Жарияланды: 760

Қазақстанның биометриялық төлқұжаттары халықаралық стандарттарға толық сай келеді - IKAO тестісінің нәтижелері

Астана. 24 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның биометриялық төлқұжаттары халықаралық стандарттарға толық сай келеді. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Әділет министрлігінің құқықтық көмек көрсету және тіркеу қызметі комитетінің төрағасы орынбасары Бақыт Әбішев мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Қазақстанның биометриялық немесе электронды төлқұжаттары Халықаралық азаматтық авиация ұйымының ашық кілттер директориясының жыл сайынғы конференциясында тестілеуден өтті ", - деді Б. Әбішев. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, биылғы жылы шілденің басында Қазақстанның электронды биометриялық төлқұжаттарының алғашқы нағыз үлгілері сынақтан табысты өткен. Ол отандық үлгілердің барлық халықаралық нормалар, талаптар мен техникалық сипаттамаларға 100 пайыз сай келетіндігін растады. Сынақ жұмыстары Сингапурдегі "Чанги" халықаралық әуежайындағы шекаралық бақылау-өткізу пункттерінде пайдаланылатын арнайы есептеу құралдары мен бағдарламалық қамтамасыз етуде жүргізілген. "Біз сонымен бір мезгілде Еуропаның тәуелсіз зертханаларында сынақ жұмыстарын жүргіздік. 16 маусымда біз өніміміздің барлық халықаралық нормаларға сай екендігі жөніндегі сертификат алдық", - деп атап өтті сол кезде комитет төрағасы Самат Әбіш. Оның айтуынша, жаңа төлқұжаттар ағымдағы жылдың қараша айының басынан бастап берілмек. Жаңа төлқұжаттардың бастапқы құны шамамен 5 мың теңге. "Осындай төлқұжаттар жаппай шығарылғаннан кейін қазақстандықтар электронды биометриялық төлқұжаттарды пайдалану міндетті болып бекітілген немесе осындай құжаттардан мәліметтерді оқи алатын құралдар орнатылған елдерде төлқұжаттық бақылауды бұрынғыдан қолайлы әрі қысқа уақыт ішінде өте алатын болады", - деді Әділет министрлігіндегі комитет төрағасы. ҚР Ұлттық банкінің "Банкнот фабрикасы" РМК директоры Жомарт Қажымұратовтың айтуынша, осы жобаны жүзеге асыру басталғаннан кейінгі алғашқы күндерден бастап Банкнот фабрикасы электронды төлқұжат жасау процесіне қатысып келеді. Жаңа электронды төлқұжаттың сынақ үлгісінің көркемдігін жасау мен басып шығаруды фабрика мамандары іске асырған. Ол сондай-ақ, өзінің құрамы, қолданылған қорғаныс элементтері және материалдары бойынша жаңа төлқұжат Халықаралық азаматтық авиация ұйымының кеңестеріне толығымен сәйкес келетінін атап көрсетті. "Жаңа құралдар сатып алынып, орнатылды. Мамандар оқытылды. Сонымен бірге, жаңа электронды төлқұжаттарды жаппай өндіруге қажетті материалдарды сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілді. Осы кездесуде ұсынылған төлқұжат бланкі 100% Банкнот фабрикасының күшімен және құралдарымен дайындалды", - деді Ж. Қажымұратов. Баспасөз мәслихатына қатысқандардың хабарлауынша, Қазақстанның биометриялық төлқұжатының чипіне құжат алатын адамның өмірбаяндық мәліметтері мен оның сандық суреті енгізіледі. Сонымен қатар, олар төлқұжаттың шынайылығын тағы да чипте орнатылған құжат берген органның электронды сандық қолтаңбасы берік қорғайтынына сендірді. Төлқұжат иегерінің суреті лазерлік бедерлеу әдісімен салынатын болады. Бұл оның тіпті өнеркәсіп жағдайында қолдан жасау мүмкіндігін жоққа шығарады. Төлқұжат сондай-ақ, тасымалдау кодымен қорғалады. Сондықтан, ол егер қандай да бір жағдаймен тасымалдау кезінде жоғалып жатса, ондағы мәліметтер оқылмайтын болады. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть