Жарияланды: 650

Қазақстан ұлттық сусын - қымызға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей отыр - депутат

Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл отандық қымыз өндірушілерді мемлекеттік қолдау бағдарламасын әзірлеу қажет деп мәлімдеді.

«Қымыз өндіруді үйреніп алған кейбір мемлекеттер жұртқа ақыл-кеңес беруге көшкен. Біздің елімізде қымыз өндірісін ұлттық экономикалық саясат рельсіне қою қажет деп ойлаймын», - деді ол сәрсенбі күні мәжілісте өткен үкімет сағатында. Оның айтуынша, Ресейдің Саха республикасында бұл мәселе қымыз туралы жеке заң арқылы реттеледі. «Аталған заң бойынша қымыз өндіретіндерге өзгелермен салыстырғанда екі есе артық субсидия бөлінеді, жеңілдікпен несиелер беріледі. Үкімет электр қуаты мен қымызды тасымалдауға кететін шығынның бір бөлігін өтеп береді. Өкпе ауруларына шалдыққан, операцияға түскен адамдар, жазғы демалыс лагерьлеріне барған балалар мен жетімдер үйлерінің тәрбиеленушілеріне бюджет есебінен қымыз беріледі. Осының бәрі қымыздың отаны - қазақ жерінде баяғыдан жүзеге асырылуы керек еді», - дейді А.Смайыл. «Бірнеше ғасырлық тарихы бар әрі пайдасы зор қымыздың ұлттық мәнін бағаламай жүрміз. Салдарынан 21-ғасырда оны біз емес өзгелер өтімді тауарға айналдырып алды», - деді халық қалаулысы. Мысалы, Ресейде бие сүтінен 500 тонна балалар тағамы жасалады, қымызбен емдейтін ондаған шипажай бар. Ал, 50-ден астам қымыз фермасы бар Германияда осы сусынды бауыр, өкпе, жүрек-қан тамыры мен имундық жүйе ауруларын емдеуге пайдалануға болатыны дәлелденді, деді А.Смайыл. «Германияда қымыздан тіпті қымбат косметикалық крем, балмұздақ жасап шығарды. Еуропаның бірқатар елдерінде қымыздан таблетка түрінде жасалған дәрумендер сатылады. Қымыздың артықшылығына көзі жеткен Чехия мен Франция да аталған сусын өндіретін кәсіпорындар ашуды көздеп отыр. Ал, бізде мұның бірі де жоқ», - деп мәлімдеді ол. Депутаттың мұндай мәлімдеме жасауына отандық қымыз өндірушілердің жолдаған хаты түрткі болыпты. Олар үкіметтен көршілес Ресейдегідей заң қабылдауды талап етіп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін