Жарияланды: 620

Қазақстандық бітімгершілер Ирактағы жұмысына кірісіп, 1100-ден астам жарылғыш заттарды залалсыздандырды

Ирактағы тұрақтандырушы күштердің құрамына қамтылған Қазақстандық "Қазбат" бітімгершілік батальонының инженерлік-саперлік отряды Ирактағы тікелей міндетіне кірісіп, 1000-нан астам артиллериялық снарядтарды, 100-ге жуық танкке қарсы және жаяу әскерге қарсы қолданылатын жарылғыш миналарды, сондай-ақ, "ауа-жер" жүйесінде жұмыс істейтін 10 зымыранды залалсыздандырды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен бүгін, 10 -қыркүйекте

таратылған хабарламада айтылған. Хабарламада атап көрсетілгеніндей, 3-қыркүйекте қазақстандық бітімгершілік батальоны Ирактың оңтүстік-орталық аймағындағы әскери басқаруды көп ұлтты дивизияға тапсыру салтанатына қатысты. 5-қыркүйекте инженерлік-саперлік отряд тікелей міндетін атқаруға кірісті. Сондай-ақ, жергілікті әуежайдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бөлімше 300 дабылдық миналар орнатты. Қазіргі таңда топтың басым бөлігі далалық лагерьде орналасып, оны жабдықтау-жайластыру жұмыстарымен айналысуда. Батальон құрамының денсаулық жағдайы жақсы. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Қазақбатальоны" инженерлік-саперлік отряды екі топқа бөлініп 19 және 20-тамызда Кувейтке ұшып кеткен болатын. Мұнда бітімгершілер күн райының өзгерісіне бейімделу сатысынан өтті. Отряд Бағдад қаласынан солтүстік-шығысқа қарай Иран шекарасына таяу жердегі поляктарға қарасты аймақта орын тепкен. Украиналық бітімгершілік топ та осы аймақта орналасты . Қазақстандық бітімгершілік топтың басты мақсаты - жарылғыш заттар құрылған алаңдарды залалсыздандыру және ауыз су көздерін табу болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін