Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бұрынғы мемлекеттік хатшылар Джордж Шульц пен Генри Киссинджер, қорғаныс министрі Уильям Перри және сенаттың қорғаныс істері жөніндегі комитетінің төрағасы Сэм Нанн секілді америкалық төрт беделді саясаткердің бастамасымен таяуда қолға алынған Ядролық қауіпсіздік жобасының мақсаты ядролық қарусыз әлемді қолдау жөніндегі жаһандық қозғалысқа жаңа серпін беру болып табылады.
Бұл бастама АҚШ пен әлемнің қаруды таратпау саласындағы көптеген мемлекеттік қайраткерлері мен сарапшылары тарапынан қолдау тауып отыр, және қазіргі кезде осы мақсатқа қол жеткізудің нақты тетіктерін әзірлеу үшін халықаралық сарапшылардың диалогы және АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Германия және басқа да елдердің мемлекеттік қайраткерлері деңгейінде диалог құрылған. Қазақстан өз еркімен ядролық қарусыздану жолын таңдаған мемлекет ретінде және ядролық қарусыздануды таңдаудың пайдасын дәлелдеу және әлемді ядролық қару қаупінен құтқарудың жолын қандай нақты қадамдар арқылы көретінін баяндау үшін Лондонда өткен конференцияға қатысуға айрықша шақыру алды.
Кездесуде Қанат Саудабаев: «Жаппай қырып-жою қаруының жайылуы және оның халықаралық лаңкестердің қолына түсуі ғаламдық қауіпсіздік үшін аса қатерлі қауіп болып табылады. Сондықтан да бүгінде ядролық қарудан азат әлемге «жол картасын» әзірлеу үшін үкіметтер мен әлемдік жұртшылықтың күш-жігерін біріктіру маңызды. Осы орайда жер-бетіндегі екінші ірі ядролық полигонды жауып, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстанның үлгісі аса пайдалы және тиімді бола алады», деп мәлімдеді.
Аталған диалогқа премьер-министр Г.Браунның ядролық қаруды таратпау жөніндегі кеңесшісі баронесса Ш.Уильямс, Ұлыбританияның, Германияның, Ресейдің Францияның бұрынғы сыртқы істер министрлері М.Бекетт, Й.Фишер, И.Иванов және У.Ведрин, сондай-ақ Халықаралық атом энергиясы агенттігінің бұрынғы бас директоры Х.Бликс секілді тұлғалар қатысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті