Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 469.59
  • 536.22
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Еліміздің Ата заңына сәйкес ҚР Президентіне Парламент Сенатының 15 депутатын тағайындау құзіреті берілген. Осы құзіретін пайдаланған Елбасы апта ішінде жоғарғы палатаның өкілеттігі аяқталған бір топ депутатының орнына жаңа сенаторларды тағайындады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Малайзиядағы жаңа Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне кірісті. Бұдан бөлек еліміздің орталық және жергілікті органдарында да кадрлық ауыс-түйіс орын алды.

  • 31 Тамыз 2013
  • 682
Фото - Caravan.kz

ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және басқа да кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.

Сонымен мына азаматтар ҚР Президентінің Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды: Әйтімова Бірғаным Сарықызы; Бейсенбаев Асқар Асанұлы; Громов Сергей Николаевич; Қиынов Ләззат Кетебайұлы; Ким Георгий Владимирович; Қосдәулетов Дулат Рашитұлы; Нөгербеков Серік Нөгербекұлы; Оразалин Нұрлан Мірқасымұлы.

Б.Әйтімова 1953 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Орал педагогикалық институтын, Алматы саясаттану институтын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. ҚР Парламент Сенатының депутаты, Қазақстанның Израильдегі елшісі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, еліміздің Білім және ғылым министрі болды. Елбасы тағайындауына дейін Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі  және Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болды.

А.Бейсенбаев 1961 жылы дүниеге келген. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын, Ресей-Қазақстан қазіргі заманғы гуманитарлық университетін бітірген. 1998-2001 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2001-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екінші шақырылымының депутаты. 2004-2007 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылымының депутаты -Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы «Отбасы» депутаттық тобының мүшесі,Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы «Ауыл» депутаттық тобының мүшесі. 2007-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымының депутаты — Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болған.
2008 жылдан ҚР Президентінің ҚР Парламентіндегі өкілдігінің басшысы қызметін атқарған. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.

1959 жылы Алматы облысында дүниеге келген Сергей Громов Алматы саясаттану және басқару институтын, «Әулие ата» университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының жетекшісі қызметтерін атқарған. 2011 жылдан бастап осы уақытқа дейін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болған.

Ләззат Қиынов — 1971 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген, тау-кен инженері. Техника ғылымдарының докторы. Институтты тамамдағаннан кейін «Жетібаймұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының мұнай мен газ ендіру жөніндегі операторы болып жұмыс істей бастайды. Кейін «Маңғышлақ мұнай-химия өнеркәсібі» аумақтық-өндірістік басқармасының бас инженері, «Қаражанбастермұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы, «Комсомолмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы болады. 1992 жылдан 1993 жылға дейін «Маңғышлақмұнай» өндіріс бірлестігінің бас директоры, 1993 жылдан 1995 жылға дейін Маңғыстау облыстық әкімшілігінің басшысы, 1995 жылдан 1997 жылға дейін мұнай және газ өндірісі министрінің орынбасары,1997 жылдан 1999 жылға дейін Каспий құбыры консорциумының (Алматы қаласы) бас директоры, 1999 жылдан 2002 жылға дейін Маңғыстау облысының әкімі қызметін атқарады. 2002 жылдың ақпанынан 2003 жылдың наурызына дейін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының президенті, 2003 жылдың наурыз айынан бері ҚР Энергетика және минералдық ресурстар, кейін ҚР Мұнай және газ вице-министрі қызметтерін атқарды.

Георгий Ким 1953 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген. ҚР Конституциялық сотының судьясы, ҚР Әділет вице-министрі, министрі, ҚР Бас прокурорының орынбасары, ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің төрағасы, ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы, Республикалық жеке сот орындаушылары алқасының төрағасы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ бұған дейін де Елбасы Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған еді.

Д.Қосдәулетов Ақмола облысында 1952 жылы дүниеге келдi. Мәскеу заң институтын бiтiрген. 1996 жылдан 2000 жылға дейін Ақмола облысының прокуратура органдарында қызмет атқарған. 2000-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында әр түрлі лауазымдарда болды. 2001-2005 жылдары — Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Мемлекеттiк органдары қызметiндегi заңдылықты қадағалау департаменті бастығының орынбасары. 2005 жылдан Сенат депутаттығына тағайындалғанға дейін ҚР Әділет министрінің орынбасары қымзетін атқарды.

Серік Нөгербекұлы 1962 жылы туған. Қарағанды кооператив институтын аяқтаған. Экономика ғылымдарының докторы. Қарағанды облыстық қаржы басқармасының бастығы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Қаржылық реттеу департаментінің директоры, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ президенті, ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Нұрлан Оразалин 1947 жылдың 13 маусымында Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Көкбастау ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын 1970 жылы "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінде әдеби қызметкер болып бастады. 1972-1984 жылдар аралығында республика Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясында редактор, аға редактор, бас редактор қызметтерін атқарды. 1984-1986 жылдары республикалық қуыршақ театрының директоры болды. 1986 жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағының бірінші съезінде одақ басқармасының бірінші хатшысы болып сайланып, 1986 жылы өткен КСРО Театр қайраткерлері одағының бірінші съезінде басқарма құрамына енді. 1990-1993 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1993-1996 жылдары "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1996 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болды.


Сондай-ақ ҚР Президентінің Жарлығымен Данияр Қабидоллаұлы Сарекенов Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Уақытша сенімді өкілі болған еді.

Осы аптада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті мен Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің басшылары тағайындалды. Атап айтқанда Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағайымы қызметіне Лаура Ахметниязова тағайындалды. Ол 2011-2013 жылдар аралығында ҚР ДСМ Стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары лауазымында болды. Сонымен қатар тиісті бұйрықпен Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрайымы болып Айжан Есмағамбетова тағайындалды. Бұған дейін ол Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған еді.

ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде де бірқатар кадрлық-ауыс түйіс орын алды. Сонымен агенттіктің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Шырынәлі Үсенов ведомствоның Қарағанды облысы бойынша департаментіне осындай лауазымға ауыстырылды. Өз кезегінде ТМРА-ның Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Төлеген Максилов ТМРА-ның Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы болып ауысты. ТМРА-ның Ақмола облысы бойынша аумақтық департаменті директорының лауазымын атқарған Ербол Есіркепов агенттіктің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментін басқаратын болды. Агенттіктің орталық аппараты Бақылау және талап қою жұмысы департаментінің бұрынғы директоры Асылбек Аламан ТМРА-ның Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары болды.

Ақиола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметовтің өкімімен Жарқын Жұмағұлов Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалды. Жарқын Жанғожаұлы 1967 жылы туған. Екі жоғары білімі бар, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Алғаш еңбек жолын 1988 жылы Көкшетау облысы Зеренді ауданы Подлесное совхозында жұмысшы болып бастады. Одан әрі «Риока» ЖШС басшысының орынбасары, «Жұмағұлов және К» толық серіктестігінің басшысы болды. Бұдан кейін «Астана-Зеленстрой» АҚ құрылыс жұмысын басқарушы, бас агроном болып қызмет атқарды. Әр жылдары «Астана орманы» МКК басшысы, «Астана-Зеленстрой» АҚ бас директоры лауазымдарында еңбек етті. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Астана-Зеленстрой» АҚ басқарма төрағасы болып қызмет істеді.

Қызылорда облысы Сот актілерін орындау департаментіне басшы болып Данияр Жанзақов тағайындалды. Данияр Жамшитұлы Жанзақов Ақмола облысында туған. Еңбек жолын Астана қаласы соттар әкімшісінің сот орындаушысы (2005 жылдың қыркүйегінен 2007 жылдың ақпанына дейін) болып бастаған. 2010-2012 жылдар аралығында Сыр өңірінің Сот актілерін орындау департаменті басшысының орынбасары ретінде қызмет атқарған Данияр Жамшитұлына бұл аймақтың жұмыс барысы жат емес. Ол 2012-2013 жылдар аралығында Астана қаласы Сот актілерін орындау департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы міндетін атқарушы болып Болат Берсебаев тағайындалды. Болат Берсебаев Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі (1999), ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германияның Ф. Шиллер атындағы университетінде білім алған, саясаттану магистрі. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығында, ҚР Президентінің баспасөз-хатшысының орынбасары, «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының басқарушы директоры, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған. «Нұр Отан» партиясының хатшысы міндетін атқарушы болып тағайындалуына дейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары кеңесшісі болды.