Жарияланды: 30

Қазақстанның үшінші бітімгершілік ротасы миссиясын орындауға Ливанға келді

Қазақстанның үшінші бітімгершілік ротасы миссиясын орындауға Ливанға келді

 

Қазақстандық бітімгершілік полкінің үшінші бітімгершілік ротасы «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясына қатысу үшін Ливанға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бөлімшеде 120 әскери қызметші және Қазақстанның өңірлік қолбасшылықтары мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 120 әскери қызметшісінен құралған бөлімшені Үнді батальонының командирі Нараян Бати қарсы алды. Ол әскери қызметшілерге құттықтай келе, «бірінші және екінші бітімгерлік рота өз қызметтерін жақсы орындады. Сіздердің Үндістанда арнайы курстан өткендеріңізді білемін. Сіздер сияқты үздіктерді қарсы алу, мен үшін үлкен құрмет. Қазақстандық әскери қызметшілер Үнді батальонының құрамында тапсырма орындағаннан бастап, біз «ҮндБат» емес, ««ҮндҚазБат» деп атала бастадық. Сіздерді құттықтаймын және қызметтеріңізге сәттілік тілеймін», - деп атап өтті. Қазақстандық бітімгершілік ротасы Үнді батальонымен бірлесіп белгілі бір міндеттер шеңберін орындайды. Олардың негізгісі, «көк сызық» деп аталып кеткен, 16 шақырымды құрайтын ливан-израиль шекарасын патрульдеу. Бітімгерлер күнделікті жағдайды нақтылап, блокпостарда қызмет атқарады, әскери базалардың күзетілуі мен күшеюі үшін жауап беріп, автономды патрульдерге шығады. Бітімгершілік контингентінің міндеттерінің бірі: басқа елдердің бітімгершілік контингентінің өкілдерімен, сондай-ақ жергілікті халықпен достық қарым-қатынасты орнату. Үшінші бітімгерлік рота Ливанда 2020 жылдың мамырына дейін болады. Аталмыш құрамға кіру үшін, әскери қызметшілер психологиялық тестілеу мен медициналық тексеруден өтіп, ағылшын тілінен тест тапсырады. Іріктеуден кейін халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленген оқыту бағдарламалары бойынша, теориялық және тәжірибелік дайындықтан өтеді. Бітімгерлерді 6 және 3 ай көлемінде «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» (КАЗЦЕНТ) оқу-жаттығу орталығының нұсқаушылары, минасыздандыру орталығының мамандары, бітімгершілік даярлық бойынша нұсқаушылар үйретеді. Қазақстан БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына Үнді батальоны құрамында қатысатындықтан, Қазақстан мен Үндістанның екіжақты ынтымақтастық бағдарламасына сәйкес бірлескен сапарлар көзделген. Қазақстандық әскери қызметшілер Нью-Делиге бітімгершілік даярлық курсы аясында барады. Соңғы кезеңде Қазақстанға Үндістаннан мобильді жаттығу тобы келеді. Мамандар екі апталық сабақ курсын өткізеді. Бұдан кейін үнді бағалау тобы қазақстандық әскери қызметшілердің дайындығын саралайды. Жөнелтілу алдында әлемдік денсаулық сақтау ұйымы хабарлағандай, бітімгерлер міндетті түрде вакцинациялаудан өтеді. Айта кеткен жөн, 2018 жылдың қазанынан бастап 2019 жылдың мамыр айына дейін Ливандағы БҰҰ миссиясына 120 әскери қызметшіден құралған алғашқы бітімгершілік рота қатысты. Ағымдағы жылдың мамыр айында оның орнына алты ай мерзімге екінші бітімгершілік рота жіберілді. 120 әскери қызметшіден құралған бөлімше осы жылдың мамыр айынан қараша айына дейін миссияда болды. Қазақстандық бітімгерлер «Үнді батальоны құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентін өрістету тәртібі туралы» Қазақстан мен Үндістан Үкіметі арасындағы өзара түсіністік туралы келісім негізінде үндістандық батальон (ҮНДБАТ) құрамындағы БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына қатысады. «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясының және үнді батальонының қолбасшылығы Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің машықтарын және кәсібиліктерін жоғары бағалайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін