Үндеуде атап көрсетілгеніндей, «Қоғамдық пікірге, нақты адамның мүдделері мен қажеттігіне құрметпен қарау, қоғамдық институттардың билікке деген ықпалының арта түсуіне көмектесу Қоғамдық палата қызметінің шешуші принциптері болатынын мәлімдейміз».
«Мемлекеттік билік органдары мен саяси партиялардың және азаматтық қоғам институттарының тиімді өзара іс-қимылы мемлекеттің демократиялық құрылысының негізгі принциптерінің бірі болып табылады»,- делінген құжатта.
Үндеу авторлары билік пен азаматтық қоғам арасындағы іс-қимылдың шынайы тиімді үлгісін сындарлы сұхбат арқылы, пікір алуандығы арқылы ғана жасай алатынына сенім білдіре келе, «мұның өзі азаматтарымыздың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі проблемаларын қоғамдық тұрғыдан бүкпесіз талқылап, ойдағыдай шешуге мүмкіндік береді», деп атап көрсеткен.
«Қазақстан Республикасы парламентінің мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата мемлекеттік саясатты іске асырудың ең жауапты кезеңі — заң шығару кезеңіне азамат ретінде ат салысудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді және қоғамдағы барлық белсенді қоғамдық-саяси күштердің — саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдар мен құқық қорғау ұйымдарының, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, кәсіпкерлер қауымдастықтарының, зиялы қауымның, ғалымдардың сұқбатын жалғастыру жолындағы маңызды құралдардың бірі болып табылады»,- деп атап көрсетілген үндеуде.
Барлық мүдделі тараптардың қандай да бір мәселелер бойынша өз пікірін Қоғамдық палата арқылы жеткізуіне, оларды сындарлы шешу жолдарын ұсынуына мүмкіндік беретін қоғамдық сұқбат алаңы жасалды.
«Қоғамдық палата қызметінде азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйін қозғайтын заң жобаларына қоғамдық сараптама жасауға, сондай-ақ реформалардың әлеуметтік бағдары күшейіп келе жатқан қазіргі кезеңде заңдарды қабылдау мен іске асырудың ықтимал салдарларын болжауға баса назар аударылатын болады», дейді үндеу авторлары.
«Қоғамдық палата мемлекеттік саясаттың елеулі мәселелері жөніндегі әртүрлі ұстанымдарды келісіп алуға мүмкіндік туғыза отырып, елдегі демократиялық дәстүрлерді одан әрі ілгерілетудің оңтайлы құралына айналады».
«Біз Қазақстан жұртшылығын Қоғамдық палатаның жұмысын құнды пікірлер мен ұсыныстар беру арқылы қолдауға шақырамыз»,- делінген үндеуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті