Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Елімізде асыл тұқымды және етті ірі қара мал басы өсіп жатыр. Мәселен, 2009 жылы еліміздегі асыл тұқымды етті малдың үлесі 1,9 пайызға жетпесе, бүгінде бұл көрсеткіш 14,6 пайызға өсіп отыр. Яғни, өсім 10 есені құрайды», — деді ол.
Министрдің сөзіне қарағанда, асыл тұқымды мал басы импорт есебінен ғана емес, сонымен бірге ел ішінде де малдың өсіп-өнуі арқылы көбейіп келеді.
«Мұнымен айналысу тиімді бола бастады. Егер, ертеректе біздегі тірі малдың 1 келі салмағы шамамен 400-500 теңгені құраса, бүгінде асыл тұқымды малдың тірі салмақтағы 1 келісі 1500 теңгені құрайды және бұл тиімді бизнеске айналып отыр. Адамдар мұны түсініп, асыл тұқымды мал басын қарқынды өсіре бастады»,- деді А.Мамытбеков.
Қазақстан шетелден асыл тұқымды ірі қара мал импорттауды тоқтатпақ.
Министрдің атап өтуінше, «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы қолға алынған сәттен бастап елімізге шамамен 50 мың бас ірі қара мал әкелінген. Ал 5 жылға арналған жоспарға сәйкес 72 мың бас ірі қара жеткізілуі тиіс еді.
«Дегенмен біз қазірдің өзінде ішкі өсіп-өнудің нәтижесінде елдегі асыл тұқымды мал басына қажеттіліктің төмендегендігін байқап отырмыз. Біз енде бұл қолдау бағдарламасын тоқтатамыз. Бірақ, бизнес әлі де болса мал әкелуге ниет танытып отыр»,- деді ол.
А.Мамытбековтің сөзіне қарағанда, жоба алғаш бастау алған сәтте асыл тұқымды малдың тірі салмақтағы 1 келісі 2500 теңгеге дейін жеткен. Ал қазіргі уақытта мал басының көбеюіне байланысты 1300-1500 теңгеге дейін төмендеген.
«Бұл фермерлердің сатып алуына қолжетімді баға. Сондықтан да импорттаудың аса қажеттілігін көріп отырған жоқпыз», — деді ол.