Жарияланды: 450

Қос палаталы кәсіби Парламент 2 мыңнан астам заң қабылдады

Еліміздің қос палаталы кәсіби Парламенті өзі қызмет еткен осы уақыттар аралығында 2 мыңнан астам заң қабылдады.

Бүгін Астанада өткен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанда парламентаризмнің қалыптасуындағы рөлі» атты конференция барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті. Спикердің айтуынша, орташа есеппен алғанда бір шақырылымда шамамен 500-ге тарта заң жобалары қаралған. «Әрине, қазақстандық парламентаризм үлгісін одан әрі дамытудың маңызды қыры оның көппартиялыққа қарай жаңғыруы болып табылады. Ал мұндай бағыттағы бірінші қадам 1998 жылы пропорциялы сайлау жүйесін енгізу арқылы жасалған болатын. Бұның өзі қоғамдағы саяси партиялардың рөлін арттырды», - деді өткен тәжірибелерді саралай келе спикер Н. Нығматулин. Мәжіліс төрағасының айтуынша, 2007 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен жаңғырған Конституциялық өзгерістер де Парламенттің дамуы жүрісін үдетті. «Осы жылдардағы Конституциялық реформа Президенттік республикадан Президенттік-парламенттік басқаруға негізделгенін Елбасы да айтқан болатын. Ал сол жолғы реформаның басты маңызы Мәжіліс депутаттарын сайлау жүйесіне енгізілген өзгерістерге қатысты болып табылады. Бұның өзі демократияландыруға қатысты маңызды қадам болатын. Өйткені, пропорциялы жүйе бойынша депутаттарды сайлау саяси партиялардың рөлін арттырып, олардың қоғамдағы белсенділігін көтере түседі», - деді Н. Нығматулин.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін