Жарияланды: 700

Қазақстанның Испания Корольдігіндегі елшісі Испания Королі І Хуан Карлосқа сенім грамотасын тапсырды

Астана. 26 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі Ерғали Бөлегенов Испания Королі І Хуан Карлосқа сенім грамотасын тапсырды, деп хабарлайды агенттік тілшісі ҚР СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Рәсім айрықша салтанатымен ерекшеленді, дипломат ҚР елшілігінен Испания Сыртқы істер министрлігіне және әрі қарай полицейлік эскорттың, Корольдік Ұланның Әскери атты эскадронының ілесуімен Мадридтің орталығы арқылы Король сарайына жеткізілді. Салтанатты рәсім Испания Королінің сарайында өтті. Сенім грамотасын тапсырғаннан кейін елші Испания Королімен сұхбаттасты, оның барысында екіжақты ынтымақтастықты тереңдету және кеңейту мәселелері талқыланды. Е.Бөлегенов Испаниямен қарым-қатынасты дамытуға Қазақстан басшылығы зор маңыз беретінін атап өтті. Бұдан басқа қазақстандық дипломат атап көрсеткеніндей екі мемлекет басшыларының көп жылғы достығы - екіжақты ынтымақтастықтың барлық салаларында Қазақстан-Испания қарым-қатынасын нығайту және дамытуда маңызды фактор болып табылады. Қазақстан Елшісі таяуда басқарма төрағасы А.Дунаев басқарған "Қазына" тұрақты даму қоры өкілдерінің Испанияға жасаған сапары туралы, алда тұрған, келесі жылдың басында болатын ҚР Қорғаныс министрі Д.Ахметовтың Мадридке сапары туралы Испания Короліне әңгімелеп берді. Бұдан басқа қазақстандық дипломат Испания үкіметінің төрағасы Х.Л.Сапатероның Қазақстанға сапары туралы, сондай-ақ үкіметаралық қазақстандық-испаниялық комиссияның экономика мен өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі төртінші отырысы ағымдағы жылдың аяғына дейін өтетіндігі туралы екіжақты уағдаластықтар бар екендігін еске салып өтті. Сондай-ақ, Қазақстан елшісі еліміздің президенті Н.Назарбаев өзінің таяудағы Испанияға сапары барысында Король І Хуан Карлосты Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп қайтуға шақырғанын тілге тиек етті және Испания монархы осы шақыруды қабыл алатынына және испандық протокол сапар үшін қолайлы мерзімді белгілейтініне сенім білдірді. Сонымен бірге сұхбат барысында қазақстандық елші Алматыда немесе Астанада Сервантес институтының орталығын ашу туралы уағдаластықты іске асыруға жәрдем көрсетуді Испания Королінен өтінді. Испания Королі Қазақстан-Испания қарым-қатынасын дамытуға және екі мемлекет басшылары арасындағы уағдаластықтарды іске асыруға зор маңыз беретіндігін атап көрсетті, бұл ретте, мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілгендігін хабарлады. Қазақстандық дипломат сондай-ақ республикадағы экономикалық және саяси жағдай туралы ақпарат берді, бұл орайда, елімізде Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қызу дайындық жүріп жатқаны атап көрсетілді. Осыған байланысты елші "Еуропаға жол" атты мемлекеттік бағдарламаны Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бекіткендігі туралы, онда еуропалық елдермен саяси, технологиялық, инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық сияқты бірқатар бағыттар бойынша қазақстандық басымдықтар көрсетілгендігін хабарлады. Қазақстанның қазіргі кезеңдегі дамуы туралы, өңірлік қауіпсіздікті күшейту және конфессияаралық диалогты дамыту саласында АӨСШК, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезі, Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы сияқты Қазақстанның халықаралық бастамаларын дәйекті түрде ілгерілету туралы, Батыс және Шығыс елдерінің сыртқы істер министрлерінің Астанада өтетін "Ортақ әлем: саналуандық арқылы ілгерілеушілікке" атты алдағы форумы туралы, сондай-ақ әлемнің бәсекелестікке қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөніндегі стратегияны іске асыру туралы Испания Короліне ақпарат берілді. Король І Хуан Карлос айрықша достық қарым-қатынасты атап өтіп, ҚР президенті Н.Назарбаевқа ізгі тілектерін жеткізуді сұрады. Өз кезегінде қазақстандық дипломат жылы жүзді қабылдау үшін Испания Короліне ризашылығын білдірді және Қазақстан мен Испания арасындағы өзара қарым-қатынасты дамыту үшін барлық күш-жігерін жұмсаймын деп сендірді. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін