммуникация министрлігінің Аэроғарыш комитетінің құрамындағы "Инфракос" РМК мен Ресейдің Хруничев атындағы мемлекеттік ғылыми-өндірістік ғарыш орталығы Т-411 "Аист" атты бір моторлы ұшақ өндіретін Бірлескен кәсіпорын құруға келісті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

"Инфракос" РМК-ның бас директоры Рзақұл Нұртаевтың айтуынша, көп функциялы әрі бір моторлы "Аист" ұшағының жобасы да, өзі де Хруничев атындағы мемлекеттік ғылыми-өндірістік ғарыш орталығында жасалған. "Аист" ұшақтарын "Байқоңыр" ғарыш айлағының қазір жартылай жұмысқа жегілген құрастыру-сынақ корпусында құрастыру көзделіп отыр. Бұған дейін бұл корпуста "Союз" және "Прогресс" зымыран тасығыштарын ұшуға әзірлеп келген болатын. Мамандардың пікірінше, жаңа ұшақ жоғары қауіпсіздігімен және қарапайымдығымен ерекшеленеді. Т-411 ұшағы 5 жолаушы немесе 300 кило жүк тасымалдай алады. Оны санитарлық ұшақ ретінде , әуеден күзету немесе ауылшаруашылығы мақсаттарында пайдалануға болады. Р.Нұртаевтың айтуынша, қазір жобаның техникалық жақтары егжей-тегжейлі келісілуде. "Инфракос" РМК-ның бас директоры қазақстандық және ресейлік тараптардың сұранысы қазіргідей деңгейде сақталған жағдайда алдағы бірнеше жылда Байқоңырда шағын авиациялық ұшақтарды шығару жолға қойылады деген сенімде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін