Жарияланды: 710

Қостанай облысында кұс тұмауының белең алу қаупіне байланысты жыл құстарын атуға тыйым салынды

Қостанай облысында кұс тұмауының белең алу қаупіне байланысты жыл құстарын атуға тыйым салынды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне хайуанаттар мен өсімдік дүниесін мемлекеттік қадағалау жөніндегі облыстық аумақтық басқармасынан хабарлады.

Тыйым Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде құс тұмауының белең алуына байланысты енгізіліп отыр. Оған себеп, Үндістан, Таиланд, Индонезия және Қытайдан қайтатын жыл құстары жаз маусымында Қостанай облысында тұрақтайды. Басқармадағылардың пайымдауынша, қанаттылар зерттеле қоймаған жұқпалы дертті таратуы ықтимал. Облыстық бас санитарлық дәрігер Василий Пасичниктің пікірінше, құс атуға мораторий жариялауды жан-жақты негіздемелі алдын-ала сақтану шарасы деп ұғу дұрыс. "Аса қатерлі аурудың қоздырғышы, оның таралу жолдары туралы ақпараттың қазіргідей тым жұтаңдығы мен оған қарсы қолданатын дәрінің жоқтығы ахуалында алдын-ала сақтық шарасын қолдану артық болмайды",- деді ол. Сондай-ақ, санитарлық дәрігерлер халықты малдар мен құстың өліміне қатысты оқиғаларға баса назар аударуға шақырады. "Қандайбір себеппен өлген құстардың етін мүмкіндігінше мамандар тексеруінен өткізген жөн",- деді дәрігер. Басқарма мамандары құс тұмауын жұқтырып алу қаупі әуесқой аңшыларды тіптен селт еткізбеуі мүмкін деп қауіптенеді. Браконьерлік оқиғаларының алдын алу үшін облыста басқарма инспекторлары, аңшылар қоғамы қызметкерлері мен қорық қызметі мамандарынан ұтқыр топтар құрылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін