Жарияланды: 440

Қоғамдық палатаның парламенттің екінші сессиясындағы алғашқы отырысы өтеді

Астана. 24 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен Қоғамдық палатаның парламенттің екінші сессиясындағы алғашқы отырысы ертең өтеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күн тәртібінде Салық кодексінің жобасы қарастырылатыны жоспарланып отыр. Бұл кодекс жобасы мемлекет басшысының 2008 жылғы ақпанның 6-сындағы "Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты" атты Қазақстан халқына жолдауына сәйкес әзірленген. Кодекстің жобасы бірқатар басты міндеттерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, экономиканы жаңғыртуға және әртараптандыруға ықпал ететін жағдай жасау, экономиканың көлеңкелі секторын қысқарту, экономиканың шикізат емес секторына түсетін жалпы салық жүктемесін азайту міндеті қарастырылып отыр. Жобаның тұжырымдамалық негізі жайлы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасайды. Білім және ғылым министрлігінің Экономика институтының директоры, Қоғамдық палатаның қаржы-экономикалық реформа және аймақтық даму секциясының жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбден еліміздің салық жүйесін реформалаудың проблемалары мен бағыттары жөнінде айтып береді. Мемлекеттік ұйымдар өкілдерімен бірге Қоғамдық палата мүшелері депутаттар әзірлеген "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" заң жобасын талқылайды. Заң жобасы жөнінде "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының жетекшісі Қайрат Сәдуақасов сөз сөйлейді. Осы заң жобасы Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесін, оны қалыптастыру мен жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды. Күн тәртібінде БҰҰ-ның Даму Бағдарламасын насихаттау туралы "Мыңжылдық мақсаттар" деп аталатын осы халықаралық ұйымның Қазақстандағы өкілдігі әзірлеген таныстырылым бар. Бұл жөнінде Қоғамдық палатаның мүшесі Жекен Қалиұлы жан-жақты әңгімелеп береді. Отырыста сонымен бірге Қоғамдық палатаның екінші парламенттік сессияға арналған жұмыс жоспары қаралады. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін