«Аймақ елдерінің өзара тиімді интеграциялануына талпыну қажет дегенге кәміл сенемін. Бұл жерде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Іскерлік кеңесі үшін ауқымды іс-қызметтер көкжиегі ашылады»,- деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Бішкекте өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының кеңейтілген құрамдағы отырысында.
Н.Назарбаев өткен жыл Шанхай ынтымақтастығы ұйымы үшін «ықпалды халықаралық ұйым ретінде нығаю жылы» болғанын атап өтті. Президент Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының ұйым шеңберіндегі әрбір кездесуі «ұйымның дамуындағы жаңа кезеңге бастама болатынын» атап өтті.
Ол бүгінгі саммиттің қорытынды құжаты болып табылатын ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі келісім-шарты «ынтымақтастықтың бұдан былайғы бағыттарын айқындайтынын» атап өтті.
Өз сөзінде мемлекет басшысы есірткі мен қарудың таралуына қарсы тұру механизмін жасаудың маңызын атап өтті. Н.Назарбаев сонымен бірге өңірдегі экологиялық қауіпсіздікке баса назар аудару қажеттігіне мән берді. «Қоршаған ортаға мониторинг жүргізу, оны сауықтыру тетіктерін жасау қажет»,- деді ол.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Еуропалық Одақпен әріптестік байланыстар орнатуын қолдайды. «Бұл тұрғыда да үлкен әлеует бар деп санаймын»,- деді Н.Назарбаев.
Сонымен бірге Қазақстан көшбасшысы Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бақылаушыларымен жүргізілетін жұмысты күшейтуге шақырды.
Қазір саммиттің кеңейтілген құрамдағы отырысы одан әрі жалғасуда. Кездесуде Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев, ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао мен Ресей президенті Владимир Путин сөз сөйледі. Қонақтар әріптердің ретімен сөз алуда.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті