Қазақстандық коммерциялық Bank RBK 2013 жылдың соңына дейін өзіндік капиталын 21,6 млрд теңгеге дейін жеткізбек, 1-қыркүйектегісі 15,8 млрд теңгені құрап отыр, деп хабарлады банктің баспасөз қызметінен.
Оның ішінде банк капиталы 5 млрд теңгеге жай акцияларды орналастыру есебінен арттырылмақ.
Банк акционерлері 2-қыркүйекте кезектен тыс жалпы жиында жария етілген жай акциялардың санын 2 млн данаға арттыру туралы шешім қабылдады.
"Жарғылық капиталдың арттырылуы банкке рынокта бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Ақша экономиканың корпоративті секторын қаржыландыруға, шағын және орта бизнестегі қазақстандық кәсіпорындарға несие беруге мүмкіндік береді", деді банктің директорлар кеңесінің мүшесі Әнуар Сәйденов.
Мемлекеттік қаржылық қадағалау мәліметтеріне қарағанда, 2012 жылдың нәтижелері бойынша Bank RBK активтерінің көлемі жағынан 38 қазақстандық банктің ішінде 20-шы орынға ие болды.