Жарияланды: 980

Қоршаған ортаға зиян келтірген кәсіпорындардан 1 миллиард теңгеден артық айыппұл өндірілді - Ахметжан Пірімқұлов

Қоршаған ортаға зиян келтірген кәсіпорындардан 1 миллиард теңгеден артық айыппұл өндірілді - Ахметжан Пірімқұлов

Бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау және экология мәселелері барша әлем елдерін алаңдатуда. Аталған мәселе Қазақстанда аса өзекті болып отыр. Дегенмен ел экологиясын жақсартуға бағытталған іс шаралар да айтуға тұрарлық және алдағы уақытта табиғатты қорғауға қатысты кезек күттірмейтін бірқатар түйткілдерді шешу үшін жұмыстар атқарылмақшы.

Caravan.kz медиа-порталының тілшісі ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің жуырда ғана тағайындалған төрағасы Ахметжан Әбдіжәмілұлы Пірімқұлов мырзамен бірқатар шетін мәселелер бойынша сұхбат құрды.

- Қоршаған ортаны қорғауға қатысты мемлекеттің қазіргі ұстанып отырған саясатына толығырақ тоқталып өтсеңіз.

- Мемлекеттік экологиялық саясат қағидаларының негізі ҚР Конституциясында қаланған және экологиялық заңнаманың негізі болып табылады.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан 26 халықаралық табиғат қорғау конвенциялары мен оларға хаттамалардың тарабы болды.

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен басқа елдердің арасындағы екіжақты ынтымақтастық форматындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссиялардың шеңберінде 30-дан астам келісімге қол қойылды.

«Жасыл» экономиканы ілгерілету мен ресурстық және энергиялық тиімді технологияларға көшу бойынша халықаралық бастамалар «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы мен «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуде өз көрінісін тапты.

Қазақстан Республикасы Президентімен 2011 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында ұсынылған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы 7 жыл ішінде 16 мемлекет пен 9 мемлекеттік, 16 үкіметтік емес ұйымды біріктірді.

«Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының басым бағыттары – су ресурстары, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, климаттың өзгеруі.

Инвестициялар мен «жасыл» технологияларды тарту бойынша 100-ден астам келісімдерге қол қойылды, үздік тәжірибені жинақтау жүргізілді, «жасыл» экономика бойынша пилоттық жобалар әзірленіп, ендірілді.

«Жасыл» экономикаға көшуде маңызды қадам 2013 жылы мемлекеттік деңгейде орталық азия елдерінің арасында алғашқы болып «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманы қабылдау болып табылады.

Тұжырымдамаға сәйкес «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі шаралар келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: орнықты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту, энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын дамыту, қалдықтарды басқару жүйесі, ауаның ластануын азайту және экожүйелерді сақтау мен тиімді басқару.

Қазақстан қоршаған ортаға әсер етуді төмендету және климаттың өзгеруіне бағытталған процестерге белсенді түрде қатысады.

Жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуға, ЖЭК нарығын жедел түрде іске қосуға және келесі түрлерді жүзеге асыруға мүмкіндік берген «жасыл» экономикаға көшудің заңнамалық базасы: электр қуатын өндіру үшін жел, күн, шағын гидроэнергетика (35 МВт-тан кем станциялар). Электр қуатының жалпы генерациясындағы ЖЭК үлесі 2016 жылы 0,98 пайызды құрады.

Халықаралық климаттық шарттардың тарабы болып табылатындықтан Қазақстан Париж келісімін ратификациялап, өзіне 2030 жылға дейінгі мерзімде 1990 жылмен салыстырғанда парниктік газдар шығарындыларын 15 пайызға қысқарту бойынша ерікті үлесін қабылдады.

Елімізде парниктік газдар шығарындыларының мониторингі, есептілігі мен верификациясы бойынша жұмыс реттелген, Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу және Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарындағы квоталардың белгіленген мөлшердегі резерві мен көлемін қалыптастыру қағидалары бекітілді.

2016 жылдан бастап Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) автокөлік пен оның компоненттеріне, 2017 жылдан бастап – электр құрал-жабдықтары мен қаптамаға енгізілді.

Ескі автокөліктерді кәдеге жарату үшін тұрғындардан 4,97 млрд. теңгеге 33184 автокөлік сатып алынды, сондай-ақ, 1318 жаңа отандық көлікті сатып алу барысында пайдаланылған жеңілдік сертификатына айырбастау ретінде 3681 көлік қабылданды.

Тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) бойынша жол карталарын жүзеге асыру және ӨКМ енгізу ТҚҚ өңдеу үлесін 2,6 пайыздан (2016 жылы) 8,1 пайызға дейін (2017 жылдың 9 айында) арттыруға мүмкіндік берді.

Тарихи ластануды жою бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі күнге республикалық меншікте тарихи қалдықтардың 15 объектісі бар. 2018 жылы «Қошқар-Ата» қалдыққоймасында қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған.

Орхус конвенциясының тарабы болып табылатындықтан, ҚР Энергетика министрлігімен жыл сайын Қоршаған ортаның жай-күйі туралы және Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарын пайдалану туралы ұлттық баяндама жарияланады.

Әкімдіктермен бірлесе отырып, өңірлердің ерекшелігін ескере келе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері әзірленуде, олар экологиялық мәселелерді шешу және тұрғындар денсаулығына кері әсерінің алдын алу бойынша басымдықтарды орнатуға мүмкіндік береді.

- Экология комитетінің жаңа басшысы ретінде қоршаған ортаны қорғау мен экология мәселелері бойынша қандай өзгерістерден бастамақшысыз?

- Комитет алдында белгіленген бірнеше сұрақтар мен шешуін күттірмейтін біраз мәселелер тұр. Комитеттің басшысы ретінде жақын арада реттеу және бақылау арқылы шығарындылар мен төгінділердің көрсеткіштерін азайтуға, экологиялық проблемаларды шешуге арналған жұмыстарға назар аударуға, сондай-ақ Экологиялық кодексті және заңға тәуелді актілерді жетілдіруге бағыттталған Энергетика министрлігінің стратегиялық және операциялық жоспарларының көрсеткіштеріне баса назар аудармақпын.

- Экология комитеті қазіргі таңда еліміздегі кезек күттірмейтін ең басты проблемалар деп қандай бағыттарды айқындап отыр?

- Мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметі мен бизнесті қорғау бойынша жол картасына ауқымды ревизия жүргізу аясында тексерулердің саны қысқаруда. Алайда, тексерістердің санын қысқартқанмен, кәсіпорындар өндірілетін эмиссияларының көлемін азайтпай отыр. Осыған орай, Комитет кәсіпорындардың шығарындылар көздеріне онлайн датчиктер орнатылған автоматтандырылған мониторингті енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде.

Автоматтандырылған бақылау жүйесі қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнама талаптарына сәйкес ластаушы заттарды үздіксіз өлшеуді қамтамасыз етуге және онлайн режимде шегінен асып кеткендігін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорындардың шығарындыларын тексерулер жүргізусіз-ақ бақылауға мүмкіндік беретін жаңалық болмақ.

- Қазақстанда кезінде Экология жөніндегі Мемлекеттік Кеңес болған еді, жеке министрлік те болды, жалпы қазір комитеттің құзыретін комитет деңгейінен көрі ұлғайту керек деп ойлайсыз ба?

- Экологиялық реттеу және бақылау комитеті ҚР энергетика министрлігінің ведомствосы болып табылады және реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады.

Комитет және оның аумақтық бөлімшелері Комитет Ережесіне сәйкес алдына қойылған міндеттер мен функцияларды ойдағыдай орындауда.

- “Экологиялық қауіпсіздік” пен “қоршаған ортаны қорғау ұғымдары бір болып келгенімен, екі ұғымның бір-бірінен айырмашылықтары бар деп айтылады, нақты қандай екеніне тоқталсаңыз?

- Экологиялық қауiпсiздiк - қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи әсер ету нәтижесiнде туындайтын қатерлерден жеке адамның, қоғамның және мемлекеттiң өмiрлiк маңызы бар мүдделерi мен құқықтарының қорғалуының жай-күйi.

Қоршаған ортаны қорғау - қоршаған ортаны сақтау мен қалпына келтiруге, шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған ортаға терiс әсерiн болғызбауға және оның зардаптарын жоюға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi.

Экологиялық қауіпсіздік «қоршаған ортаны қорғау» ұғымының ажырамас және құрамдас бөлігі болып табылады.

- Тәуелсіздік жылдарымен салыстырғанда елімізде экономикалық өсім бар, бірақ экономикалық өсім болған жерде экологиялық зардаптары да болады? Біздің елде сондай зардаптар қандай деңгейге жетті?

- Соңғы 25 жыл ішінде өндірістің әжептәуір өсуі байқалады, мысалы мұнай өндіру үш есеге (25 млн.тоннадан 78 млн. тоннаға дейін) өсті, электр энергиясын өндіру шамамен екі есеге (51,4-тен 94,1 млрд. кВт. сағ.) өсті. Бұл ретте, өнеркәсіптен атмосфераға шығарындылардың екі есе төмендеуі (4,6 млн. тоннадан 2,2 млн.тоннаға дейін) байқалады. Бұл табиғат қорғау қызметін қаржыландыру көлемінің артуымен байланысты. Осы мақсатта кәсіпорындар 600 млрд. теңгеден аса қаржы жұмсаған және озық технологиялардың енгізілуі арқасында мүмкін болып отыр. Жыл сайынғы қаржыландыру көлемі 2000 жылдардағы 5 млрд.теңгеден 2016 жылы 106 млрд.теңгеге дейін өсті.

- Биыл елімізде экологиялық заңнаманы бұзып, қоршаған ортаға залал келтірген кәсіпорындардан қанша айыппұл өндірілді?

- 2017 жылдың 10 айына жалпы сомасы 1 384,699 млн. теңге болатын 2626 әкімшілік айыппұл салынып, оның жалпы сомасы 464,689 млн. теңге (34%) болатын 2324 әкімшілік айыппұл төленді.

Есепті кезеңде мемлекет кірісіне өткен жылы салынған жалпы сомасы 523,828 млн. теңге болатын 223 әкімшілік айыппұл мәжбүрлеп төленді.

Жалпы 2017 жылдың 10 айы бойынша мемлекет кірісіне жалпы сомасы 988,517 млн. теңге болатын 2547 әкімшілік айыппұл төленді.

- Сенаторлар мемлекеттік экологиялық сараптаманың ашықтығын арттыруды ұсынғаны есімізде. Сенаторлар талабы қаншалықты орындалуда?

- Қазіргі уақытта қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттарына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама электрондық үкімет порталы (ММБ «Е-лицензиялау») арқылы электронды түрде жүзеге асырылуда.

Бұл жаңалық мемлекеттік экологиялық сараптама өткізілуінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған жағдайда мемлекеттік экологиялық сараптаманың ашықтығы табиғат пайдаланушылардың сараптама жүргізу процесіне мониторинг жүргізуге және оның нәтижелері туралы ақпаратты уақтылы алуына еркін қолжетімділікті білдіреді.

Сондай-ақ 2015 жылы мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мерзімдері І санат объектілері үшін екі айға дейін, ІІ санат объектілері үшін бір айға дейін, III және IV санат объектілері үшін он жұмыс күніне дейін қысқартылды.

- Жалпы, Каспий маңы мемлекеттері теңіздің мұнаймен ластануына қарсы бірлесе күресу туралы уағдаласқан еді. Ол қазір қаншалықты жүзеге асып жатыр. Каспийдің көрші елдердегі бөлігінде ластану деңгейі қандай?

- Тегеран конвенциясына сәйкес Жұмыс тобы құрылғаны белгілі. Оның шеңберінде каспий маңы елдерінің сарапшылары теңіз суы сапасының мониторингі, өлшеу нәтижелерінің сапасын бақылау, қоршаған орта объектілерінің сапасын бағалауға арналған критерийлер мен стандарттарын әзірлеу мәселелерін талқылайды.

Қазіргі таңда теңіз суы сапасының мониторингі бойынша үйлестірілген өңірлік тәсіл болмағандықтан, каспий маңы елдері ақпаратпен алмаспайды. Осыған орай, көрші елдердегі бөлігінде ластану деңгейі туралы деректер жоқ.

Сонымен қатар, Каспийдің қазақстандық бөлігінде экологиялық мониторинг бойынша келесіні мәлімдейміз. «Қазгидромет» РМК «Қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды жүргізу» 100-ші бюджеттік ішкі бағдарлама аясында Каспий теңізінің қазақстандық секторында атмосфералық ауаның жай-күйіне, теңіз суының, топырақтың және түптік шөгінділердің сапасына, радиациялық фонға экологиялық мониторинг жүргізеді.

1. Атмосфералық ауа мониторингі мына жерлерде жүргізіледі: 

- «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында 1 бекетте. 8 ластаушы зат анықталады: 1) қалқыма заттар, 2) күкірт диоксиды, 3) ерігіш сульфаттар, 4) көміртек оксиды, 5) азот диоксиды, 6) аммиак, 7) күкірт қышқылы, 8) көміртегі қосындылары.

Бұдан басқа, тоқсан сайын 7 кен орнында экспедициялық зерттеулердің көмегімен мониторинг жүргізіледі:

- Атырау облысында 5 кен орнында 6 компонент анықталады: 1) қалқыма заттар, 2) күкірт диоксиды, 3) көміртегі оксиды, 4) азот оксиды, 5) аммиак, 6) күкіртті сутек. 

- Маңғыстау облысында 2 кен орнында 8 компонент анықталады: 1) қалқыма заттар, 2) күкірт диоксиды, 3) азот оксиды, 4) көміртек оксиды, 5) азот диоксиды, 6) аммиак, 6) күкіртті сутек, 7) көміртегі қосындылары. 

2. Теңіз суы жай-күйінің мониторингі 

Каспий теңізі суы сапасының жай-күйін бақылау 64 нүктеде жүргізіледі, оның 34 нүктесі ғасырлық кескіндер, 23 нүкте – жағалаулық, 7 нүкте кен орындарында орналасқан.

Теңіз суының сапасы 45 көрсеткіш арқылы анықталады.

Бұдан басқа Орталық Каспий жағалаулық нүктелерінде сынамалар алу және талдау жүргізіледі:

- Маңғыстау облысында сынамаларды алу 18 нүктеде жүргізіледі, оның ішінде: 7 жағалаулық, 4 бақылау нүктесі, «Ақтау теңіз порты», 2 кен орны бар.

Теңіз суының сапасы 28 көрсеткіш бойынша анықталады.

3. Топырақ жай-күйінің мониторингі мына жерлерде жүргізіледі: 

- Атырау облысы аумағында 5 кен орнында, жылына 2 рет (көктемде және күзде). 6 көрсеткіш анықталады: 1) мұнай өнімдерінің мөлшері, 2) мыс, 3) кадмий, 4) қорғасын, 5) мырыш, 6) хром (6+);

 - Маңғыстау облысы аумағында 4 кен орнында және «Ақтау теңіз порты» АЭА порт айдынында 10 нүктеде, жылына 2 рет (көктемде және күзде). 7 көрсеткіш анықталады: 1) мұнай өнімдерінің мөлшері, 2) мыс, 3) никель, 4) қорғасын, 5) мырыш, 6) хром (6+), 7) марганец. 

4. Түптік шөгінділер мониторингі жылына 2 рет жүргізіледі (көктемде және күзде):

- Атырау облысында түптік шөгінділер сынамасын алу 46 нүктеде жүргізіледі, 8 көрсеткіш анықталады: 1) мұнай өнімдерінің мөлшері, 2) мыс, 3) хром (6+), 4) кадмий, 5) никель, 6) марганец, 7) қорғасын, 8) мырыш.

- Маңғыстау облысында сынама алу 24 нүктеде жүргізіледі, 7 көрсеткіш анықталады: 1) мұнай өнімдерінің мөлшері, 2) мыс, 3) хром (6+), 4) никель, 5) марганец, 6) қорғасын, 7) мырыш.

5. Радиациялық фон мониторингі

- Маңғыстау облысының Қошқар-Ата қалдық қоймасы аумағында ай сайын экспозициялық мөлшер қуаттылығының (ЭМҚ) гамма-сәулеленуіне  өлшеулер жүргізіледі.

Манғыстау облысы аумағындағы Орталық Каспий теңіз суының сапасына бақылау жүргізу жағалаулық станцияларда, ғасырлық кескіндерде, кен орындарда жүргізілді.

2017 жылдың 3 тоқсанында Орталық Каспийде су сапасы «нормативті таза» деңгейімен сипатталады. 2016 жылғы 3 тоқсанмен салыстырғанда су сапасы айтарлықтай өзгермеген.

Орталық Каспийдің су сапасы ОБТ5 бойынша «ластанудың орташа деңгейі» деп сипатталады. 2016 жылдың 3 тоқсанымен салыстырғанда ОБТ5 бойынша теңіз суы сапасы нашарлаған.

Атырау облысы аумағындағы Солтүстік Каспий теңіз суы сапасына бақылау жүргізу жағалаулық станциялар мен ғасырлық кескіндерде жүргізілді.

2017 жылғы 3 тоқсанда Солтүстік Каспий су сапасы СЛКИ бойынша «нормативті таза» деп сипатталды. 2016 жылғы 3 тоқсанмен салыстырғанда теңіз суы сапасы өзгермеген.

Солтүстік Каспий су сапасы ОБТ5 бойынша «нормативті таза» деп сипатталды. 2016 жылғы 3 тоқсанмен салыстырғанда ОБТ5 бойынша теңіз суы сапасы жақсарған.

- Онымен күрес бойынша жаңа технологияларға қатысты тың жаңалықтар бар ма? Көрші елдермен ақпарат алмасу деңгейі қандай?

- Көптеген қазақстандық кен орындарының мұнай-газ шикізаты күкірт қосындыларынан және экологиялық жағдайға елеулі қатер төндіретін бірқатар басқа заттардан құралған. Каспий шельфінде теңіз мұнай операцияларын жүргізу және көмірсутек шикізатын тасымалдау кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне басты назар аударылуы керек. Барлық жағалаудағы мемлекеттер Каспий шельфіне дейін жетіп, кезең-кезеңімен игеруге кірісті.

ҚР экологиялық заңнамасына сәйкес, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларына қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты ұтымды пайдалануға және қоршаған ортаны басқарудың халықаралық стандарттарын енгiзуге бағытталған әдiстер мен технологияларды жетiлдiретiн іс-шаралар жатады.

Мысалы, НКОК Н.В. «Тазартқыш қондырғының құрылысы және «Болашақ» МГКДҚ зауыттан шығатын ағынды суларды тазарту тиімділігін арттыру» жобасының шеңберінде өндірістік ағынды суларды тазарту бойынша тиісті технологиялар жобалануда, олар өз кезегінде мынадай бірнеше мәселелерді шешеді:

1.     Зиянды заттардың жоғары мөлшерін рұқсат етілген мәнге дейін жалғай қабатты және ағынды суларды тиімді тазалау;

2. Тазартылған сумен жабдықтау технологиялық желілерін техникалық су ретінде қайта пайдалану, суды қайта өңдеу жүйесін енгізу;

3. Таза су сұйық қалдықтардың булануы тоғандарында қалыптасқан суды ағызу;

4. «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырының тұщы суын тұтынуды 70-%-ға азайту.

Каспий теңізі экожүйесінің жағдайын талдай келе, жағалаудағы мемлекеттер мен мүдделі компаниялар үкіметтері қазірдің өзінде дамыған экологиялық бағдарламаларды іске асыру тұрғысынан мемлекетаралық және корпоративтік ынтымақтастықты ұйымдастыруға көп көңіл бөлуі керек деген тұжырым жасауға болады, сондай-ақ, Каспийде мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау және пайдалану кезiнде «нөлдiк шығарынды» принципін жүзеге асыруына бағытталған экономикалық қызмет жүргiзу кезiнде экологиялық қауiпсiздiк нормаларын күшейту қажет. Жалпыға бірдей танылған халықаралық-құқықтық базаның болуы Қазақстан, Ресей, Иран, Түрікменстан және Әзербайжанға өздерінің күш-жігерлерін біріктіруге және Каспий аймағындағы экологиялық ахуалды тұрақтандыруға және жақсартуға бағытталған тиімді ұжымдық шараларды қолдануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Каспий маңы мемлекеттерінің мұнай операциялары бойынша бірлескен экологиялық бақылауы және Каспийдегі жалпы жағдай тек жоғары технологиялық жабдықтарды пайдаланумен ғана мүмкін, бұл майлы сұйықтықтардың теңіз ортасына кіруін айтарлықтай азайтатынын атап өту қажет.

- Әлем елдерінде дамыған сайын «жасыл экономика», «жасыл экологияға» көшу, яғни таза экологияға көшу туралы бастамалары қолға алынуда. Біздің елдің оларға ілесуі қандай деңгейде, қандай үлес қосып жатырмыз?

- Біздің еліміздің жасыл экономиканы дамыту мақсатында және ресурс-энергиялық үнемдейтін технологияларға көшу бойынша халықаралық бастамалары «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасында, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуде және «Болашақ энергиясы» жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту бойынша халықаралық орталығын құруда көрсетілген. Энергиялық тиімді технологиялар мен білім беруге байланысты халықаралық ынтымақтастық дәйекті саясаты Қазақстанның қоршаған ортасын жақсартуға және тиімді табиғи ресурстарды пайдалануға мүмкіндік береді.

Тұрақты негізде ҚР ЭM және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуымен Қазақстанда және шетелде ірі іс-шаралар шеңберінде «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын ілгерілету үшін жұмыс жүргізіледі.

Осыған орай, осы жылдың шілде айында өткен ЖКСБ туралы халықаралық конференциясы шеңберінде аустриялық технологиялар институтымен және «Каукоинтернейшнл» фин компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

2017 жылдың қорытындысы бойынша «Жасыл көпір» серіктестік бағдарлама бойынша Хартияның мүшелері болып 16 ел (Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Грузия, Германия, Моңғолия, Беларусь, Черногория, Латвия Республикасы, Албания, Финляндия, Венгрия, Болгария, Швеция, Испания, Польша) және 16 үкіметтік емес ұйым табылады.

Осылайша, ағымдағы жылғы 6 қыркүйекте Бангкокте Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің Азия-Тынық мұхиты саммитінің аясында «Жасыл көпір» серіктестігі бағдарламасын іске асыру жетістіктері мен перспективалары талқыланған ««Жасыл көпір» Астана бастамасы - Тұрақты даму үшін өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа перспективалары» тақырыбындағы Қазақстан Республикасының сайд-ивенті өтті.

Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылуында Мемлекет басшысы көрме аймағындағы «Болашақ энергиясы» «жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту бойынша Халықаралық орталығының ашылатынын мәлімдеді. Алғаш рет аталған бастаманы 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаев жариялаған болатын.

Орталық ЭКСПО көрмесінің мұрасы ретінде құрылады және оны құру идеясы инновациялық көзқарас және «жасыл» экономикаға көшу бойынша ең үздік әлемдік тәжірибелерге Қазақстан мен Орталық Азиядағы әлеуетін құру үшін ұзақ мерзімді стратегиясына негізделген.

Орталық жаңартылатын энергия көздері, таза технологиялар және тұрақты даму сияқты «жасыл экономиканың» салаларын дамытуға, сонымен қатар «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, қажетті тұрақты базаны қалыптастыруға қолдау арқылы «жасыл экономикаға» көшудің практикалық іске асырылуына ықпал ететін болады.

Орталықтың негізгі міндеттері:

- Энергетикалық секторды трансформациялау;

- Тұрақты қала құрылысы;

- «Жасыл» бизнеске көшу;

- «Жасыл» технологияларды және озық тәжірибені беру және бейімдеу;

- «Жасыл» қаржыландыруды дамыту;

- Жаңартылатын энергия көздерін дамыту;

- Жасыл өсім әлеуетін өсіру.

Орталық елдердің жасыл технологияларды трансферттеу бойынша өзара әрекет етуін, кеңес беру қызметтерін, сараптама өткізуді қоса алғанда, технологияларға оқыту мен оларды көрсетуді, жасыл қаржыландыру мәселелері бойынша кеңес беруді қамтамасыз етеді. Бұл «жасыл экономика» бойынша жобаларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Орталықты құрудың нәтижесі Қазақстан Республикасын халықаралық және өңірлік қатынастар жүйесіне интеграциялау болып табылады. Өйткені Орталықтың қызметі аталған шараларды, бірінші кезекте Орталық Азия (Қазақстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан), Иран, Ауғанстан, Моңғолия және Әзербайжан елдерінде іске асыруға бағытталатын болады. Бұдан басқа, Орталық ЭДЫҰ-ның индустриалды дамыған елдерімен, Еуропалық одақпен, АҚШ, Ресей Федерациясымен, Қытаймен, Үндістанмен ынтымақтастық құратын болады.

Қазіргі уақытта Халықаралық орталық институттарының құрылу процесі бойынша тұжырымдама Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңеспен мақұлданды. Халықаралық орталықты Үздік тәжірибелер аймағында орналастыру күтілуде.

БҰҰДБ, ЮНЕП, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы, АТМЭӘК, ЮНИДО, ЕҚЫҰ және Астана Халықаралық қаржы орталығы секілді халықаралық ұйымдар Жасыл технологиялар халықаралық орталығымен ынтымақтастықты қолдайтынын және колдау көрсетуге дайын екендіктерін білдіргенін атап өткен жөн.

2017 жылғы 11 маусымда Астана қаласында тұрақты энергетика жөніндегі Халықаралық Конференцияның Министрлер декларациясына енгізілген БҰҰ аталған агенттіктерімен Жасыл технологиялар халықаралық орталығын құру туралы бірлескен мәлімдеме қабылданған.

Қазіргі уақытта «жасыл экономика» еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету құралдарының бірі болып табылады.

Қазақстанда Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы бекітілді. Қазақстан әлемдегі елдердің арасында бірінші болып мемлекеттік деңгейде «жасыл экономикаға» көшу стратегиялық құжатын қабылдады және оны 4 жылдың ішінде сәтті іске асыруда.

Қазіргі уақытта мемлекеттік саясат саласын түрлендіруге жоғары екпін қойылды. Қазақстан – 2050 Стратегиясы және басқа стратегиялық бағдарламалық құжаттар мынадай мақсаттардан тұрады:

- электр энергетикасында: баламалы және жаңартылатын электр энергиясының үлесі 2030 жылға қарай 10 пайызға жетуге тиіс;

- энергия тиімділігінде: ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2020 жылға қарай 25 пайызға азайту бойынша міндет;

- су ресурстары бойынша 2020 жылға қарай халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және 2040 жылға қарай ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешу бойынша міндет тұр;

- ауыл шаруашылығында 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін 1,5 есе көтеру міндеті тұр.

- қалдықтарды кәдеге жарату бойынша 2030 жылға қарай қайта өңделген қалдықтар үлесін 40% жеткізу міндеті тұр.

Егер Қазақстанның күрт континентальды климатта орналасқандығын, жылыту мерзімінің ұзақтығы мен халық тығыздығының төмендігін, елдің энергетикалық балансында көмір генерациясының басым екенін ескерсек, бұл айтарлықтай өр мақсаттар.

Аталған мақсаттарға қол жеткізу Қазақстан экономикасын дамытудың қазіргі траекториясын айтарлықтай өзгертуді талап етеді - өнеркәсіп секторын терең жаңғырту және экономиканың барлық секторына бейімделу, соның ішінде энергетика, тау-кен-металлургиялық кешені, ауыл және орман шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, құрылыс және басқа секторлар.

Нәтижесінде 2030 жылға қарай еліміз су және жер ресурстарын қалпына келтіруі керек және табиғи капиталды тиімді пайдалану орташа көрсеткіштер бойынша ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдер-қатысушыларымен және басқа дамыған елдермен теңеседі.

Есептеу бойынша 2050 жылға қарай «жасыл экономика» шеңберіндегі жаңартулар ЖІӨ-ні 3 пайызға қосымша ұлғайтып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетулердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін сапалы өмір сүру стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта елімізде «жасыл экономикаға» жоспарлы көшу бойынша саясат қалыптастырылған.

Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру бойынша 2013 – 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды және іске асырылуда. Іс-шаралар жоспарының шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі Кеңес құрылды.

«Жасыл экономика» саласында ынтымақтастық бойынша Қазақстан Республикасы мен ЭЫДҰ арасында жұмыстар атқарылуда.

Қазір Қазақстанда жасыл экономика тұжырымдамасын іске асыру үшін заңнамалық негіз құрылған. Көптеген заңдар мен заңға тәуелді актілер «жасыл» ережелерден тұрады.

Заңдармен ұлттық экологиялық заңнаманы Ақпаратқа қол жеткізу туралы Орхус конвенциясына сәйкестендіру, шешім қабылдауға қатысу және қоршаған орта мәселелері бойынша сот әділдігіне қол жеткізу, табиғат пайдалану және қоршаған орта мәселелері бойынша шешім қабылдау процесінде ашықтықты қамтамасыз ету.

Ұлттық парниктік газ шығарындыларына квота бөлу жоспарын қалыптастыру мәселесі бойынша енгізілген өзерістер Қазақстанның төмен көміртекті экономикаға көшу, квоталаудың тиімді жүйесін ендіру және парниктік газ шығарындыларына ішкі сауда квотасы бойынша алға қойылған мақсаттарды сәтті іске асыруға мүмкіндік береді.

Заңдар «жасыл экономиканы» дамыту үшін қолайлы құқықтық жағдайлар жасауды қамтиды, яғни бұл жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, экологияға қатысты проблемаларды шешуге, су ресурстарын тұрақты пайдалануға, қалдықтарды басқару жүйесін және ауаның ластануын төмендетуге бағытталған заңнамалық базаны жетілдіру болып табылады.

- Кейбір шетелдік зерттеушілердің айтуынша, жаһандық жылынуға ағаштар кінәлі көрінеді. Ағаш егу табиғи ортаны жақсартады, алайда оның зияны да бар екен, деген қызықты мәлімет бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

- Антропогендік әрекеттің белсенділігінен туындаған атмосферадағы СО2 құрамының артуы климаттың жаһандық жылынуына тікелей әсер ету мәселелері пікірталас тудырады. Дегенмен, қазіргі уақытта адамзат атмосфераға табиғат миллион жыл бойы жинақтайтын көміртекті шығарады. Бұл ғаламдық көміртек цикліне айтарлықтай әсер етеді, осыдан атмосфераға парниктік әсер туындайды. Жер бетіндегі ғаламдық көміртек цикліне белсенді қатысатын көміртектің айтарлықтай резервуарын топырақтың гумусы мен өсімдіктер құрайды, бірінші кезекте орман топырақтары. Фотосинтездің нәтижесінде жердегі барлық ормандардың өнімділігі 33-34 миллиард тонна көміртегімен бағаланады.

Қазақстан Республикасында орман алқаптарының үлесі әлемдегі ең төменгі орындардың бірінде және тек 4,6% құрайды. Қазақстандағы ормандардың өнімділігі жылына орташа есеппен 16-19 т / га көміртегін құрайды, бұған құрғақ және күрт континентальды климат әсер етеді. ҚР-дағы ормандар 48%-ға төмен өнімділігімен сексеуілді ормандардан құралған. Заманауи ормандарда жиналған көміртегінің қоры 200 млн.тоннаны құрайды. Қазақстанның ормандары негізінен сауықтыру және экологиялық функцияларды орындайды (микроклиматты жақсарту, жел мен топырақ эрозиясымен күрес және т.б.).

Соңғы онжылдықта ормандарды қалпына келтіру бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың аяқталуына орай, қылқан жапырақты және сексеуілді ормандарын кесуді шектеу бойынша бірқатар заңдардың қабылдануына байланысты ормандарды жинау, көлемін реттеу, сондай-ақ орман өрттерімен күресу бойынша шараларды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасында ормандардың сіңіргіш қабілеті айтарлықтай өсті. Ормандардың СО2-ні таза сіңіруі 2013-2015 жылдары жылына 10-11 млн. тоннаға жетті. Елде ормандарды молықтыру қызметін жандандырудың жарқын үлгісі - Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Алматыда жасыл белдеуді құру болып табылады. 1997 жылдан бері «Жасыл ел» бағдарламасының аясында жасалған алғашқы ағаш отырғызу 10-15 жасқа толып, «нақты ормандарға» айналды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, қаланың айналасындағы жалпы орман алаңы 2016 жылға 50 мыңнан астам гектарды құрады. 2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, Астана қаласы жасыл белдеуінің ауданын Солтүстік Қазақстан аумағында табиғи ормандармен біріктіріп, 100 мың гектарға дейін арттыру жоспарлануда.

- Әңгімеңізге рахмет.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін