Жарияланды: 890

Қазақстан ядролық қару таратпау жөніндегі келісімді қазіргі жағдайға бейімдеу қажет деген пікірде

Астана. 29 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан ядролық қару таратпау жөніндегі келісімді қазіргі жағдайға бейімдеу қажет деген пікірде. Бұл туралы кеше Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 63-ші сессиясында сөйлеген сөзінде ҚР СІМ Марат Тәжин мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Жұмсалып отырған күш-жігерлерге қарамастан, дүниежүзіндегі қауіпсіздік нығаймай отыр, бұрынғыдай қарусыздану мен халықты жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелерінде халықаралық консенсус пен ілгерілеушілік байқалмай отыр. Тіпті парадокс сол, ғаламдық саясаттың элементі ретінде ядролық фактордың ролі төмендеудің орнына керісінше, арта түсуде. Дүниежүзі технологиялық озық деңгейге көтерілген жан таласа қаруланудың жаңа бастауында тұр", - деді М. Тәжин. "Қазақстан, дүниежүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан ел ретінде ядролық қару таратпау жөніндегі келісімді қазіргі жағдайға бейімдеудің жаңа тетіктерін жасау айрықша қажет деген пікірде", - деді ол. "Біз мүше елдерді ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі келісімнің күшіне ену процедураларын тез арада аяқтауға және оның верификациялық тетіктерін нығайтуға шақырамыз. Бұл мақсатқа осы күндері біздің елімізде бұрынғы Семей ядролық полигонында жүргізіліп жатқан Интеграциялы алаңдық сынақтар инспекциясы қызмет етеді" ,- деді Қазақстан СІМ. "Ядролық қаруды жою және қару таратпау режимдерін нығайту барша үшін ешбір шартсыз басымдыққа айналуға тиіс", -деген сенімде ол. М. Тәжин атап өткеніндей, Қазақстан сонымен бірге "ғарыштағы жан таласа қаруланудың алдын алу жөніндегі келісімді қабылдау және қарапайм қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес шараларын, соның ішінде БҰҰ эмбаргосын сақтауға тиімді бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды және жеңіл атыс қарулары саласындағы іс-әрекеттер бағдарламасын орындау шараларын қабылдау туралы бастамаларды толық қолдайды ". Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін