Қазақстандағы су шаруашылығы жүйелерінің күрделі ахуалы ел экономикасы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіре бастады- БҰҰ Даму бағдарламасы - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы су шаруашылығы жүйелерінің күрделі ахуалы ел экономикасы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіре бастады-   БҰҰ Даму бағдарламасы

Қазақстандағы су шаруашылығы жүйелерінің күрделі ахуалы ел экономикасы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіре бастады- БҰҰ Даму бағдарламасы

Қазақстандағы су шаруашылығы жүйелерінің күрделі ахуалы ел экономикасы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіре бастады. БҰҰ Даму бағдарламасы сарапшыларының осындай пікірін бүгін, 13-қаңтарда 2002-жылғы Адам дамуы туралы Қазақстанның Ұлттық есебінің Алматыда өткен тұсаукесерінде БҰҰ Даму бағдарламасының еліміздегі тұрақты өкілі Фикрет Акчура жария етті. Адам дамуы туралы бұл жолғы есеп Қазақстан экономикасы мен тұрғындарын сумен қамтамасыз ету тақырыбына арналған.

  • 13 Қаңтар 2004
  • 4043
Фото - Caravan.kz

БҰҰ сарапшыларының пайымдауынша, Адам дамуының индексіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі — тұрғындардың сапалы ауыз суға қол жеткізу мүмкіндігі болмақ. БҰҰ Даму бағдарламасының мәліметіне сүйенсек, тұрғындарды сумен қамтамасыз ету деңгейі Қазақстанда жылына 1 мың текше метрді құрайды. Сумен қамтамасыз етудің ең төменгі деңгейіне саналатын бұл көрсеткіш елдің экономикалық дамуына кері ықпалын тигізе бастады. Қазақстандағы жалпы тұщы су қоры 539 текше шақырымға бағалануда. Бұл орайда өзен суларының 56 проценті ғана еліміз аумағында қалыптасатындықтан, бұл фактор Қазақстанның көршілес мемлекеттердің әрекетіне тәуелділігін арттыра түсуде.

Өзен суларының көлемін салыстыра бағалау нәтижесі соңғы 20 жылда еліміздегі өзен суларының жалпы көлемі 25,3 текше шақырымға азайғанын айғақтап берді. Экономикалық мақсатта пайдалануға жарамды қолда бар су қоры 43 текше шақырымнан аспайды. Ылғал тапшы жылдары бұл көлем 25 текше шақырымға дейін азаяды.
ТМД елдерінің арасынан сумен қамтамасыз етілу деңгейіне қарай Қазақстан соңғы орында. Күн райының ахуалына байланысты жер бетіндегі сулардың 90 проценті көктем маусымында түзіледі, бұл көлемді ұстап қалуға қолданыстағы су қоймаларының қуаты жетіспейді.
Өнеркәсіп жоғары деңгейде дамыған Орталық (ҚР көлеміндегі жер беті суларының небәрі 3 процентіне ие) және Солтүстік (4 процент) өңірлер суға айрықша мұқтаж. Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Ақтөбе облыстары сынды негізгі мұнай өндіруші облыстарда тұщы су мүлдем дерлік жоқ. Бұл факторлар Қазақстан аумағындағы байлық қорларын толыққанды пайдалануға жол бермейді.
Сапасыз су тұтыну да республика тұрғындарының денсаулығына айтарлықтай әсер етуде. Мәселен, Қазақстан тұрғындары арасында кездесетін ауру түрлерінің 80 проценті су сапасының төмендігіне тікелей немесе жанама түрде байланысты. Атап айтсақ, Қазақстан тұрғындарының 50 проценті қаттылық нормаларына сай келмейтін суды, 5 проценті тазалық және гигиеналық талаптарға сай келмейтін суды тұтынуға мәжбүр. Республика ауылдарының басым бөлігінің тұрғындары (72,4%-і немесе 3 млн.-ға жуық адам) орталықтандырылмаған су көздерінен, басқаша айтқанда, жай құдықтар, бастаулар мен артезиан құдықтарының суын пайдаланады.
Су құбырларының 40 проценттен астамы қажетті су тазарту қондырғыларының кешенімен қамтамасыз етілмеген. Су тарату желілерінің 70 процентінің тозығы жетіп, түрлі апаттар мен судың ластануы белең алуда.
Су тұтыну құрылымына талдау жасағанда, негізгі су тұтынушы ролін ауылшаруашылығы атқарып, судың 77 процентін әжетке жаратып отырса, коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждыққа судың небәрі 5 проценті ғана пайдаланылады. Мамандардың пікірінше, су үнемдеудің орасан зор потенциалы дәл осы жерде байқалады. Ауылшаруашылығы саласының су тұтыну мөлшері 1970-ші жылдардың орта шенінен бері мүлдем өзгермеген. Соған қарамастан, Жалпы Ұлттық Өнім құрамындағы бұл саланың иемденетін үлесі 23-тен 9 процентке дейін азайған. Ауылшаруашылығы саласында озық технологияларды пайдалану — саладағы су тұтыну мөлшерін анағұрлым азайтуға түрткі болуы тиіс.
БҰҰ Даму бағдарламасы сарапшыларының пікірінше, аталған өзекті проблемаларды шешуге Қазақстанның мүмкіндігі толық жетеді. «Бүкіл проблеманың түйіні — адамдардың суға деген адамдық қарым-қатынасын қалыптастыруда болмақ»,- деді Ф.Акчура.
Мәселен, құны тым қымбатқа түспейтін қарапайым жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде БҰҰ-ның Даму бағдарламасы Қызылорда облысының Қазалы ауданында 10 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге, тұзданып кеткен 300 гектар суармалы алқапты, 400 гектар жайылымдар мен шабындықтарды, суы тартылып қалған 2 көлді қалпына келтіруге, соның нәтижесінде онда балық аулау жұмысын жаңғыртуға қол жеткізді.
Проблеманы ірі масштабта шешу үшін аймақтардың экономикалық даму және экологиялық мүдделерін жоғары деңгейде ескеру негізінде су қорын пайдалану, су үнемдеу және оны пайдалану бағытындағы түрлі мекемелердің күш-жішгерін өзара үйлестіру және осы бағыттағы экономикалық тетіктерді қалыптастыру арқылы Ұлттық тұрақты даму стратегиясының жобасын жасау қажет. Сондай-ақ, сарапшылардың пайымдауынша, 2010-жылға дейін су жеткізу құнын оның нарықтағы бағасымен сәйкестендіру қажет. Соның нәтижесінде 1 текше метр судың бағасы қазіргі 30-60 теңгеден 100 теңгеден кем түспейтіндей шамаға дейін өсуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар